Аңыздар ✍️

  03.03.2022
  233


Автор: Қасым Аманжолов

АБДОЛЛА

(Ақын өлімі туралы аңыз)
Майдан етіп дүние төрің,
Темір, гүрзі қақтап отқа,
Жекпе‑жек кеп өмі, өлім,
Соққыласып жатқан жоқ па?
Арқалап сол майдан жүгін,
Қырғын соғыс ортасында,
Жүрегінің кекті зілін,
Қанды қырғын қапылыста
Айырылып бар жолдасынан
Жараланған жолбарыстай,
Өрт жанарлы бір жас ұлан
Қоса түйіп қорғасынға,-
Ырғып бұлттан түсер жайдай.
Өзі оқ боп атылғандай,
Ерегіске жанын тігіп,
Күтті жауын,
Тас бекініп.
Өмір гүлін жаншып, таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерімізде жындай қаптап,
Найзаға іліп ар‑ ұятты,‑
Келе жатты сұм жендеттер!
Жиіркеніп,
Жиырылды жер,
Жауға тамшы татырмастай
Буырқанып тасты өзеңдер.
Сол аймақтың әрбір тасы
Ұшқандай ед құс боп көкке,
Қанды көбік қара топтан
Ортасында бейне бір шың тас,
Өр кеудесін етіп қалқан,
Сол баяғы жатыр бір жас.
Қойып айды қараулыға,
Күн де шомды ұлы ұйқыға.
Қонды орманға қорғасын бұлт
Жат дыбысқа құлағын сап,
Тың тыңдаған адамға ұқсап,
Айнала аймақ тұрды жым-жырт.
Ойшыл орман мүлгіп, қалғып,
Төңіректің сырын аңдып:
Жайлап қана тартып сырнай,
Сыр шертеді ну қарағай.
Сонау орман етегінде
Жаланған от сатыр –сұтыр.
Қанды ізін қара түнге
Көме тастап жаулар отыр,
Сол бір оттан ыршып бір шоқ
Түсті ме ер кеудесіне?
Қойылғандай болды сол от
Динамиттің білтесіне.
‑Қасақы жау қарсы алдында
Қасақана көрсетіп қыр,
Сенің алтын ошағында
Ұрлық отыңн жағып отыр,
Түскен дұшпан терезеңнен
Қапылыста салып жара,
Қуса сені өз төріңнен,
Көнсең соған,
Не масқара!...
Құдірет күші, жер жаһанның
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу‑кегі
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл жүрек!
Бар арманым асқар тауым,
Көтеріл, ел, намыс туы!‑
Деп ер ұлан бақты жауын,
Жарқ‑жұрқ етіп жан ашуы.
Қанды пышақ‑жау күлкісі
Қақ жарғандай түн жүрегін,
Шошып ұшты орман құсы,
Көл күрсініп алды демін.
Қызғыш болып қызғанышы,
Ер күрсініп алды демін.
Қимай жауға көл арнасын,
Жалын шарпып, дем алысы,
Құшып жерін, сүйіп –тасын
Жүрегіндей сол аймақтың
Аласұрды намысты ұлан,
Ащы зары махаббаттың
Естілгендей күйінді жан,
Кеуде кегі жан ашуы
Кетті шығып от өзектен...
Көтерілді жаудың шуы
Түскендей‑ақ қаһар көктен.
Айнала жау ырсыл қағып,
Айдаһардай көтерді бас.
Кетті ілезде қызып, жанып
Дүниедегі бір ұлы айқас.
Зілзәлә боп жер мен аспан,
Соқты ұйытқып оқ бораны:
Қан кілікте қара тастан,
Түткіледі кең даланы,
Түсіргендей көктің миын
Зіркілдеді зеңбіректер.
Естігендей дозақ күйін
Көрден ытқып шықты өліктер.
Қара толқын орман шашын
Жұлды талдап снаряттар,
Міңгі мекен көл жағасын
Тастап, суға сүңгіді жар.
Ұмтылды жау ондап, жүздеп,
Тойтарам деп ердің саған,
Тұтқын етіп аламыз,‑деп,‑
Айқара ашып от құшағын.
-Ала алмайсың!‑ деді ер ұлан,
‑алмай қойман!‑деді жауы.
Қысты келіп жан‑жағынан
Темір торлы жау құрсауы.
Жеті қабат жер өзегін
Жарып шықты отты селдей.
Бет қаратпай өртеп лебі,
Оқ ораған орай сермей,
Соғып жерге жау жүрегін,‑
Бұрсанды кеп батыр ұлан,
Автоматтан түтетіп оқ,
Жау тобына лақтырылған
Жер мен көктің кәріндей боп.
Қанжарына қарақшының
Қарсы тосып өз кеудесін,
Қорғады жер батыр ұлан‑
Жаралы ана жиып есін.
Алмай қойман!‑деді дұшпан,
‑Ала алмайсың!‑ деді ер ұлан.
Қайсарлықпен шыққан даңқы
Келе жатты ауыр танк.
‑О, құдірет! Құнсыз темір
Кеше ғана жатқан тшаңда.
Біткендей‑ақ бойына өмір
Зірк‑зірк етіп қан майданда,
Көрдіңдер ме , енді мынау
Сайысады адаммен бұл.
О, зымиян, сұрқия жау!
Қайран өнер, қайран ақыл!
Деді де ол жалын шарпып
Жіберді өртеп жау танкісін.
Ол темірденталды тартып,
Адамзаттың өнер‑күшін.
Ыза боп жау жіберді өрт,
Кідірді ер, оқ таусылып.
Автоматты ең соңғы рет
Алды демін, тынды сұлық...
«Алтын туын бостандықтың
Бір килодай қорғасынға
Күліп тұрып, сатқан сұмға
Мен бе екем болар тұтқын!»
Серпіп ойын, сілкіп бойын,
Тұрды атып қарады өртке,
Қалды қатып, салды зейін,
Таңғажайып бір суретке:
Қызыл, жасыл киінген өрт
Көрінді оған боп қыз ойнақ,
Толқын торғын, жайнап букет,
Тым сиқырлы билеп, ойнап.
Ашып отқа омырауын,
‑естісін,‑деп,‑қырсық жауым.
Айтты ол шырқап өрт ішінде
Сүйген әні «Қарағым‑ауын»...
Қайсар батыр от киінген
Күш қайратын тіске жиып,
Жаңағы ақшыл ер жүзінен
Жалын тілін тұрды сүиіп.
Шұғыла шалған кешкі бұлттай,
Толқын шашты оттар ойнап,
Өрт топанын кешіп Нұхтай,
Жалғыз өзі тұрды бойлап,
Тұрды ұқсап, тұрды кейде
От ұстаған Пометейге.
Қара түнгі қанатындай,
Алыстағы нажағайдың,
Жарқ‑жұрқ етті жүзінде айбын,
Атылғандай ішінде жай,
Жан күнінің нұр шапағы
Күлкі ойнады келбетінде,
Сәл шытынап ай қабағы,
Ең соңғы рет келді тілге:
‑Жау жанында сен сүйкімді,
Кел бері өлім, күйіңді шерт!
Менің адал жүрегімді,
Жау алмасын, сен алшы өрт!
Қош бол енді туған елім!
«Кетті де, бір қарыздар жан».
Бұл емес ед көксегенім,
Бұл емес ед арманым!
Осы‑ақ болды, келген қолдан,
Осы‑ақ болды‑ау, әттең шіркін!
Сен бөгелме ұлы жолдан,
Туған халқым, туған жұртым!
Сенің ашу арыстаның
Сілкуші еді жер мен көкті,
Ту сыртынан шығып жанын
Алшы жаудан, алшы кекті,
Жасашы той! Бәлкім сонда
Еске алып бұл бөбегіңді,
Бір азамат өз ортаңда
Оқыр менің өленімді.
Қош бол енді, туған елім!
Кеттім, кеттік боп қарыздар.
Жоғал жауым! Кел бері, өлім!
Қош бол, достар! Достар! Достар!
‑О, дүние!‑ деген дауысы
От ішінде сәл тұншығып.
Өмір ақтық музыкасы
Басталды да қалды тынып.
Қағып алып сол бір күйді
Жалғастыра көкте жырлап,
Өрт үстінде көк түтінді
Құстар байғұс жүр шырылдап.
Айтып жұмбақ өлеңдерін
Аңыз болып бір сұлу жар,
Желпіп жалын желектерін
Келе жатты от сұлулар.
Айтты да ол соңғы сөзін,
Аударды бір отты көзін,
Жанарынан шырқ үйіріп,
Жер мен көкті алды жиып,
Сол бір көздің аясына
Кеткедей ед дүние сыйып.
Күй көңілді, жаз бейнелі
Алтын өмір мың құбылып,
Көз алдында жардай күліп,
Қасақана алды тұрып.
Ғашық жандай қайран өмір
Қиналдырмай қалатын ба ең?
Желпуші еді ол жуытпай кір,
Құс жанының қанатымен.
Кейде сағым кейде жалын
Арбады елес көз жанарын,
Көрді бәрін, құшты бәрін:
Туыстарың, жан достарын...
Кенет осы сұлу сурет
Тұрған жайнап көзді тартып,
Сұп‑сұрланып, о керемет,
Орны‑орнында қалды қатып.
Тұр еді ол үсте жалын
Алтын тудай шалқып, лаулап,
Жалп етті ту, жалт берді өмір,
От төсекке түсті лаулап.
Ұшты құстар шар тарапқа
Хабарлауға ер өмірін.
Ұмытылды жау таптамаққа
Ең болмаса қалған күлін.
Бұлтын жиып көкірегіне
Күрсінді бір аспан ауыр,
Қос қанатын соғып жерге,
Азаланып жетті дауыл,
«Таптатпан,‑деп,‑ күлін жауға»,
Құшып алып кетті дауыл,
Республика аспанында
Осынау күйді шертті дауыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу