Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  140


Автор: Абдрахман Асылбек

Сен бір көктем

Танысуды өзіңмен
Бақытыма баладым.
Ақтарылған тезінен
Шабытыма баладым.
Мір оғындай сөзіңнің
Айрықша бір сезіммен
Ағытыла қарадым.
Тәңір сені қалайша
Жаратты екен қыз қылып?
Тал бойыңа тамаша
Таратты екен ізгілік?
Өртегендей тәнімді
Шараппенен қыздырып,
Тыңдай бердім әніңді
Қарап төмен үздігіп.
Бір ауылдың балқыған
Нұры десе нұрысың,
Жұпар исі аңқыған
Гүлі десе гүлісің.
Шаттық төгіп шалқыған
Жыры десе жырысың,
Аққудайын қалқыған
Білінбейді жүрісің.
Сен бір көктем құлпырған –
Бұқпа бұлақ дөңгелер,
Талай жігіт сыртыңнан
Сұқтанып-ақ сенделелр.
Аспас сыпсың-сыпсыңнан
Ықталып-ақ жеңгелер,
Еркек бар ма шын туған
Мықталып-ақ тең келер?
Қорықпадың қаңқудан,
Сөз ереді демедің,
Қорықпадың аңдудан,
Көз көреді демедің.
Жаңылмадың жарқылдан,
Өсе берді өнерің.
Тамылжыған тартымды ән
Әсеріне бөледің.
Өнеріме өскелең
Жаңа белең тастадың.
Мақсатыма көздеген
Санаменен бастадың.
Қашық екен сезбеген
Қала деген аспаным,
Түсіндірдің лезде сен,
Далада екен асқарым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу