Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  123


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӘКІМ МЫРЗА

Қасиетін ел білген, датқа білген,
Сарбаз жоқ та айбынып сапқа кірген.
Бірі екенсің, шырағым, әкімдердің
Қандастарын қорлауға атқа мінген.
 Азаттық кеп бұл елге орнағалы,
Әділдіктің бұл қалай болмағаны.
Әкім болып қалаға келдің бе, айтшы,
Айлы аспанын бұлт болып торлағалы.
Жылап ағып арманы өзенінде,
Сырқат қанша көз жұмған төсегінде.
Сардаладан жер таппай үй салатын
Қаңғып жүрген қазақ көп өз елінде.
Жұлдыздары көгінде жамыраған,
Қарттар қанша қабағы салбыраған.
Бұйрық беріп үйлерін бұздырғанда,
Жүзің сенің нұрланып албыраған.
Мүмкін сонда айызың қанған шығар,
Аналарды көргенде аңыраған.
Көңілінде бір бұлақ тұнбағасын,
Біліп жатыр өмірде кім бағасын.
Аналарды боздатып, жылаттың ба,
Өзің, сірә, анадан тумағасын.
Жон арқаңа сілтенген қамшы батып,
Ертең сені жүрмей ме қарғыс атып.
Үйін қорғап, жалынған келіншекті
Жендеттерің сабаған зар жылатып.
Мына сұрқай заманда тұнжыраған,
Қиянатқа жалғанда кім шыдаған.
Әкім мырза!
Төбеттің жаманы да,
Талатпайды қаншығын қыңсылаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу