Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  195


Автор: Рафаэль Ниязбек

АДАСҚАНДАР

Баянды елден көз жазған бақ адасып,
Баянсызға бұйырған тақ адасып.
Аңыраған баладан ана адасып,
Анасынан боздаған бала адасып.
Ақыл-ойдан адасып шетінде елдің,
Қалғандардан мойны озып жетілген кім?
Соғыс жылы адасқан әкесінен
Көз жасы әлі кепкен жоқ жетімдердің.
 Теңізінен адасса ақ шағала,
Бақыт көрме, сен оны бақ санама.
Адамға адам бұл күнде керек емес,
Бәріне де керегі ақша ғана.
Тамырында қан тулап, қуаты асып,
Көңілдерден кім жүрсін бұлақ ашып.
Бүкіл әлем болса егер алып сарай,
Барша халық ішінде жүр адасып.
Жетсе де ерен бұрқырап Күнге демің,
Дәурені өткен демегін сұр жебенің.
Кеме адасса,
Халық та адаспай ма
Ғұмыр кешкен үстінде бір кеменің.
Тағдыр-қамшы осқанда арқасынан,
Құлаған көп адасып жар басынан.
Мойынына қан жүктеп адасқан көп
Мына қасап ғасырда қан сасыған.
Мұнарасы дауылда құламаған,
Дүр дүние жыртық үй құралмаған,
Ар-ұяттан адасқан сұмдары көп,
Соғыс ашпай елдерге тұра алмаған.
Суық сәуле көзімде өріледі,
Зауал туса ит болып бөрі үреді.
Адасқанды Құдай да ақыл айтып,
Түзу жолға салмайтын көрінеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу