Өлеңдер ✍️

  05.03.2022
  135


Автор: Абдрахман Асылбек

Теңіз боп жаным тулайды

Теңіз боп жаным тулайды,
Шағала қонып шулайды.
Шатырлап көкте найзағай,
Шүйліккен бұлтты турайды.
Домбырам басы ырғайлы,
Домбырам даусы сырнайлы.
Дидарын көріп жасарған,
Даламды дарқан жырлайды.
Ойланып күнде мың жайды,
Көңілім мүлде тынбайды.
Қоғалы көлдер, көк белдер
Күйімді ұйып тыңдайды.
Тербетіп тілсіз түнгі айды,
Қырларды кезіп қурайлы,
Самайды сипап самал жел,
Сырымды менің ұрлайды.
Теңіз боп жаным тулайды,
Шағала қонып шулайды.
Шиыршық атып шалқымай,
Шабытты шақтар тумайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу