Өлеңдер ✍️

  04.03.2022
  486


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӨМІР – КІТАП

Бура – бұлттар төбеме шөккен талай,
Жамырасып шуағын төккен де арай.
Суық желдің өтінде мұздап қалған
Жүрегімді жылытсын көктем қалай?
Өзге жұрттың қуатын ерен көрген,
Ел оңа ма намысын терең көмген.
Жүргенімде қой бағып,
Құдықтарға
Менің бала арманым шегенделген.
Талай мәрте ішіліп шырын қаным,
Тайдай тулап есімде шыңғырғаным.
Кереңдердің торына түсіп қалып,
Шырылдаған торғайдай шыбын жаным.
Ұмытылып тартпада жырым қалып,
Қайда алқынып бармады шығындалып.
Сай-сүйегім сырқырап уатылған
Мылқаулардың қолында сығымдалып.
Тартылсам да өзендей талай тасып,
Қысастықтан құтылам қалай қашып.
Беті шұбар қатыбас тас қоғамда,
Кім- кімдерге жүр дейсің қарайласып.
 Бала жастан аз емес ұғынғаным,
Айтылмай жүр бірақ та ғұмырлы әнім.
Мен ішетін бұл күнде уға айналған
Ұлықтарға ұры деп ұрынғаным.
Елде бірақ еленіп, еленбейін,
Ұл туады әлі де менен кейін.
Күйреп жатқан күндерім аз емес-ау,
Тауға адасып соғылған кемедейін.
Ілінгенде қандауыр қармағына,
Дүңдік қанша оқ атқан арманыма.
Не істейді айналып кетсем егер
Өмір деген кітаптың тармағына?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу