Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  145


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚҰЛАҒАН ЗЫМЫРАНДАР

Атыңнан айналайын Қарқаралы,
Ауып жатыр арқадан арқар әлі.
Тұрған жоқ па басыңнан бұлт арылмай
Сенің ерте қызығың тарқағалы.
Жетеміз бе мұратқа мұнаралы,
Әлі күнге тартылып тұр Аралы.
 Кісі өлімі көбейген бұл күндері
Зымыраны Ресейдің құлағалы.
Кімге дәрі қаныңның тулағаны,
Мүмкін бақыт ұрпақтың тумағаны.
Зымырандар көгімнен құлайды ма,
Арлы ананың жатырын улағалы.
Келем неге жете алмай тілегіме,
Заман азып, ел тозып жүдеді ме.
Құлап жатқан зымыран жеріме емес,
Құлап жатқан секілді жүрегіме.
Болашаққа жол тартқан ел асығып,
Неге ажалды қумайды бел асырып?
Дерті асқынып, үміті үзілмесе,
Азамат ер өледі неге асылып?!
Ауаны улап, құйынды жел ескенде,
Өлік қанша шашылған белес-белде.
Неге егеулі найзаға айналмайды,
Қайран қазақ тағдыры егескенде.
Кешкен жұрттың бірі еді азап талай,
Өткен бар ма тұсынан мазақтамай.
Ресей жақтан тұрса егер өлім есіп,
Өсіп - өніп көбейсін қазақ қалай?!
* * *
Жолдағысын жапырып жайпап өткен,
Зұлмат қанша жер үстін майдан еткен.
Сарыарқаның сағымды даласынан
Көзді арбаған сұлулық қайда кеткен?!
 Күннен асқан айбыны, Айдан асқан,
Күндер қайда зұлматқа майдан ашқан?
Қаптап өрген киіктер көрінбейді,
Сағымдайын жоғалып қайда қашқан?
Шырылдап қорғаса да торғай-Жалған,
Айдын көлдер тартылып сорға айналған.
Қараулықтың шалғысы,
Қалың өскен
Шалғынымды күн бар ма ормай қалған.
Сарыарқаның төсінен құм суырып,
Безінбеді жерінен кім суынып.
Аспанымнан уланған темір жауып,
Туған елді тарыдай тұр қуырып.
Дауыл есіп жылдардың қанатынан,
Қайран қазақ қайғыдан жаратылған.
Сынақтардан тау жанып, тас та жанып,
Қара жердің көзінен қан атылған.
Ауа райы бұзылып құбылғалы,
Қандай зауал қазақты тұр ұрғалы.
Елге төнген қатердің алдын алмай
Азаматтар қайда жүр нар тұлғалы?!
Татулықтың бұзылып шекарасы,
Бүліне ме, кім білсін, ел арасы.
Бұғынады ер неге?
Нар қазақтың
Қан түкіріп жатқанда кең даласы.
Жанарына көк мұнар мұң байланып,
Ана қанша сорлаған тумай қалып.
 Елдің асқақ өр рухы бірге өлді ме,
Асқар тауы жатқасын күлге айналып.
* * *
Жер бетіне шуағын төккен арай,
Қара күзге айналсын көктем қалай.
Жезқазғанға Елбасы барған еді,
Көңіл құсын ұшырып көкке қарай.
Көкке қарай серпіліп жыр ұраны,
Ірімеген жұрт едік қымыраны.
Жезқазғанға Елбасы жеткен кезде
Орманды елдің құлаған зымыраны.
Жерге түгел түспей ме таңның нұры,
Әлде биік емес пе Ар тұғыры.
Елбасының қап қойған жүрегінде
Зымыранның құлаған жаңғырығы.
Туған елге қайғысын ұсынғалы –
Зымыранды бұл қалай ұшырғаны?
Ызғар шашқан жүзінен білінбейді
Сары орыстың ұяттан қысылғаны.
Орманды елдің осы ма жөн білгені,
Көріп келем сұмдығын жол жүргелі.
Зымыраны, кім білсін, құлады ма,
Елбасына бір қатер төндіргелі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу