Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  131


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨКЖИЕКТІ БАҒЫП ТҰРАМЫН


Түнеріп көктен төнетін,
Қатерге мен бе көнетін.
Көздерім дүрбі секілді
Қырымдағыны түгел көретін.
Шөкім бұлт көрсе бұғынған,
Қорқақтан көңіл суынған.
 Қос қолым – қайқы қос қылыш
Жең-қынаптарға сұғылған.
Жайқалып өсіп бау-бағым,
Көк орман болған тау жағым.
Бес салалы арна емес пе,
Бес салалы жуан саусағым.
Тіс қайрағандар тістіге,
Рухымнан менің күшті ме?
Қастарым, мүмкін, Ай шығар
Қабағымның біткен үстіне.
Биікте жанып шырағым,
Бұлқынып аққан бұлағым.
Еш найза тесіп өтпеген
Қалқаным – қалқан құлағым.
Ақ сәуле тарап санамнан,
Күш-қуат жиғам даламнан.
Бурыл шашым – антенна
Сыр тартқан барлық ғаламнан.
Бойымды билеп бір ағын,
Ойымды билеп бір ағын,
Күн қалай батар екен деп,
Көкжиекті бағып тұрамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу