Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  319


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТАҒДЫР СЫНЫ

Көбейсе де ұрдажық ұраншылар,
Кісі шақпай тұра ма жылан шұбар.
Улы тіске оқ болып атылсын деп,
Анам мені албырап туған шығар.
Өмір кештім бірақ та тұнжыраған,
Жолдарында ақ шаңы бұрқыраған.
Күмбірлеген күйінен жаңылдырып,
Домбырамның құлағын кім бұраған?
Отау тігіп, мал-дәулет құрағалы
Кімге дәрі жанымның тулағаны.
Мүмкін туған шығармын мен анамнан
Сыбағамды өмірден сұрағалы.
Сыбағамды біреулер бұрын барып,
Қағып кетті жүрмін деп шығындалып.
Өмір өгей шешемдей ызғар шашып,
Тынды ақыры көзімнен нұрымды алып.
Қырық жамау жүрекпен келем енді,
Иттер тартқан терідей жырымдалып.
Жүрмегесін тірлікте жинақталып,
Жаттым талай ескі үйдей қирап қалып.
Жай түсірген төбеме күндер қанша,
Бұлтсыз күнгі найзағай сияқтанып.
Қиындыққа қанша жыл шыдағалы,
Өмірімді қайтадан құрағалы.
Қатал тағдыр азапқа салған шығар
Менің асқақ Рухымды сынағалы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу