Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  159


Автор: Рафаэль Ниязбек

АСТАНАДАҒЫ БАУЫРЖАН ЕСКЕРТКІШІ


Қамал бұзып, қайдан да өте білген
Қайран Баукең қашанда төте жүрген.
Бой түзеген ескерткіш Астанада –
Батырдың асқақ рухы көтерілген.
Тұла бойын толқыған нұрға малып,
Сәл тыныстап жатқасын қырға барып.
Астананың төрінен түрегелген
Жаңа ғасыр секілді тұлғаланып.
Мына қарау қоғамға ызалы ма,
Кеудесінде бір дауыл тұр қамалып.
Тулап жатқан тереңін тыңдағасын,
Неге менің жүрегім жырламасын.
Туған елі көтерген ескерткішін
Ата ерліктің білгесін шын бағасын.
Аспанымда туғанда Ай нұрланып,
Күрең күндер жоғалған қайғымды алып.
Қай жау бізді басынсын
 Батыр тұлға
Астанада тұрғанда айбынданып.
Батыр барда тірлікте жүрегі алып,
Туған елге қарайды кім аларып.
Қасиетін ерліктің білгің келсе,
Бауыржанның қасына түне барып.
Құлға қонған заманда бақ шатылып,
Кімге тұтқа боласың жатқа атылып.
Екіталай күн туса,
Қайран Баукең
Тұрған жоқ па қонғалы атқа ақырып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу