Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  251


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҮШ ЖҮЗГЕ ОРТАҚ БАЛАМЫН

(Мұқағалидың ізімен)
Қасиеті сіңген даланың,
Ақ сүтін емгем ананың.
Сөзін тыңда, ағайын,
Үш Жүзге ортақ баланың.
Ақ Арыспын,
Жыр алыбы Жамбылмын,
Өлең боп жауған жаңбырмын.
Болашаққа жұртын бастаған
Қонаев салған даңғылмын.
Қабыл болған тілегі,
Мен де бір елдің түлегі.
Кеудемде менің соғып тұр,
Бауыржанның батыр жүрегі.
Ұлы Жүздің
Жолбарыс терісін жамылған
Жолбарыс жүрек ұлымын, –
Жат сауытқа құймаған
Жұпар иіс ұрығын.
Шөлдегенде қанып ішкем мен талай,
Тірі сөзің киесі –
Төле бидің тұнығын.
Ақиқат жолын ұстанған
Алланың адал құлымын,–
Шашасына шаң жұқтырмай өсірген
Құлагердің құлынын.
 Бетіне басқан шыжғырып,
Заманның бұзық қылығын,
Екі інім жетіп келгенде
Алатау боп қарсы алам
Биіктен сомдап тұғырын.
Жібектей жұмсақ самалы
Сарыарқада туған бұл елдің
Киімі құндыз жағалы,
Аттары темір тағалы;
Сағым жортқан сары белде
Бақ қуып өскен
Жігіттері саналы.
Қандай зауал төнсе де,
Ата ерліктің бұзылмайтын қамалы.
Қолыма тисе жоқ арман,
Ұлы Абайдың қаламы.
Сұлу Сәкен түлеткен
Қанаты қатты сұңқармын.
Аламан ұлы бәйгеде
Қара салмай алдына
Кермені үзген тұлпармын.
Алда-жалда ездер кезіксе,
Тау-тасқа салып шыңдармын.
Шыңғыстауда өскен шынармын,
Ұлытауды жайлаған ұлармын.
Қылмыстың қара қаншығын
Қыңсылатып көрге тығармын.
Ақ жаңбыр тоздыра алмаған,
Сауыт киген төзімін,–
Төрт құбыланы түгел барлаған
Тұнық ойлы Орта Жүздің өзімін.
Жанарын мұнар шалмаған
 Қырағы өткір көзімін.
Тұнып аққан дария –
Қаз дауысты Қазыбектің
Дуалы аузынан шыққан сөзімін.
Дауда –
Сөз бастаған шешенмін,
Жауда –
Қол бастаған көсеммін.
Атомның тозаңынан уланған
Сарыарқаны жуындырып
Құйып өткен қара нөсермін.
Шегінетін мен емес,
Сары орыстың зымыраны құласа,
Жүрегімді төсермін.
Кіші Жүзде қатын бар ма,
Көзсіз батыр тумаған.
Арқар кеуде жігіт бар ма,
Ата жолын қумаған.
Ер-тұрманын жарқыратып,
Алтынмен аптап булаған, –
Білсең егер, ағайын,
Жауынгер елдің бойымда
Асау қаны тулаған.
Түгел сөздің сүлейі –
Әйтеке би болатын.
Ол сөйлесе тебіреніп тереңім,
Көкірегім нұрға толатын.
Жау төнгенде батасын алып жүрегім,
Ақырып атқа қонатын.
 Сөзімнің айтсам түйінін,
Аласарсын қалай биігім.
Күй атасы Құрманғазы бабаның
Аруақты Адай күйімін.
Лақтырған тағдыр қысымын,
Шындықтың шырқау құзымын.
Ел қорыған Махамбеттің
Көл қорыған қызғыш құсымын.
Жауын іздеп қадалған
Егеулі найзаның ұшымын.
Ей, ағайын!
Қазақтың байтақ даласы,
Бір тұтас дене, қарашы.
Бөліне көрме, ендеше,
Үш Арыстың баласы.
Бөлінген елдің қашанда,
Сөгілген алтын жағасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу