02.03.2022
  483


Автор: Сұлтан Оразалы

ƏР ҰРПАҚ ТЕЛЕЭКРАНҒА ӨЗ КЕЛБЕТІН ƏКЕЛЕДІ

 


Сұлтан Шəріпұлы Оразалы. Бұл адам бүкіл халқымызға кеңінен таныс тұлға. Көрнекті қоғам қайраткері, жазушы, көсемсөз шебері, теледраматург, аудармашы, баспагер... Ол теледидар саласына ұлт- тық жаратылысымызға тəн жанрлар əкелді: «Қымызхана», «Кек»,


«Отырар ойраны» сынды телеқойылымдар, «Сұхбат», «Кездесу»,


«Сахна» тəрізді əдеби публицистикалық туындылар, халық санасын оятқан «Айтыс», «Халық қазынасы» атты   хабарларды   айтсақ та болады. Бұл хабарлар жарыққа шыққан сайын миллиондарды экран алдына жинап, Қазақ теледидарының абыройын асырды. Қазақстандағы телеөнер бүгінге дейін бұл хабарларға балама пішін таба алмай келеді. Сұлтан Шəріпұлы мемлекеттік дəрежедегі жауапты қызметтер атқара жүріп те теледидардан қол үзген емес. Оның соңғы жылдары түсірген «Қазақ зиялылары туралы антоло- гия» деректі фильмдер топтамасы жұртшылықтан жоғары баға алды. Қазақ теледидарының бастауында тұрған, ұлттық көркем телевизияның негізін қалаған тұлға ретінде Сұлтан Шəріпұлының ой- пікірлері де жұрт назарын ерекше аударады.


Біз бүгін теледидардың өткені, бүгіні, болашағы туралы Сұлтан Шəріпұлымен ой бөліскенді жөн көрдік.


 


– «Қазіргі қазақ телевизиясының дамуына үлес қосып отырғандар- дың көбі – жастар», – дейді КТК телеарнасының редакторы О. Бай- мұрат. Жалпы жастар қазақ теледидарын «біз жасадық» дейді. Ал аға буын тележурналистер жастарды НТВ, CNN арналарына еліктейді, көшіреді деп кінəлайды. Бұл пікірлерге сіз қалай қарайсыз?


– Ең алдымен, жастардың бүгінгі телевизияның дамуына үлес қо- сып отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Телеөнер негізінен жастар- ға тəн ізденімпаздықты, əдемілікті, ұшқырлықты, алғырлықты қажет ететін өнер. Онда қатып қалған қағида жоқ. Əр ұрпақ телеэкранға өз келбетін əкеледі. Сондықтан ұрпақ алмасқан сайын жаңа буын келіп, алдыңғылардың орнын толтырады. Бірақ «Əр буын телеэкранға қан- дай туындылар əкелді? Көркемөнерге қандай олжа салды?» деген мəселелердің жөні бөлек. Бұл ретте терең зерттелген нақты дəлелдер- ге сүйенген жөн. Сондықтан қазақ теледидарын «біз жасадық» деп кейбір жастардың айтуы ұшқары пікір деп ойлаймын. Ал егер КТК- ның қызметкері солай ойласа, ол өз телеарнасының қысқа ғұмырымен ғана өлшеген болар. Қазақстанда «Көгілдір оттың» жанғанына жарты ғасырдан асып кеткенін, осы жылдарда бұл өнер саласында өз ізін қал- дырған əлденеше буынның өткенін ескермеу, əрине, əбестік. Өнердің дамуына дəстүр жалғастығы ерекше əсер етеді. Қазақ поэзиясының бүгінгі дамуына Абай биігінен, қазақ прозасының дамуына Мұхтар Əуезов пен Ғабит Мүсірепов шыңынан көз салмай əділ бағасын айту


 


бекершілік. Өнерде де солай. Ə. Қастеевсіз Қазақстандағы сурет өнерін, Ш. Аймановсыз киноөнерінің бүгінгі болмысын елестете аламыз ба? Бұл жерде əр дəуірдегі суреткерлердің өзіндік ерекшілігі мен өнерге қосқан үлесін аспаннан түкендей жеке-дара бөліп алу қисынсыз болар еді. Сондықтан кім қай телеарнада жұмыс істесе де, оның жасағанын жалпы телевизия тарихынан бөліп қарауға болмайды. Кешегісіз – бүгін жоқ екенін ұмытпаған жөн.


Ал бүгінгі телеарнадағы еліктеу, көшіру туралы мəселеге келетін болсақ, оны жоққа шығара алмаймыз. Турасын айтсақ, жалаң елік- теу мен көшіру – өнер емес, дəрменсіздік. Ал басқалардың үздік өнерін үйреніп, өзінше жол іздеу, сөйтіп жаңа сапалы бағдарламалар тудыру – ізденімпаздықтың белгісі. Бұл – барлық елдерде бар үрдіс. Мəскеу телевизиясындағы «КВН», «Что, где, когда?» «Поле чудес» т.б. бағдарламаларының түп негізі батыс елдерінен келген. Бірақ олар- ды орыс журналистері танымастай өзгертіп, əрлеп, ұлттық мазмұнмен байытып, жаңа сипаттағы туындыға айналдыра алған. Егер біздің теле- арнада осындай дəстүр қалыптасса, оны, əрине, қолдау керек.


– АҚШ-та президент қай штаттан сайланса, сол жақтан команда жасақтайтын əдет бар екен. Біздегі басқару жүйесіндегі командалық əдіске сіз қалай қарайсыз?


– АҚШ-та негізінен қай партия жеңсе, сол партияның талантты өкілдері билікке келеді. Оларда жерлестік сезімінен гөрі идеялық, мақ- саттық ниет басым жатады. Жаңа сайланған президент өзі қызмет еткен штаттың қабілетті адамдарын билікке тартуы мүмкін. Бірақ олар сан түрлі сыннан өткен жəне президент алға қойған бағдарламаны жүзеге асыра алатын белгілі адамдар болуы тиіс.


Соңғы 10–15 жылдан бері бізде де командалық əдіс етек алып, бар- лық жүйені қаулап кетті. Бірақ осының пайдасынан гөрі зияны ба- сым. Өйткені ол «команданы» біріктіретін белгілі идея, мемлекетті көркейтетін мақсат емес, жерлестік, рулық ниет пен тамыр-таныстық, мансаптыны қорғайтын құлдық мінез. Əкім, яки министр не айтса,


«Лəббай, тақсыр!» деп бас шұлғитын жарамсақ топтар. Мен өзім он бес жылдай Əділет министрлігінде қызмет істегенде көзім оған анық жетті. Министрлер өзгерген сайын ондағы басшы азаматтар түгелге жуық өзгеріп отырды. Олардың бəрі қабілетсіз болғандықтан емес, əрине, жаңа министрдің оқшантайына сыймағандықтан. Бұндай тəсілдің зияны ұшан-теңіз. Жаңа «команда» ес жиып, істі игергеніне уақыт өтіп кетеді де, жұмыс жүрмейді. Ал енді іске кірісе бастағанда министр ауысып,


«команда жинау» қайта басталады. Бұл тəсілдің қоғамымызды кеуле- гені соншама, ол облыстарға, аудандарға, тіпті ауылдарға да таралған.


Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін. Кезінде осы «командалық» ауру Қазақ телевизиясында үлкен дүрбелең тудырды. Ол «Қазақстан» телерадио корпорациясына Л. Храпунова төрайым болып келгеннен басталып, Ə. Көпішев пен Ғ. Доскен мырзалардың тұсында «рефор- малау» деген желеумен шыңына жетті. Арна қызметкерлері жасы,


 


кəрісі бірдей «жарамсыз» деп жұмыстан жаппай шығарылды. Отандық телевизияның отында шыңдалған, дəстүрлі мектептің тəрбиесін көргендер телевизиядан аластатылды. Өздері теле- визияның не екенін білмейтін, басшылыққа кездейсоқ келген осын- дай «төрағасымақтардың» дəуірінде алдыңғы ағалар салған теле- мектептің түп тамыры қиылды. Сөйтіп, қазақ телевизиясы ұзақ уақыт сал ауруына шалдықты.


Ұрпақтар жалғастығы, дəстүр сабақтастығы туралы сөз болған соң бір жайды сұрайын деп едім: мысалы, CNN арнасының жүргізушісі Ларри Кинг 78 жасында, өткен жылы, өз қалауымен 25 жыл жүргізген хабарын жапты. Владимир Познер 77-де, НТВ-ның саяси шолушысы Владимир Кондратьев 63-те, əлі хабар жүргізеді. Олардың пікірімен ел президенттері де санасады. Əрқайсысының дəстүрлі мектебі бар. Бізде неге олай емес?


Қазір сіз эфирде жұмыс істейтін, жасы елуден асқан адамды бүкіл еліміздегі телеэкрандардан таба аласыз ба?


– Сұрағың тым қатқыл екен. Əрине, жоғарыда айтқанымдай, жастың жігері, аға ұрпақтың тəжірибесі ұштасқанда ғана телеөнеріміз дами түсер еді. Кезінде тамаша хабарлармен, жүргізушілік өнерімен көзге түскен Ғаділбек Шалахметов, Фатима Бегенбаева, Светлана Татенко, Төкен Қаймолдинов, Қажы Қорғанов т.б. сияқты адамдарды эфирден ешкім де қуған жоқ. Бірі қызмет бабымен өсіп кетті, енді бірі еңбек демалысына шықты. Бірақ осы адамдардың шығармашылық қуаты сарқылды деп айта алмаймын. Осыдан бір жылдай бұрын Фатима Бегенбаеваның заң тақырыбында жүргізген хабарлар циклын көрдім. Олар əлі де бабынан жаңылмапты. Егер телеарналар оларды эфирге қайта шақырып жатса – ұтылмас еді.


– Ал өзіңіз ше? Неге өз жаныңызға жақын əдебиет, өнер тақы- рыбында тұрақты хабар жүргізбеске?


– Ондай ұсыныс айтқан телеарналар болған емес. Бірақ мен өзімді телеөнерден қол үздім деп айта алмаймын. Бұрынғы істелген жұмыстардан басқа, соңғы бес жылда «Қазақ зиялылары туралы антология» топтамасымен жиырма шақты деректі фильмдер түсірдім. Таяуда «Қазақстан» мен «Хабар» телеарналары ол фильмдердің көп- шілігін қайталап көрсетті. Сондықтан телеарна басшыларына алғыс- тан басқа айтарым жоқ.


– Қазір телевизиядағы режиссердің рөлі туралы аз айтылады. Ал сіз өз мақалаларыңызда оларды көгілдір экрандағы басты тұлғалар- дың бірі ретінде жиі жазасыз. Пікіріңізді кеңейтіп айтсаңыз жөн болар еді.


– Телевизияда əр маманның өз орны бар. Егер бір хабарды алатын болсақ, оны эфирге шығарғанға дейін ондаған адам тер төгеді.


Техникалық құрал-жабдықтарды, онымен қамтамасыз ететін инже- нерлерді айтпағанда, эфирге шыққан туындыдағы сөз, сурет, жарық, əуеннің басын қосып көркемдік тəсілдер арқылы автордың ойын бейне-


 


лі жеткізуге күш салатын маманның режиссер екені анық. Театрда, кинода – ол басты тұлға. Ал телевизияда – оның орны хабардың жанры- на қарай өзгеріп отырады. Публицистік, ақпараттық хабарларда алғы шепке журналистер шықса, көркем телевизияда режиссер шеберлігі мен шығармашылық қуаты маңызды роль атқарады. Бірақ режиссер неғұрлым талантты болса, өз қолтаңбасын қандай жанрда болса да сақтай біледі.


Осы тұрғыдан алғанда Қазақ телевизиясының тарихында бір топ көрнекті телережиссерлар еңбек етті. Олар – С.Шəріпов, Ш.Агишева, Е.Просолов, Е.Голосков, Е.Сацук, А.Бапишев, С. Естемесова, Ə.Дүйімбаев, Ы.Қасымов, Ш.Баймолдина, Е. Головинский, К.Қорғанова, М.Байсамбаев, Ж.Мұқатаев, В.Пономарев т.б. Бұлар негізінен телеқойылымдар мен көлемді көркем хабарларда, музыкалық туындыларда, бейнефильмдер жасауда көзге түсті. Ал жастар мен балаларға арналған хабар жасауда өзіндік шеберлік танытқан режисерлар де аз емес еді. Осылардың ішінде телевизия табиғатын жетік игерген, барлық жанрда да тамаша туындылар жасаған С.Шəріпов пен Ш.Агишеваны ерекше айтар едім. Олар аса жауапты, көп сағатқа созылатын мемлекеттік (кейде Бүкілодақтық) мəні бар жиындар мен мерекелерден жүргізген репортаждардан бастап, күрделі телеқойылымдарды экранға сəтті шығаратын. Солардың ішінде Ш.Агишева экрандаған түрік драматургі В.Онгореннің «Əсия» телеқойылымы көркемдік сапасы жоғары, Қазақ телевизиясының үлкен белесі болған үздік туынды екенін айту лəзім.


Қазір техниканың дамуына байланысты телевизияның көркемдік бояуы кеңи түсті. Тіпті техника күшімен жасалатын арнайы эффектіні пайдалану арқылы да көркемдік нəтижеге қол жеткізуге болады. Бұл ретте «Қазақстан» телеарнасының «Екі жұлдыз» бағдарламасының режиссурасын бөліп атар едім. Сондай-ақ осы арнадағы «Меншікті мекен», «Сен сұлу», «Қазақтың 100 əні» бағдарламаларының сəтті шығуы режиссер еңбегіне тікелей байланысты.


– Сұлтан аға, бір кезде Сізді қазақтың атақты сыншысы, ака- демик Серік Қирабаев «телесынның Сұлтаны» деп атаған еді. Бас- пасөзге берген сұхбаттарыңызда, мақалаларыңызда осы жас өнер- дің күнделікті тынысы мен бет-бағдары туралы көп жазғаныңыз да белгілі. Сізден сұрайын дегенім қазір телебағдарламаларға баға бере- тін сын жанры бар ма?


– Телевизия туындыларын үнемі бақылап, сын тезіне салып отыра- тын маманданған сыншылар жоқ. Бірақ соңғы жылдары зерттеу еңбектерімен айналысып жүрген ғалымдар бар. Олар телевизияның тарихы мен теориясын пайымдап, бүгінгі даму бағыты туралы да пікірлерін ара-тұра білдіріп отырады. Естуімше, жоғарғы оқу орын- дарында телевизия мен радио туындыларынан қорғаған ғылым кан- дидаттары бар көрінеді, бірақ олардың бірде-бір мақаласын көрген емеспін. Телевизияның тарихы мен өткен елу жылдағы экранға шық- қан хабарларын талдап, көлемді еңбек жазған филология ғылымының докторы Құдайберген Тұрсыновты ерекше атау керек. Ол соңғы жыл-


 


дары бірнеше кітап шығарды. Солардың ішінде «Қазақ теледидары. Тарих пен тағлым», «Қазақ тележурналистикасы: қалыптасу, даму проблемалары» атты еңбектері əзірге қазақ телевизиясын жан-жақты зерттеген бірден-бір еңбектер. Ал «Қазақ телевизиясы» атты көп том- дық энциклопедиялық ауқымдағы еңбегі осы жаңа өнер саласындағы айтылмай жатқан кем-кетікті толтыра ма деген үміт бар.


Өздерінің шығармашылық жолын негізге ала отырып, көгілдір экран- ның көптеген мəселелерін көтерген Ғ.Шалахметовтың «Мир приносит счастье», Махат Садықтың «Деректі фильмнен үлкен киноға дейін», Серік Аббас-шахтың «Өзім жəне телевизия туралы...» т.б. кітаптары жұртқа берері мол туындылар. Бұл кітаптардың шығуы көгілдір эк- рандағы ізденістердің текке кетпейтіндігін айқындайды.


Ал телевизиядағы туындыларға жедел баға беруде, көрерменнің көңілін экрандағы жақсы дүниелерге аударып, олардың талғамын тəр- биелеуде күнделікті баспасөздің орны айырықша. Бұл ретте «Егемен Қазақстан» газеті кезінде «Не көріп жүрсіз?» деген айдармен көптеген мақалалар жариялаған еді, өкінішке қарай, бүгінде ол саябырсып кетті. Ал «Айқын» газетінің апта сайын «Дидар» деген айдармен үзбей, табанды түрде мақалалар топтамасын беруі құптарлық. Онда қазір көзге түсіп жүрген телемамандардың сұхбаты жиі жарияланады. Əрине, жазушы сырын жазушының өзінен артық ешкімнің айта алмайтыны сияқты, телемамандардың өз тəжірибелері мен ойға түйгендерін ортаға салуы шағын экрандағы өнердің жасырын сырларын ашуға тигізетін пайдасы зор. Дегенмен «Айқын» газетінің басшылығы осы айдардағы мақалалардың, əсіресе сырт пікірлердің сапалы, кəсіби тұрғыдан биік талғаммен жазылуына мəн беріп отырса, ол көрерменге де, телевизия қызметкерлеріне де, жас өнеріміздің дамуына да пайдалы болары сөзсіз.


– Бір баспасөз мəслихатында режиссер Болат Атабаев мырза «Мен жылдан астам уақыт болды қазақ баспасөзін оқымаймын, оқығым келмейді. Себебі барлығының жазу стилі ұқсас, моральдық деңгейден ары аспайды. Сондықтан қазақ журналистерін жек көрем»,– деген еді. Атабаев мырзаның сынына қалай қарайсыз?


– Бұл білгішсінген адамның астамшыл сөзі тəрізді. Мен ол кісіні танымаймын, еңбегін де білмеймін. Бірақ мына сөзіне қарап сондай ойға тірелесің. Бүкіл қазақ баспасөзіне, барша журналистерге күл шашу – ол ақылдылық емес. Мен күн сайын 15-тен аса орыс-қазақ тіліндегі газет- журналды оқып, қадағалап отырамын. Сонда қазақ елінің тағдыры, тарихы, ғылымы, мəдениеті, тілі, діні туралы қазақ газеттері мен жур- налдары көсіле жазады. Ал орыс тілді басылымдарда ел тағдырынан гөрі түрлі жанжал, қорлық-зорлықтарға газеттен көп орын беріледі. Ел ішінің жанға батқан мəселелері, бүкіл халықты толғандырып отырған тіл мен дін мəселесі т.б. олардың қаламына ілікпейді. Ғаламтордан теріп алып, газет бетіне көшірген шетелдік материалдарды Қазақстандағы орыс тілді журналистердің еңбегі деуге аузым бармайды. Бұл жерде Атабаев мырзаның талғамын түсіну қиын. Менің ойымша, Атабаев


 


ұнатпайды, оқымайды екен деп қазақ журналистерінің қылшығы қисая қоймас. Ал егер қазақ журналистерінің шамына тиіп, «ояту үшін» олардың туындыларында өзекті, өткір ойлар, санаңда жатталып қалатын сирек деректер, мағлұмат көп болса екен деген игі тілекпен айтса жөн басқа. Ол үшін жек көрудің қажеті жоқ, өзіңде бармен газет бетінде бөлісіп, үлгі көрсетсе, əлдеқайда пайдалы болар еді.


– Сұлтан аға, тұтастай шолып қарасақ, Сіздің шығармашылық жолыңыз негізінен үш бағытта дамыған екен, Оның біріншісі – əдебиет зерттеушісі, сыншылық жол, екіншісі – тіл мəселесі, үшінші- сі – телевизиялық өнердің қыр-сырын игеріп, өз үлгіңізді жасау. Бұдан басқа, авторлық құқық туралы, өнер жайлы, құқықтық насихатқа байланысты талай мақалалар жаздыңыз. Дегенмен халқымыз Сізді Қазақ көркем телевизиясының негізін салушы ретінде көбірек таниды. Сіздің телевизияға қандай үлес қосқаныңыз белгілі, ал телевизия Сізге не берді?


– Өзіңіз айтқандай, тұтас шолып қарасам, теледидар менің бүкіл ойлау жүйемді өзгертті. Бұл – адамзат жасаған барша өнер атаулының басын қосып, кіріктірген синтездік өнер. Сондықтан оған бір ғана əде- биеттің, яки театр, музыка, кино өнерінің немесе суретшінің тұғырынан ғана қарай алмайсың. Бұнда осының бəрінің де қасиеті бар, бірақ өзге- ше дүние, өзінше əлем. Мен өзімнің алғашқы зерттеу еңбегім – «Шын- дық жəне көркемдік шешім» атты монографияны үш айда жазып шық- тым. Осылай кете берсем, талай жерге шабатын едім. Өйткені көп шешілмей, бір-ақ бағытта, томаға-тұйық, өзіңмен-өзің отырып жұмыс істейсің. Ал телевизиядағы əрбір жарты сағаттық бейнефильмге бұдан да көп уақытым кетіпті. Əрі оның азабы мен мехнаты, техника мен əр түрлі мамандық иелеріне кіріптарлық жүйкеге айрықша салмақ тү- сіреді. Телевизиямен тағдырын байланыстырған адамға жай талантты болу аздық етеді. Ол да осы өнердің өзі сияқты жан-жақты: білімділік, іскерлік, алғырлық, тапқырлық, еңбекшілдік, көпшілікпен жұмыс істей білетін, тіпті керек жерінде билік таныта алатын қасиеттері болса ғана мақсатына жетеді. Телевизия алып қана қоймайды, балауса жастан шыңдалған, жан-жақты маман өсіріп шығарады.


– Осы ретте тележурналистің белгілі тақырыпта мамандануына қалай қарайсыз?


– Заманның да, телевизияның да даму үрдісі солай. Кезінде бір га- зеттен оқығаным бар еді: Нобель сыйлығын алған, қатарынан озған, ұлы математик орта мектеп оқулығындағы есептерді шығыра алмай қи- налыпты. Бұған таңырқаудың қажеті жоқ, өйткені белгілі бір ғылымды үңги зерттеген ғұлама өзіне қажетсіз ақпараттармен басын қатырмайды. Телевизия дүниеге келген алғашқы кезеңдей емес, қазір оның да сала- саласында өз ісін үздік меңгерген мамандар өсіп жетілді. Сондықтан журналист те əр ғылымның басын шалмай, бір саладан, мысалы, экономиканы, финансты, өнерді, мəдениетті, ауыл шаруашылығын, саясатты т.б. терең игерген адам болса, олардың пайымына көрермен


 


де, сол саланың мамандары да иланар еді. Американдық CBS арнасын- да Уолтер Кронкайт деген журналист болды. Ол өз елінің саяси өмі- рін бес саусақтай білетін. Оның пікірімен Президенттер де санасатын. Сол Кронкайт алпысыншы-жетпісінші жылдары кезекті Президент сайлауында ұйқы-күлкісіз 24 сағат репортаж жүргізгенде, оның таңдауы кімге қарай ауса сол үміткердің алған даусы да өсіп отырған. Совет телевизиясындағы Юрий Жуковтың «Телевизиялық əңгімелеріне» тек совет басшылары мен көрермендері ғана емес, əлемдік саясаткерлер де құлақ түретін. Бұндай журналистер қоғамдық пікір қалыптастырудың үлкен шеберлері еді. Ал біздің еліміздегі телеарналарда тек спорт журналистері ғана тұрақты түрде өз тақырыбымен айналысады. Бірақ олардың ішінен Диас Ахметшəріп сынды бірен-сараны болмаса, бір кезде жастардың кумиріне айналған Сейдахмет Бердіқұлов, Несіп Жүнісбаев тəрізді спорт журналистерін табу қиын.


Өткен жылы «Қазақстан» телеарнасынан Азиада күндері өзі біл- мейтін спорт тақырыбында хабар жүргізіп көрген əнші Мəдина Садуа- қасованың сəтсіз əрекеті – қаншама танымал болсаң да, «білегің көтермейтін шоқпарды беліңе байлама» дегеннің керін келтірді. Телеэкран табиғаты шынайылықты қалайды.


– Қазақстанда екі жүздей əр түрлі деңгейдегі телеарналар бар. Солардың ішінде қай арна қазіргі ақпараттық технологиялар дəуірінің тасқынына төтеп бере алады деп ойлайсыз?


– Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін барлық телеарналардың бас- ты бағдарламаларын көріп, шығармашылық мүмкіндіктерін ғылыми, сыншылық тұрғыдан сараптау керек. Менде ондай мүмкіндік жоқ. Жергілікті телеарналардың қайдан көрсетілетінін де білмеймін. Ал республикаға кеңінен таралатын 7–8 арнаны алатын болсақ, олардың ішінде «Қазақстан» мен «Хабардың» орыны бөлек. Соңғы 5–6 жылда


«Қазақстан» телеарнасы əрбір маусымда жаңа бағдараламалар ашып, шығармашылық ізденістері толастамайды. Биылғы «Қазақтың 100 əні» бағдарламасы бірте-бірте көркейіп, бет-бағдарын айқындап, көрерменннің көзайымына айналып келеді. «Хабар» агенттігінің


«Таразы», КТК арнасындағы «Кейіпкер», «7» арнаның «Нысана» сараптамалары көңіл бөлуге лайық туындылар. Биылғы жылдың аяғы- на қарай тұтастай қазақ тіліне көшетін «Қазақстан» телеарнасының жүгі жеңіл болмайды. Бірақ бұл ұжымның ұлттық хабарлар жасауда тəжірибесі мол, ел сенімін ақтайтыны сөзсіз.


Қазіргі замандағы ақпараттар тасқыны жан-жақтан қаумалаған за- манда ұлттық телеарна өз бетін нақты айқындап, шығармаларының көркемдік сапасына қатты көңіл бөлгені жөн. Ұлттық əдет-дəстүрді түп негізге ала отырып, заманның талабына сай көркем бояулар, стильдік ізденістер, жаңа түр табуға талпынса еңбектері жанбақ. Қазір еліміздегі басты телеарналардың техникалық мүмкіндіктері өте зор. Тек сол қаруды лайықты пайдалана білетін талантты шығармашалық топтарды жасақтай алса жарар еді. Əр телеарнада дарынды екі-үш топ жұмыс


 


істесе, сол телеарна ақпараттық тасқынға төтеп беріп, өз бейнесін, ерекшелігі мен ұлттық қасиетін сақтап қалмақ.


Біз Сұлтан ағамен тек телевизия туралы ғана сөйлескен едік. Ол кісі жетік білетін өнер мен мəдениет, əдебиет пен тіл мəселесі, еліміздегі құқықтық насихат пен зияткерлік меншік туралы ой- пікірлерін бұл əңгімеге қосқамыз жоқ. Соның өзінде телевизияның тарихы мен бүгінгі бітімі туралы айтқандарын толық қамти ал- мағандықтан кейбір мəнді ойларын термелеп шықпақпыз.


Сұлтан Шəріпұлының пікірінше, басқасын айтпағанда, еліміздегі басты телеарналардың менеджерлері орыс тілді мамандар болған- дықтан, қазаққа арналған хабарларға да олар орыс көзімен қарайды. Қазақтың жан дүниесі мен жаратылысына тəн дүниелердің аз болуы соның салдары. Ал ұлттың өз бойынан туған «Айтыс» тəрізді хабарда ақын сөзінің асылы сұрыпталмай, талғам-таразысына тартылмай, күл-қоқысы аралас көрсетілуі, біреулердің табыс көзіне айналуы, оның бəсін түсіріп, жалықтыра бастады. Қазір бірнеше телеарнада таңғы хабарлар бар. Солардың екі тілде жүргізілуі – сиыр бас, қой аяқ мақұлық сияқты əсер қалдырады. Ол екі тілді қазаққа түсінікті болғанымен, қазақ тілін білмейтін жұрт шешілген бидайды теріп жегендей, өзі ұғатын ақпаратты əрең табады. Сондықтан оны көруге ықыласты емес.


Ресми ақпараттарға қарағанда, ел аумағында 27 жоғары оқу ор- нында журналист мамандығы дайындалады. Оларға қандай ұстаз- дар дəріс оқып жүр? Алматы мен Астанадағы əл-Фараби атындағы ұлттық университет пен Л.Гумилев атындағы Еуразия универси- тетіндегі журналистика факультеттерінің өзінде телевизия сала- сын терең зерттеген ғұлама ұстаздар бірен-саран ғана. Сонда қалған 25 оқу орнында кімдер ұстаздық етеді? Шала ғалым, шалағай сабақ берушіден қабілетсіз, надан шəкірттер өсіп келе жатқан жоқ па? Олардың обалы кімге?


Телеэкранда хабар жүргізуші – көрнекті де беделді маман. Əрине, ол көрермен талғамынан шыға білсе ғана. Ал өңі жылтырап, киім- дері жарқырап тұрғанымен, ой-өрісі тар немесе даусы шіңкілдеп, не шаңқылдап шықса – одан не қайыр? Қарапайым ауызекісөздің өзін дұрыс айта алмайтындар қазір телеэкранда көбейіп барады. Оларды эфирге шыққанға дейін кімдер талқыдан өткізеді? Əр хабарды жүргізетін адамға қойылатын талаптар қандай? Бұл да өзекті мəселенің бірі. Жалпы елімізде телевизия мен радионың теориялық жəне практика- лық мəселелеріне арналған, мамандардың кəсіби білімін жетілдіретін ғылыми орталық пен арнайы журнал ашатын кез əлдеқашан туды. Телевизияның дамуы үшін оның екеуі де ауадай қажет...


Сұлтан Шəріпұлы айтқан ойлар осылайша жалғаса береді.


Əңгімелескен Ұлдай Ділімбетқызы.


«Жас Алаш» газеті, 26 мамыр 2011 жыл


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу