Өлеңдер ✍️

  04.03.2022
  171


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨК БӨРІ ЖЫР ІШІМДЕ ЖАТЫР ҰЛЫП


Жылы самал алдымнан ескен еді,
Көшті аспанның көзіме кестелері.
Жазылса да жүректің дерті айығып,
Жазылмады жүректің есті өлеңі.
Даусы естіліп иттердің абалаған,
Жүрегімді жұлмалап жаралаған.
Шабыт құсым қайда әлгі...
Қанатымен
Көңілімнің әйнегін сабалаған.
Күлкілер де естілмей сыңғырлаған,
Бұлтты күндей көңілім тұнжыраған.
 Көк бөрі жыр жұлқынып шығар еді,
Бір пәле бар ішімде шынжырлаған.
Сыртқа атылып шыға алмай аласұрып,
Жатыр білем ішімде шамасы ұлып.
Бағым неге аспасын кім-кімнен де,
Көк бөрі жыр туса егер бақ асырып.
Қысастығын мен жаққа аттандырып,
Кім бөгейді жолыма қақпан құрып.
Көк бөріге айналып кетем ылғи
Көк бөрі жыр ішімде жатқанда ұлып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу