Өлеңдер ✍️

  04.03.2022
  409


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨЗ БАҒАСЫН БІЛГЕН ЕЛДЕР

Найзағайдай күркіреп дүрбелеңде,
Өлсем, жатам жыр толғап бір белеңде.
Елін сатқан кілең ез ер атанып,
Ерлер қанша еленбей жүрген елде.
Елемейтін болса егер есіл ерін,
Бұрқақ атып бұлдайды несін елім.
Ел ішінде елеусіз жүрген ерге
Қатындардың көп көрдім тепсінгенін.
Нұры сіңбей келе ме санаға Айдың,
Күні қараң екен-ау жаны арайдың.
Қара орманда сүйегім сырқыраған,
Кесілгенін көргенде қарағайдың.
 Биігінен үн қатқан мінбелердің
Ірілігі қайда бұл іргелі елдің?
Көтереді жалғанда кім обалын
Ел ішінде еленбей жүрген ердің.
Жырлағанда қазақтың боз даласын,
Аруақтанып өзің де қозданасың.
Ту ғып ұстап ерлердің бағын ашқан
Білген елдің бәрі де өз бағасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу