Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  143


Автор: Рафаэль Ниязбек

МҮМКІН ҚҰРЛЫҚ ШЫҒАРМЫН


Жыртығына жамау боп қоңыр елдің,
Құбылысқа құбылмай көңіл бөлдім.
Қызығы мен шыжығы араласқан,
Өмір көрдім,
Мен біраз өмір көрдім.
 Азаматтың қосылып санатына,
Кір түсірмей күн кештім Ар атына.
Жерде жүргім келмеді жұқсыз көп деп,
Қыран құстың жармасып қанатына.
Таулары алып ер жігіт, даласы алып,
Көрген емес еш жерде аласарып.
Өмір – өзен болса егер,
Сол өзенмен
Толқындарым жарысқан таласа ағып.
Асыл ерлер көп болса нұр тұлғалы,
Жақсылық па жағамның жыртылғаны.
Ат үстінде жүрмін мен
Көңілімнің
Терезесін біреулер сындырғалы.
Қараулықтың құрымай құрықтары,
Көгере ме шындықтың шыбықтары.
Сынған кезде терезем жан-жаққа ұшып,
Шашыраған сәулемнің сынықтары.
Тұрғанда атып ақ таңым арайланып,
Құзырлыға құл болам қалай барып.
Сүйегіме сіңірген қасиет көп,
Тамырымды қуалап қан айналып.
Арманымды тербетіп жыр ескенде,
Шындық іздеп жүрегім күресті елде.
Өмірімнің шырағы сөне жаздап,
Қайта жанған өліммен тірескенде.
Ғұмыр кешкен Арына кір түсірмей,
Өрт жанымды көп тобыр жүр түсінбей.
 Есік қаққан ажалды қуған жоқ па,
Менің асқақ өр Рухым бір кішірмей.
Ер-тұрманын, сайманын түгендеген,
Мына жарық Жалғанда кім өлмеген.
Мұз боп қатқан сүр қардай көрме мені,
Есіктердің алдынан күрелмеген.
Өмірді ерттеп мінгендер
Бас білдіріп,
Өлімді де асаудай жүгендеген.
Тасқайнардың суын да қанып ішпей,
Жанықсам да жұртымнан жарық үзбей,
Сарайларға кіре алмай кірем деген,
Солып барам сарғайып сары күздей.
Мені өзіне ұлық көп тең көрмеген,
Кербездер де менсінбей кердеңдеген,
Ебелек те елемей ербеңдеген;
Кебенек те кергіген мені ұнатпай
Қасқыр көрсе құлағы селтеңдеген.
Желбуазға қай ақын ұнаушы еді
Үрлеп қойған қарындай жел кернеген.
Кіріп шыққан ішіме кісі бар ма
Мынау сырқат қоғамда емделмеген.
Мүмкін кітап шығармын оқылмаған,
Мүмкін құрлық шығармын зерттелмеген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу