Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  211


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕРЛЕР БАРДА...

Қатер бар ма төбесіне төнбеген,
Дүниеде кімнен зәбір көрмеген.
Ата қазақ жерлесе де өлгенін,
Асқақ рухын қара жерге көмбеген.
Аспанында жарық жұлдыз тұнғанда,
Айбынданып, асқақтайды тұлғаң да.
Қазақ аттан түскен емес,
Тұс-тұстан
Жаудың бәрі көз алартып тұрғанда.
Дүниенің жалғандығын білгелі,
Қайран қазақ жұртқа айналған іргелі.
Қыр астында жасырынып жүрген көп,
Ел ішіне іріткі сап кіргелі.
Ендеше, елім, сақтанбасаң бола ма,
Жаудың иті сарымасын молаңа.
Түн ішінде ашық-шашық жатса егер,
Қасқыр түспей тұрмас, сірә, қораңа.
 Қапылыста жау жағадан алғанда,
Талай боздақ өлген шығар арманда.
Жолбарыстың жүрегінен жаралған
Қазақ қорқып күн кешті ме жалғанда.
Құрсағында тулап жатқан ананың,
Болашағын кім болжаған баланың.
Сардары боп тумасына кім кепіл,
Ерлік ізі сайрап жатқан даланың.
Егескенін елден қуып, көшірген,
Өштескенін жер бетінен өшірген,
Ат жалында туып-өскен қазақты
Көкжал заман көкжал етіп өсірген.
Қара боран құбыладан соғатын,
Мүмкін әлі зауал туар тоңатын.
Елім жапа шегеді деп ойламан,
Ерлер барда атқа ақырып қонатын.
* * *
Туы қайтсін құламай,
Бағы қайтқан адамның.
Өлген еді ұлы Абай
Уын ішіп заманның.
Сөйлесем ерлік хақында,
Таймаған әділ жолынан,
Махамбет өлген қапыда
Қараулықтың қолынан.
Талай жұлдыз сөнген-ді,
Айы тумай оңынан.
 Ұлы Шоқан өлген-ді,
Зұлымдықтың оғынан.
Көкірегі дерт толған
Арыс туған ананың.
Мағжан ақын мерт болған
Құрбаны болып жаланың.
Кімге де қатер төндірген
Жауыздың көлі қоғалы.
Сәкенді атып өлтірген
Қарақшы қарау қоғамы.
Рухыңды жерге көмдірген
Жат жұрттың құрған тұзағы.
Мұхтарды жарып өлтірген
Хирургтің қаскөй пышағы.
Жаралған ел ме азапқа,
Толқыны тулап тұнбаған.
Бір ұлы бітсе қазаққа
Көз жұмбай, сірә, тұрмаған.
* * *
Тереңдерден тамырым нәр алғасын,
Жарқылдатып өтпей ме ақ алмасын.
Адам тартпай тұра ма табиғатқа,
Табиғаттың өзінен жаралғасын.
Қауіп-қатер басыма төнген күнде,
Өлсем - өлем жасымай өр көңілде.
Қабырғам боп көзіме елестейді,
Сынып жатқан бұтақты көргенімде.
 Үмітімнің өшірмей шамын жаққан,
Күндер қайда күркіреп жалын атқан.
Жүрегім боп көзіме елестейді,
Жапырақты көргенде жанып жатқан.
Ұлы дала төсінде дамылдаған,
Табиғатты жан бар ма сағынбаған.
Күнім шығар зуылдап өтіп жатқан,
Асау бұлақ арындап ағындаған.
Өрт жүрегім болашақ күнге сенер,
Зауал туса, сарсылып құр сенделер.
Жарық жұлдыз көгімнен ағып түскен
Нұры шығар көзімнің білсең егер.
Болашаққа жетелеп биік арман,
Тіршіліктің көңілде күйі қалған.
Беті мұз боп қатқан көл
Көзім шығар
Көзілдірік көк мұздан киіп алған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу