Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  151


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАЙШЫЛЫҚТА ЕРЛЕРДІҢ БАҒЫ АШЫЛҒАН


Кісі деме сен мені күні батқан,
Менің өмір өзенім жұлқына аққан.
Бөрілікті қаныма неге екпесін
Бір көк бөрі ішімде ұлып жатқан.
Кісіліктің сапына кірмей қалған,
Күншіл көп-ау көзіне мұң байланған.
Қызғаныштан ішіне шоқ түскеннің
Ішкі әлемі өртеніп күлге айналған.
Мына өмірде түнеріп тұнжыраған
Кім намысты оятып шымшылаған?
Қыңсыламай жүре ме өңкей жасық
Күшіктері ішінде қыңсылаған.
Кім-кімді де ақылды кісі деме,
Қара тобыр жаныңды түсіне ме.
Іштерінде ит өліп жатқандардың
Өлік сасып тұрмасын іші неге.
Күннің көзі шашқанда далаға арай,
Қуанбасын шапқылап бала қалай.
Қай адам да ішінде аласы бар
Жұрттың бәрін жүрмеген алаламай.
Шын сескеніп ызғарлы қалың бұлттан,
Ел ішінде бір-бірін жақын тұтқан,
Жабы мінген жамандар тұр көбейіп
Ерлер жоқта от бүркіп, жалын жұтқан.
 Тас қоғамда құралған өтіріктен,
Жапа шеккен ер аз ба өткірліктен.
Қай ауылда көтерем қой секілді,
Көктем туып, ауызы көкке іліккен.
Қиянатты көргенде жаны ашынған,
Қайда азамат елді ойлап аласұрған?!
Жайшылықта еленбей қандай ер де,
Қайшылықта қасқайып бағы ашылған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу