Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  146


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӘУЛИЕ ҚАРТТАР БАРЫНДА

Бұрынғы кезде, шынында,
Әулие қарттар көп болған.
Ақ сәуле ойнап шыңында,
Қайғысы жұрттың жоқ болған.
Қасиеті сіңген даланың,
Әулие қарттар барында,
Тақымы бекіп баланың
Ойнаған аттың жалында.
Үрлеген отын үміттің,
Әулие қарттар барында,
Арыстан кеуде жігіттің
Бұлқынған намыс қанында.
Әулие қарттар барында,
Жол берген ылғи жарылып,
Адасып жұртым сағымда,
Сынбаған тауы шағылып.
Әулие қарттар түнде де,
Күзетіп жұртын жатпаған.
 Қатерлі қиын күнде де,
Бірлігін елдің сақтаған.
Сол қарттар барда,
Елімнің
Ұйқысы тыныш болатын.
Егеулі найза ерімнің
Кеудесі нұрға толатын.
Алаштан айдын асырып,
Айбынып бәрі жүретін.
Сыр бүксең егер жасырып,
Көзіңнен оқып білетін.
Сөйлеген кезде ағындап,
Арыдан әңгіме қозғайтын.
Кетсе егер кейде арындап,
Әдептен бірақ озбайтын.
Арғымақ туған даламнан
Әулие қарттар кеткелі,
Жауыздық алып жағамнан,
Қазақтың азған текті елі.
Ел азып азап шеккелі,
Сенімін кім бар ақтаған.
Әулие қарттар кеткелі,
Сасық ауыз шалдар қаптаған.
Қор болдық асыл ұл тумай,
Қабағын жұрттың бағатын.
Бұл қазақ алға ұмтылмай,
Өзен бе кері ағатын.
 * * *
Сатылып кеткен жерімде,
Сөйлемей қайтем қызынып.
Алпауыт қанша елімде,
Байлығыма жеткен қызығып.
Ұрандап өткен ұлтымның,
Ураны сыртқа ағылған.
Жусаны жұпар жұртымның
Тауаны қайтып шағылған.
Өлем бе, қайтем, асылып,
Ар-намыс мүлде жоғалған.
Мұнайым шетке тасылып,
Қазынам күнде тоналған.
Тиді екен ненің салқыны,
Кезігем қандай қатерге.
Тиеліп қазақ алтыны
Жөнелген жүйткіп жат елге.
Тиеліп қара көмірім,
Көк мұхит асып жөнелген.
Өксімей қайтсін көңілім,
Көйлектей тозып көнерген.
Тоналып жатқан жерімді,
Азамат бар ма ойлаған.
Ойыншық етіп елімді,
Алпауыт қанша ойнаған.
Қонармын атқа түбінде,
Ер қайда алтын тұтқалы.
 Алпауыт қанша бүгінде
Елімді жүрген жұтқалы.
* * *
Қасиет жоқ па тегінде,
Жөн сөзге кім бар тоқтаған.
Дұшпан көз аз ба елімде,
Қазаққа мылтық оқтаған.
Сол сұмдар әлек салғалы,
Бұрқанып талай бұлқынғам.
Мылтығын тартып алғалы,
Ақырып қарсы ұмтылғам.
Құтылып мылтық оқтаған,
Тұтылдым айым аманда.
Мұңымды кім бар жоқтаған,
Ар-намыс өлген заманда.
Қай жерде, елім, жаңылдым,
Мен бе екем сені тоздырған.
Қылмыскер болып танылдым,
Ұлт араздықты қоздырған.
Байлаған ақ боз кермеге,
Көрдің бе, елім, толғанып.
Қылмыскер болам мен неге,
Бұзықтан жүрсем қорғанып.
“Пәледен сақта!..” деп тіле,
Көңілге сыр көп түйетін.
Қазаққа зауал жетті ме,
Өзге үшін отқа күйетін.
 * * *
Кісі деп ойы аласа,
Мүсіркеп оған қарағам.
Маймылдан Дарвин тараса,
Қасқырдан өзім тарағам.
Жүреді қалай секіріп,
Арманның асқар шыңында.
Маймылдан Дарвин жетіліп,
Тараған шығар шынында.
Жайқалсын қалай нұр бағы,
Тамыры терең байланып.
Дарвиннің ішкіш ұрпағы
Маймылға жатыр айналып...
Кісі деп ойы аласа,
Мүсіркеп оған қарағам.
Маймылдан Дарвин тараса,
Қақырдан өзім тарағам.
Жаралған жанмын өр кеуде,
Жүретін өжет от өріп.
Шығамын жауды көргенде,
Бөрілі Байрақ көтеріп.
Кім жатсын аңдып жолымда,
Көзіме ыза тұнғанда.
Сескенем неден
Қолымда
Бөрілі Байрақ тұрғанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу