Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  166


Автор: Рафаэль Ниязбек

МАРҚҰМ САТТАР ЕРУБАЕВТЫҢ ЗАРЫ


1
Қара жерге сүйегім көмілгелі,
Қорлап әлі келеді өмір мені.
Автовокзал сала ма мола үстіне,
Алжаспаса қазақтың көңілді елі.
Құландардың жайылған өрісінде,
Жалған емес туғаным өр пішінде.
Вокзал салса үстіме жаншып мені,
Күңіренбей қайтейін көр ішінде.
Жанарымды мұнар мұң торлағалы,
Мені елімнің осы ма қолдағаны.
Қабірімнің үстіне вокзал салып,
Сүйегімді бұл қалай қорлағаны?!
 Туған қалам көк майса белес те еді,
Сағынғанда көзіме елестеді.
Мола ішінде жатқанда күңіреніп,
Түркістаннан жылы жел неге еспеді?!
Қалай менің көзімде күн күледі,
Бір жанартау кеудемде сілкінеді.
Шығып мені кетер деп жер бетіне,
Автовокзал салды ма кім біледі?!
Сардаланың көз салып жиегіне,
Жаутаң-жаутаң қараймын жиі еліме.
Молам вокзал астында қалса, жұртым,
Түскен таңба емес пе сүйегіңе!
2
Қолдап, жебеп тұрғанда қыр-даласы,
Кісіліктің құлай ма мұнарасы.
Саттар зары жеткенде құлағына,
Түркістанның атқа қонған бір баласы.
Тал бойында тулаған асыл қаны,
Ақындардың қуатты ашынғаны.
Алматыға асығып суыт жеткен
Бегманның болатын Қасымханы.
Бұла намыс кеудесін кернегелі,
Өлең-жырмен тербеткен ел-кемені,
Қасым ақын мәйітті қазып алған
Мұхтар жатқан қорымға жерлегелі.
Дүниенің көзінен сыр аулаған,
Ақын жанын кім сонша қыраулаған.
 Мұхтар жатқан қорымға жерленгенде,
Қайран Саттар көрінде бір аунаған.
Талай қилы өткелден өте білген,
Ақын еді көзінде от өрілген.
Ертеңінде Саттардың ескерткіші
Қасымханның қолымен көтерілген.
Күңіреніп күй тартып күрең күнде,
Бақыт жоқ деп ойлама бұл өмірде.
Саттар ақын қайыра түрегелген
Туған елдің тіріліп жүрегінде!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу