Өлеңдер ✍️

  04.03.2022
  152


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖЕҢЕР ЕДІ МЕНІ АЖАЛ

Арбасына тұрмыстың жегілгенде,
Қайтарған жан жоқ еді бетімді елде.
Ойладым ба қырсыққа тап болам деп,
Желбіреген тұлымым жетілгенде.
Ажал мені “бомбының” астына алған,
Шыбын жаным кеудеме бекінгенде.
Мүмкін келген шығармын дүниеге,
Дүниенің бір шеті кетілгенде.
Жыршы көрмей қолына домбыра алған,
Мені жанға балай ма болбыраған.
Жау ұшағы секілді ұшып келіп,
Сан алуан сырқатпен “бомбылаған”.
Өмірімнің беттерін мың аударған,
Қайдан опа көрсетсін мынау Жалған.
Бір сырқатқа бір сырқат жамалғанда,
Үмітімнің көздері қырауланған.
Қапас ойлар қажытып, миым ашып,
Азып-тоза бастағам күйім қашып.
Бұзып кіріп ішімді өртеді-ай кеп,
Үш-төрт сырқат өзара “ұйымдасып”.
 Төнсе де өктем табаға қуырғалы,
Келе жатыр жыға алмай туымды әлі.
Суық көзі ажалдың көп қадалған
Өңменімнен жанымды суырғалы.
Емханасы еңселі астананың
Қай сырқаттың бағады қас-қабағын.
Ажал кімнің кірмеген есігінен,
Талқандаған талайдың тас қамалын.
Шыбын жаным кеудеме бекінгенде,
Қайда барам тайсақтап, шегінгенде.
Жеңер еді мені ажал
Небір ауыр
Азабына шыдамай берілгенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу