Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  167


Автор: Рафаэль Ниязбек

ПЕРІШТЕ АҚЫН

Елібай (Ли Бо) – қытай халқының ұлы ақыны, бірақ қазақтың тумасы. 701 жылы Шу өңірінде дүниеге келген. Дулығалы Дулат бабаның тоғызыншы ұрпағы.
Аспанасты елі оны Алланың ақ нұрынан жаратылған ақын деп күні бүгінге дейін аңыз етеді.
Автор.



Толқынында тулаған жыр арнаның,
Ұлтқа тұтқа ұрпағы нұрлы ананың.
 Шу бойында Елібай туған еді,
Көктен нұры түскенде Ұлы Алланың.
Қара жердің көзінен қан атылып,
Қабарғанда ішінен дала тынып.
Мүмкін көктен Елібай түскен шығар,
Ұлы Алланың нұрынан жаратылып.
Дүниенің қыр-сырын ерте біліп,
Тарлан ашқан шағында ел жетіліп.
Елібай-шер Қытайға сапар шеккен
Жорға жеккен күймеде тербетіліп.
Ақ самалы аңқылдап көңілді ескен,
Ақбоз үйдің жан еді төрінде өскен.
Аспанасты елінде жыр түлетіп,
Періште ақын атанып өмір кешкен.
Оны бірақ бүгінде кім біледі,
Қара тобыр сарсылып дүрлігеді.
Ұлы Алланың нұрынан жаратылған
Ұлы ақынның көзінде күн күледі.
Тал бойында қазақтың қаны айналған,
Қайран ақын жат жерге қалай барған.
Қилы-қилы тағдырды бастан кешіп,
Талай сөніп жұлдызы, талай жанған.
Туған жері айналып киесіне,
Сағынғанда түсетін жиі есіне.
Ата жұртын аңсамай күн кешпеді,
Атанына жүк артқан, түйесіне.
 Кейде оның көзіне мұң қаптырған,
Түлкі құйрық заманды кім жақтырған.
Елібай-шер жалғанда өр болатын,
Құзырлыны менсінбей қылжақ қылған.
Қырсыққанда патшаға шай құйғызып,
Патшайымын жүгіртіп зыр қақтырған.
Даналыққа жеткізген
Далалықтың
Қаны шығар бойында тулап тұрған.
Ізгіліктің бар жерге шамын жаққан,
Ақын қашан тыныстап дамыл тапқан.
Семсер сілтеп сірескен жүйесіне,
Тас қоғамды сілкілеп шаңын қаққан.
Ғұмыр кешкен ызғарлы жел өтінде,
Оның қайғы жоқ деме келбетінде.
Торыққанда өзеннің жартасына,
Мұң шаққалы баратын ерте күнде.
Ақырында көкке ұшқан құсқа айналып,
Күнәсі көп жүре алмай жер бетінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу