Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  111


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЕЙ, АҒАЙЫН!

Дүниеде ауру көп те жұқпалы,
Ақыл кірмей жүрген жоқ па жұртқа әлі.
Жаһандану келе жатыр, ағайын,
Сақтанбасаң аждаһа боп жұтқалы.
Беталысы жаман мынау заманның,
Күні өрмелеп тауға шыққан жаманның.
Іздейтұғын алда зауал туады,
Намысыңды табанынан қабанның.
 Қарағайдай бітіретін жаңқалап,
Уақытты бетке ұстама қалқалап.
Саған есік ашады ма Болашақ
Бейғамдықтың тауын жүрсең арқалап.
Жалқаулықтың бұлты аспанын торлаған,
Қандай ел де рухы қайтып, сорлаған.
Ей, ағайын, кешігеді бәрінен
Ертеңіне бүгін дайын болмаған.
Жел көтеріп жырымдаған етегін,
Білсең егер өмір – қысқа, келте – күн.
Жер бетінен бордай тозып жоғалған
Жұрттың бәрі ойламаған ертеңін.
Сардаланың бұтағына сүрінбей,
Өмір өтіп жатқан жоқ па білінбей.
Тамырыңда туламайды асау қан
Ей, ағайын, асқақ рухың тірілмей.
Тас тағдырдың ішіне қан қатқанда,
Көп адасқан жұртсың, сірә, ақпанда.
Бірақ сенің сілкінбеуің бұ қалай,
Жаһандану төніп келе жатқанда.
Екі күннің бірінде ылғи тұтылып,
Ғұмыр кештің уақыттан ұтылып.
Ей, ағайын, осы бастан қам жаса,
Кеткің сенің келмесе егер жұтылып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу