Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  188


Автор: Рафаэль Ниязбек

АУЫЛ ТАҒДЫРЫН ОЙЛАҒАНДА

Туған жерден табанын аудармаған,
Ауылдардың көзінен қан саулаған.
Көк аттының бәріне көзін сатып,
Жетім бала секілді жаутаңдаған.
Көшесінде шаң борап суырғалы,
Өз көз жасы ауылдың жуынғаны.
Қандай зауал қазаққа төнген мынау –
Шыбын жанын қазанда қуырғалы.
Жүрегіңді қай басшы жылытады,
Ізгіліктен безініп, кім ұтады.
Жанның бәрі билікке қолы жеткен .........
Неге туған ауылын ұмытады!?
Таршылықтың күн кешіп қыспағында,
Ұмыт қалған жұрт қанша құм шағылда.
Ауылдарды неге естен шығарады,
Жетілгендер ауылдың құрсағында.
Қилы-қилы өткелден өткен талай,
Түсіндірем ойымды көпке қалай.
Қара жерден табаны үзілгенде,
Ғарыш кеме зулайды көкке қарай.
 Соның сырын жаңа ұғып түсінгенде,
Қуқыл тартып сазарды жүзім демде.
Кісі, сірә, билікке өседі ме,
Қан тамыры ауылдан үзілгенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу