Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  140


Автор: Рафаэль Ниязбек

ИТ ӨЛІМ

Ызалы ұшқын көзінен шашыраған,
Қарттар бар-ау азапқа жасымаған.
Жалғыз қалған үйінде бір жетім шал
Сатып алып бір күшік асыраған.
Адаспаған кісі еді сағымға еріп,
Асыраған күшікті барын беріп.
Анда-санда қарайтын көк аспанға,
Көшкен бұлтын жосылған табын көріп.
Ер-тоқымы ауған соң кері кетіп,
Бағып-қаққан күшікті серік етіп.
Қартайғанда күрең Күн зулайды екен,
Қандай асу белден де желіп өтіп.
Қарт кісіні ой қажап жүдеткенде,
Білген еді қаларын бір өткелде.
Шыға келген күшігі көкжалданып
Сумаң қағып арада жыл өткенде.
Көкжалданып көзінде қан қаптаған,
Итке жақын баруға жан батпаған.
– Бұның көзін жойғын! – деп қартқа келіп,
Кісі жоқ-тын ауылда зар қақпаған.
 Кімнің сөзін тыңдасын құлақ асып,
Тумысында көрмесе бұлақ ашып.
Қасқыр иті бірде өзін талағанда,
Құтыла алмай сорлаған тұра қашып.
Ғұмыр кешіп жүрсең де көңілді елде,
Мәңгі жүзе бермейсің мөлдір көлде.
– Ит өліммен өлді-ау! – деп жұрт күйінген,
Қартты талап өз иті өлтіргенде.
Тауқыметтің төзсе де қандайына,
Тағдыр кімнің қарасын хал-жайына.
Анасынан туғанда-ақ ит өлімді
Жазған шығар марқұмның маңдайына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу