Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  129


Автор: Рафаэль Ниязбек

КАЛИМА

Өліп тірілген балықты осылай атайды.
Автор.



1
Тасқа соқпай маңдайын бұрылмаған,
Балық бар ма теңізде қырылмаған...
Су астында бір майдан жүріп жатыр
Су астының тірлігін жырымдаған.
Мықтыларда болмайды ер кезегі,
Ісіп, кеуіп ашылған желге өзегі.
Балықтардың не сойы жүрген жоқ па
Су айдаған желкілдеп желбезегі.
Адалына қарамай, арамына,
Салып көрсең ақылдың сарабына.
Қанша балық құрыды түсіп кетіп
Жайындардың аждаһа аранына?
Мұрты - өзінің айналған жебесіне,
Дақ түсірмей жүйткіген денесіне,-
Қанша балық жұтылып кете барды
Тістілердің азық боп өңешіне?
Жөн сілтеген кім екен,
Бағыт берген,
Қыруды әлде жан ба екен бақыт көрген.
Жылан балық түбіме жетті қанша
Әлдеқайдан, апыр-ай, ағып келген?!
 Жақсылығы өзінен артылмаған,
Артылмаған және де қарқындаған
Шортандарға жем болған балық қанша
Су астында қылыштай жарқылдаған?
Шортан болып жаралсын қайдан бәрі,
Балықтың да бар шығар сайтандары?!
Күні қараң бәрінен шабақтардың
Тас түйін боп шықпаған майданға әлі.
Ұрпақ үшін бел асқан,
Заңғар асқан,
Қайдан болсын тірлігі алға басқан,
Күні құрсын шабақтың,
Өңештінің
Кез келгені жұтады талғамастан.
Жуан шығар кезі ғой жуастың да,
Сырт бергені секілді сырластың да.
Қанша балық бір-бірін жұтып келді
Күштілердің Заңымен су астында?!
Бұның өзі салмақ боп түсті белге,
Арманым да сан мәрте ұшты желге.
Мойынсұнып алдында құлдық ұрған
Су асты да бағынып күштілерге.
Мықтылары, көк мойын жуандары,
Өңештісі, тістісі... қуған бәрі.
Пана таппай қайдан да дүркіреген
Балықтар –
Табиғаттың құрбандары!


 2
Кезең туып Аралды жырымдаған,
Зұлмат бар ма біз әсте ұрынбаған?
Өткен-кеткен заманға көз жіберсек,
Кезі бар ма балықтың қырылмаған?
Тұрғанына қарамай жылап аспан,
Адамдар-ай,
Аралдан құлақ ашқан...
Сумен бірге егіске жосып бердік
Арықтардың бойымен тұра қашқан.
Дүркіреткен су астын заманында,
Небір сойы –
Жақсысы, жаманы да
Қайырлаған кемедей қаңсып жатты,
Суы тартылған егіннің табанында.
Судың қайдан балықсыз сәні келген,
Табиғаттың бұ да бір әні ме өлген?!
Уландырып және де қанша қырды,
Су жіберіп Аралға дәріленген?
Жандар болса қайтпексің кілең кеуде,
Сөйтіп суды көшкен-ді үнемдеуге.
Табиғи боп тумасаң,
Бола ма, айтшы,
Табиғаттың қыр-сырын білем деуге?
Бұл күндері ортайып ырыс қалған,
Соны ойласам күнім жоқ тынышталған.
Қанша балық айдынға шыға алмады –
Адам қолы жасаған қылмыстардан!
 Жаңа жетіп теңіздің сағасына,
Берген кезде айдынға жаңа шыға,
Теңіз бетін сапырған жойқын дауыл
Және қырды лақтырып жағасына.
Қара судың сүзгендей қағын барып,
Көздегендер баюды жанын салып.
Уылдырығын сыпырып алды қанша,
Обал демей балықтың қарнын жарып?!
Уыз болып дарыған бар маңына,
Уылдырық айналып арманына,
Жемқорлардың
Үйінде жатты асылып,
Қанша балық ілініп қармағына?!
Шығарар ма ед соларды көп алдына,
Жауап берсін арына,
Қоғамына.
Жоспар үшін балықты босқа қырған
Жандар қанша қарамай обалына?!
Атқан кезде шығыстан таңы алаулап,
Қызу қанды жігіттер жаны лаулап,
Тұқымын да өсірмей құртты қанша,
Шойын кеуде кемемен балық аулап?!
Табиғатпен бұл адам тірескесін,
Дала желін білді де жылы еспесін,
Су астына көшті олар,
Атып, қырып,
Жер бетінің аңдарын түгескесін.
 Кемесін де толтырып, қайығын да,
Айлығын да айырған, шайлығын да,
Адамдар-ай!
Сүзгілеп бітірдіңдер
Су астының балығын,
Байлығын да.
Іші жылып, жайраңдап сырты күлген,
Қыр-сырымды су асты жұрты білген.
Калима атты балықпын,
Уа, халайық,
Тіршілікте мың өліп, мың тірілген!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу