Өлеңдер ✍️

  04.03.2022
  192


Автор: Рафаэль Ниязбек

БІР МҰСЫЛМАН ТАБЫЛАР

Кеңістікте шырқалып қаршыға әнім,
Биік өсіп, жайқалған Ар-шынарым.
Ақындардың бәрі де жұлдыз болса,
Жұлдыздардың ішінде бар шығармын.
Тал бойымда тұрғанда өз асылым,
Дүниеде жоқты іздеп сарсыламын.
Арманымның үмітін неге үзейін,
Мұратына арқалап жеткізейін.
Жоқ іздеген шынында жоғала ма,
Жер астына жоғалған теңіздейін.
Өмірінің өрт шалып жиі өткелін,
Жұлып жеген бейбақ көп бүйректерін.
Аштық жылы қырылған қазақтардың
Жүрмін іздеп шашылған сүйектерін.
Шаңырағын шайқалтып іргелі елдің,
Оу, уақыт, тізгінін кімге бердің?
 Арыстарды жазықсыз жапа шеккен
Жүрмін іздеп ішінен түрмелердің.
Алтын сандық кеудесі көргенді елдің,
Қайта жаққан шырағын сөнген ердің.
Соғыстан соң шарқ ұрып көп сабылғам,
Әкемді іздеп ішінен өлгендердің.
Іркітіне қызықпай ірілердің,
Айналғанның бірімін үніне елдің.
Өткен қыста көз жұмған анамды әлі
Жүрмін іздеп ішінен тірілердің.
Жұмыстарын жатқан соң бөтен істеп,
Елді ұмытып қалғыған көкеміз көп.
Момын жұрттың жоғалтқан асылдарын
Суық көрге кіргенше өтем іздеп.
Көңілімнің енші алып жемісінен,
Уақыттың у шашып желі ісінген.
Кетсем егер жоғалып,
Мені жоқтар
Бір мұсылман табылар ел ішінен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу