Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  163


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӘКЕ РУХЫ

Аштық жылы қырғызға ауып барған,
Әкемнен де жыр-думан, сауық қалған.
Қайтарында сатып алған ақбоз үйдің
Шаңырағына нұр болып жауыпты арман.
Тауы ұқтырған өрлікті, құзы ұқтырған,
Жұрттың бәрін ақбоз үй қызықтырған.
Анам мені сол үйде туған еді,
Сұм соғыстың кезінде қызып тұрған.
Асыл ерге десек те өлім жоқ деп,
Ұшқан жоқ па ысқырып көгімде оқ көп.
 Көзі тірі кезінде арлы әкемнің
Ақбоз үй де тұратын Өмір көктеп...
Көк жусанын жанымның талай жұлған,
Қилы кезде қай көзге арай тұнған.
Әкем менің өлгенде,
Қаратаудың
Құлап кетпей бір шыңы қалай тұрған.
Тал-дарақтың жұлынып жапырағы,
Сөнген еді көп үйдің шамшырағы.
Дауыл соғып өткенде
Ақбоз үйдің
Тұрып қалған құламай шаңырағы.
Сырлы әлемде ұлысы, ұрысы бар,
Өрт жанымды кісінің нұрлысы ұғар.
Шаңырақты құлатпай сақтап қалған
Майданда өлген әкемнің Рухы шығар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу