Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  138


Автор: Абдрахман Асылбек

Жеңешем

Аспанда айға теңесем,
Асыра айтты деме сен.
Өзіңнен артық жан бар ма,
Жеңешем, менің жеңешем?
Ағаның көңлін табасың,
Ананың көңлін табасың.
Бәріне бірдей иіліп,
Бәріне бірдей жағасың.
Риза қайын сіңлің де,
Риза қайын інің де.
Жібектей жұмсақ мінезің,
Жүрекке жылы үнің де.
Ұсынып қымыз, айран ба,
Барыңды бүкпей жайғанда,
Көңілің үшін көл-көсір
Риза саған мейман да.
Риза құрбы-құрдас та,
Риза сыйлы сырлас та.
Өзіңдей асыл жеңгенің
Өмірде орны бір басқа.
Жеңешем, менің жеңешем,
Жаралған жансың ең әсем.
Аспанда айға теңесем,
Асыра айтты деме сен.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу