Өлеңдер ✍️

  03.03.2022
  214


Автор: Қасым Аманжолов

ЖАУЫНГЕР ЖЫРЫ

Алқара көк астымда,
Белде болат қанжарым.
Күзеттемін мен мұнда,
Қайда менің жан жарым?
Ай сәулесі ойнайды.
Қанжарым да дірілдеп.
Жарым нелер ойлайды,
Отыр ма екен күлімдеп?
Отыр ма еке жан жарым,
Жатыр ма екен жан жарым?
Толған айдай дидарын
Көрмегелі жыл жарым.
Жарқылдаса қанжарым,
Жар жүзіндей қараймын.
Астымдағы ат жалын
Саусағымен тараймын.
Алқара көк ойнақта,
Жарқылдай бер, қанжарым.
Алаңдатпай, ойлатпа,
Күзеттемін жан жарым.
1940




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу