Өлеңдер ✍️

  04.03.2022
  144


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚҰДІРЕТ КҮШ

Сырқат меңдеп,
басымнан бақ тайғалы,
Көңілімнің жүдеулі ақ тайлағы.
Қырға барып, төріне Мәңгіліктің
Мүмкін жүрген шығармын жантайғалы.
Емхананың жатырмын төсегінде,
Шақырса да қол бұлғап көше күнде.
 Ағып бара жатқандай сезінемін
Пиғылы жат біреудің өзенінде.
Кеңістіктен жол іздеп тақтайлаған,
Бақыт мені адасып таппай қалған.
Қайтқан кісі секілді өрт сөндіріп,
Өңім содан қызарып нарттай жанған.
Суық сәуле көзімде өрілгенде,
Кім былғасын күл шашып төрімді елде.
Бақыт қайта басыма қонар еді,
Бұлт ішінен жұлдызым көрінгенде.
Қазаныңда бұрқылдап құрт қайнаған,
Боз жусанды даланы жұрт жайлаған.
Баянды елдің мен едім бір баласы,
Қай құдірет басыма бұлт байлаған?!
Неге көңіл көзіме құм үйілген,
Рухым қайда ел сеніп, жұрт сүйінген?
Бақыт құсын маңыма жолата ма,
Құдірет күш басыма бұлт үйірген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу