Өлеңдер ✍️

  08.03.2022
  105


Автор: Абдрахман Асылбек

Мен неге осыншама ғашық болдым?

Мен неге осыншама ғашық болдым?
Мен неге осыншама тасып-толдым?
Өйткені, мәңгі жұмбақ жүрегіңнің
Қақпасын мейірімді ашып көрдім.
Мендегі көп кемісті кешірдің сен,
Кешіріп, мәртебемді өсірдің сен.
Бәрі де сенің арқаң, сәулетайым,
Қол жетпес кей табысқа кеш үлгірсем.
Ғұмырым қысқа болар, ұзақ болар,
Сені аңсап өтер күндер, жүз апталар.
Торғайдай торға түсіп тыпырлаған,
Тірлігім тек өзіңмен тұзақталар.
Мен сені неге сүйем кереметтей?
Қасыңда шыр айналам көбелектей.
Өйткені, өмір сүру мүмкін емес,
Сенің әр қимылыңды өлең етпей!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу