Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  645


Автор: Қасым Аманжолов

Қысқы кеш

А.С.Пушкин
Қысқы кеш
Кешкі аспанда алай-түлей
Соққан боран көк дүлей;
Кейде ұлиды аш бөрідей,
Кейде жылап сәбидей.
Тозған лашық қамысындай
Суылдайды кейуақыт;
Түн қатқан бір жолаушыдай
Қағады әйнек бейуақыт.
Әрі мұңды,әрі күңгірт
Баспанамыз кеш құрым
Алдында әйнек болып жым-жырт
Неге отырсың кемпірім.
Әлде, досым,қажыдың ба,
Боран ұлып,бұйығып?
Әлде,талып қалғыдың ба,
Ұршығыңды иіріп?
Кел,ішелік осындайда,
Жарлы жастық серігім;
Ішелікші,кружка қайда?
Бір тарқасын шер бүгін.
Жырлашы бір,көк шымшық құс
Теңіз жайлап қалғанын;
Жырлашы бір,жас мұңлық қыз
Ертемен су алғанын.
Кешкі аспанда алай-түлей
Соққан боран көк дүлей;
Кейде ұлиды аш бөрідей,
Кейде жылап сәбидей.
Кел,ішелік осындайда
Жарлы жастық серігім;
Ішелікші,кружка қайда ?
Бір тарқасын шер бүгін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу