Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  187


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨК БӨРІ

Қателігін Уақыт түзеткелі,
Тағдырымның жібіген мұз өткелі.
Иттер мені маңайлап көрген емес,
Көкжал бөрі төрімді күзеткелі.
 Ақша бұлтын аспанның желкен еткен,
Туған елі өсіріп, еркелеткен, -
Майданда өлген әкемнің рухы шығар
Бұл – көк бөрі шапқылап елге жеткен.
Ару қызды албырап сүйе білген,
Әкем туған өңірде кие жүрген.
Ердің бәрі өледі оқтан неге?
Көк бөрінің жаралған сүйегінен.
Жақсылық пен жамандық айқасқалы,
Көңілімнің күлмеді Айлы аспаны.
Көк бөріге айналып кете берем,
Көк бөрі рух төріме жайғасқалы.
Жұрттың бәрі күн кешіп шырғалаңда,
Болмай жатыр не сойқан сұр ғаламда.
Оқтан өлмей тұра ма көк бөрілер
Адамды адам аулаған бұл заманда.
Жанарымда жарқылдап күн күлгелі,
Жауыз қолдар желкемнен тұр бүргелі.
Көкжал заман өсірген көк бөріні
Сұлата ма деп қорқам бір күндері.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу