Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  122


Автор: Рафаэль Ниязбек

ПЕРІНІҢ ҚЫЗЫ

Бағы ашылған жансың ба жөргегінде,
Атың сенің тұр шауып өрге күнде.
Пері қызын сен іздеп көп барасың,
Пері қызы шомылған көлге түнде.
Бұлбұл құстай жөнелген бағына ұшып,
Көп барасың сол көлге алып ұшып.
Пір атқанның көздері ағып түскен,
Пері қыздың көзіне шағылысып.
Бір сұрқылтай шығарсың, кім біледі,
Мына өмірге кеп қалған жаңылысып.
Аңдысаң да із кесіп, жолын барлап,
Махаббаттың жанбады оты лаулап.
Төсегіңде дөңбекшіп жаттың талай,
Көңіліңнің көлінде толқын аунап.
Үміт артып жүрсең де күрең күнге,
Салмақ салып қайтесің жүрегіңе.
Алжаспасаң сөз тыңда!
Пері қызы
Қайдан келсін адасып бұл өңірге.
Күнің бар ма ішіңе шоқ түспеген,
Жан болсаң да от бүркіп, от тістеген.
Алжасқанның бәрі де
Алып ұшып,
Сен секілді өмірде жоқты іздеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу