Өлеңдер ✍️

  04.03.2022
  152


Автор: Рафаэль Ниязбек

ТАЛАС СУЫ ТАРТЫЛДЫ ДЕМЕ, ШЫРАҚ!


Жағасына малтығып жеткен кеме,
Талас суы тартылып кеткен деме.
Өртенбесе өзегі өзенімнің,
Сендейлерге тістеніп, кектене ме.
Жағасында жайқалған тал-құрағы,
Толқып ағып Таласым жатыр әлі.
Тұнығында тұнжырап ақты қанша,
Құба талдың жел жұлған жапырағы.
Зауал туған мезгілде қан қаптырған,
Шөлдегенде суынан бал таттырған.
Тарлан Талас тамыры сардаланың
Қазақ, қырғыз арасын жалғап тұрған.
Жұртты аштықта бұл Талас асырады,
Алдында оның жүрегім бас ұрады.
 Алатауынан қырғыздың басталса да,
Даласына қазақтың асығады.
Асықса да қазақтай көңілді елге,
Көбесінен ұқсайды сөгілгенге.
Менің батыр өлкеме жеткен еді,
Жырымдалып жол бойы көрінгенге.
Табиғатты неге адам басынады,
Қоғам дерті әлі де асқынады.
Адам қолы жасаған қиянаттан
Жанарына Таластың жас тұнады.
...Жалдасаң да жаныңды жатқа барып,
Жүрме сен де кесірлі атқа қалып.
Талас суы тартылды деме, шырақ,
Арнасында көз жасым жатқан ағып




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу