Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  141


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЗУ ТІС

Көз жазғалы серкесі, серісінен,
Қалмай қойды жамандық неге ізінен.
Өзегіне құрт түскен ағаштайын
Іріп жатқан секілді ел ішінен.
 Шатырына айналған Айлы аспаны,
Бұл қазақтың, білмеймін, қай сасқаны.
Іштен іри бастаған жоқ па түге,
Бір албасты ішіне жайғасқалы.
Ел ішінен осылай ірігенде,
Қай мұратқа жетесің жүгіргенде.
Екіталай басыңа күн туғанда,
Табылмайды қасыңнан тірі пенде.
Қараулықтың қашанда бағы жанған,
Қарасы ағып, көзімнің ағы қалған.
Зұлым заман толтырып қанға ауызын,
Бұл халықтың азуын қағып алған.
Аспанында құс жолы шұбатылған
Ел-жұрт еді көзінен нұр атылған.
Азу тісі қағылып қапылыста
Айырылып қор болған қуатынан.
Бұлт басқалы ақ шаңқан түскі аспанын,
Көрген бар ма жарқылдап құзға асқанын.
Азу тісі қайыра шықпаса егер,
Қазақ қалай шайнайды ұстасқанын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу