Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  252


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӘКЕМНІҢ КӨЗІН КӨРГЕН ҚАРТТАР


Туын биік көтерген тұғырлы елде,
Жарар еді айналсам ғұмырлы ерге.
Мен әкемнің жалғыз тал шыбығы едім,
Шаншып кеткен құнарлы жұмыр жерге.
Көкірегін шермеңде шер кернеген,
Шыбықты да жұбатып жел тербеген.
Тастап кеткен аға көп орта жолда
Еркелетіп қасына ертер деген.
Жетім болсам бір кезде жылап жүрген,
Азаматпын бұл күнде құла мінген.
Көз жасы да шығармын мен әкемнің
Тасқа тамған тамшыдай тұна білген.
Туған елдің көрікті көшіне ерген,
Бір әулетпін қуатты өсіп-өнген.
Қайран қарттар азайып бара жатыр
Майданда өлген әкемнің көзін көрген.
Зерттелмеген бәрін де әлем көріп,
Сыйлайтынмын көңілім сәулеленіп.
Сол қарттарға әкемнің көзін көрген
Болар емес қайтпасам сәлем беріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу