Өлеңдер ✍️

  07.03.2022
  167


Автор: Абдрахман Асылбек

Жаңа жыл жыры

Жаңа жыл есік ашты шырайланып,
Басынан шыршалардың шыр айналып,
Белеңдер басып өткен былай қалып,
Келер күн құшағына жыр айналып.
Арайлы алтын нұрлы Күн, Айды алып,
Әр үйге, әр жүрекке ұнай қалып,
Жаңа жыл есік ашты шырайланып.
Жаңа жыл есік ашты үміт болып,
Жайраңдап босағадан кіріп келіп,
Таңдары тамылжыған тынық болып,
Кезіккен кейбір кірбің ұмыт болып,
Жанары жалындаған жігіт болып,
Көл-көсір қуанышпен күліп келіп,
Жаңа жыл есік ашты үміт болып!
Жаңа жыл есік ашты салтанат боп,
Мереке, мол мейірім, мархабат боп,
Базына, базарлығын арқалап кеп,
Әсерлі, әдемі бір ән-қанат боп,
Шуақты, шұғылалы шартарап боп,
Шарпыған шабытымен шалқалап кеп,
Жаңа жыл есік ашты салтанат боп.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу