Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  186


Автор: Абдрахман Асылбек

Қасиетті жан

Жарасымды жанымыз,
Студенттік шағымыз.
Күндіз-түні «Қайықта»
Айтатұғын әніміз.
Әндерімен асқарлы
Тәнті қылған жастарды.
Шәмші ағамыз бір күні
Іздеп келді Асқарды.*
Аты аян баршаға,
Болғанымен қаншама,
Орта бойлы қағілез
Адам екен Шәмші аға.
Әр сөзімен таң етер,
Қуақылау жан екен.
Езу жимай тыңдайтын
Әзілі де бар екен.
Кетпегенмен аспандап,
Былай деді астарлып:
«Қасиетті барлық сөз
«Қ» әрпінен басталмақ:
Қазы, қарта, қыз, қымыз,
Қымыз ішіп қыздыңыз.
Қалдаяқов мені де
«Қ» әрпінен түздіңіз».
Ақ көңілін білдіріп,
Әзіл сөзін ілдіріп,
Шәмші ағамыз осылай
Отыратын күлдіріп.
Өнердегі таң еді,
Тұла бойы ән еді.
Қалдаяқов шынында
Қасиетті жан еді.
Ұқсап сыңғыр бұлаққа,
Үні қалып құлақта,
«Қайығына» мінді де,
Жүзіп кетті жұмаққа.
Қайда жүр деп танысы,
Алаңдайды Арысы.
Толқындары Каспидің –
Шәмші ағаның валісі.
Балғын жас та, кәрі де,
Тау да, тас та бәрі де
Тербеледі қосылып
Шәмші ағаның әніне.
*Асқар Сүлейменов


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу