Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  157


Автор: Абдрахман Асылбек

Нар тұлға

Қазақтың алып тұлғасы,
Өлеңнің өрен тұнбасы –
Олжас тұр асу асқарда,
Шағылып күнге шың басы.
Салады көзін бөктерге,
Салады көзін шеттерге.
Зымыран жылдар жылыстап,
Япырау, жылдам өткен бе?
Ойлаушы едік ол жас деп,
Қатарда жүрген жолдас деп.
Кетіпті-ау шырқап тым биік,
Орданы бұзған Олжас боп.
Баласы болмай жалқының,
Саңқылдап әр күн жарқын үн,
Қағыпты-ау қанат қияға,
Перзенті болып халқының.
Шығыс та оны таныды,
Батыс та оны таныды.
Жұлдызға қадап жанарын,
Ойларын отпен жаныды.
Ақынның ойы терең-ді,
Ақынның ойы ерен-ді.
Шығарса шыңға өлеңді,
Тарихшы әрі ол енді.
Асырды атақ, даңқын да,
Мызғымас мәңгі нар тұлға.
Олжас тұр асқар асуда,
Баяғы жігіт қалпында.
Ақылды адам толмас па?
Алтынды таққа қонбас па?
Бір бала туса қазақтан,
Тусын да ұқсап Олжасқа.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу