Өлеңдер ✍️

  04.03.2022
  309


Автор: Рафаэль Ниязбек

МАРҚҰМ АНАМ ТҮСІМЕ КӨП КІРЕДІ


Өжет еді,
Қылыштай өткір еді,
Марқұм анам түсіме көп кіреді.
Ақша бұлтқа айналған ақ шәлісін,
Желбіретіп ақ тудай көкке іледі.
 Қайран анам қыр салтын жете білген,
Түлеп ұшқан құс еді мекенінен.
Текті қызы болғасын текті елінің,
Текті әкемнің ұстаған етегінен.
Қам көңілін көтеріп қайран елдің,
Сауық құрған төсінде сайран белдің,
Мені туған соғыстың өрт-жалында,
Асыл жары болғасын майдангердің.
Тау төсінде жайқалып тұрған шынар,
Ұл таптың дер сан қилы сынға шыдар,
Қанды соғыс өртінде анам мені,
От ауызды ақын ғып туған шығар.
Өзі оқытып ұшырған түлегіне
Бақыт тілеп, айналған тірегіне.
Тоңғанымда қалтырап жапырақтай,
Жылытатын мені орап жүрегіне.
Жүрмейін деп жағаға шығып қалып,
Қашқан бақты ұстайтын құрық салып.
Анам барда денемді көрген емес
Жыртық киім ішінен суық қарып.
Арай шашып, аймалап атқан таңы,
Ұлы барда неге өшсін жаққан шамы.
Тонға оранып жүрсем де тоңам ылғи
Анам қайтпас сапарға аттанғалы.
Өжет еді,
Қылыштай өткір еді,
Өртенгенде өзегі от тіледі.
 Кім біледі,
Сағынып жүр ме мені,
Марқұм анам түсіме көп кіреді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу