Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  124


Автор: Абдрахман Асылбек

Балалық махаббат

Балалық махаббатым
Алдыңда ақтарылды.
Шашатын шапағатын
Көп күттім ақ таңымды.
Ол кезде балаң едім,
Еш нәрсе ойламаған.
Ойынмен алаң едім,
Өмірге бойламаған.
Мәз едім, ойнаған боп,
Шашынан тартып өтсем.
Әрине, ойлағам жоқ,
Қыздардың алды деп сен.
Ай, жылдар өткен сайын,
Арамыз жақындады.
Сен гүлдеп көктем сайын,
Жүрегім лапылдады.
Біртіндеп қос анарың,
Кеудеңді кере берді.
Қалайша тоса аламын?
Ұстағым келе берді.
Сен енді жеңіл емес,
Сәніңмен салмақтандың.
Күлкің де тегін емес,
Айрықша ардақталдың.
Өзіңді сәл көрмесем,
Сабырым кетер болды.
Сөзіме мән бермесең,
Қадірің өтер болды.
Тілектер бір болғанмен,
Екеуміз екі үйдеміз.
Іс бітпес құр арманмен,
Ойлашы, не күйдеміз?
Балауса бала кезден
Жанымыз бір еді ғой.
Жетіліп сана-безбен,
Тәніміз түледі ғой.
Балалық өз алдына,
Ғашықтық бөлек екен.
Келші тез, тез алдыма,
Қосылу керек екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу