Өлеңдер ✍️

  05.03.2022
  107


Автор: Абдрахман Асылбек

Мен қалалықпын

Бозарып таң атқаннан таралып түн,
Оянам жан-жағыма қаранып мың.
Жүгірем жұртпен бірге газет алып,
Жаршысы болу үшін жаңалықтың, –
Мен қалалықпын.
Бозарып таң атқаннан таралып түн,
Оянам жан-жағыма қаранып мың.
Мен деп ұқ: ширақ басып келе жатса
Дүкеннен айран мен сүт, нан алып кім –
Мен қалалықпын.
Бозарып таң атқаннан таралып түн,
Орнымнан ерте тұрам таранып тың.
Мен деп ұқ: асығыстан бара жатса
Балалар бақшасына бала алып кім –
Мен қалалықпын.
Бозарып таң атқаннан таралып түн,
Орнымнан ерте тұрам таранып тың.
Мен деп ұқ: келешекке көз жүгіртіп,
Отырса кеңсесінде қадалып кім –
Мен қалалықпын.
Желпініп жұмыстан соң, жаңарып күн,
Қайтамын көңіл-күйім ағарып тым.
Қайтадан қарсы алады қызу істер,
Бойымен тарап ойым сан арықтың –
Мен қалалықпын.
Желпініп жұмыстан соң, жаңарып күн,
Қайтамын көңіл-күйім ағарып тым.
Аңсаймын атамекен ауылымды
Бағындай базарлы күн балалықтың –
Мен қалалықпын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу