02.03.2022
  164


Автор: Сұлтан Оразалы

БАСТАУ

 


Өмірімнің ең бір қызулы да қызықты шағы теледидарда өтіпті. Алматының Бейбітшілік жəне Сəтбаев атындағы көшелерінің қиылы- сындағы биік темір мұнараның түбіндегі еңістеу жерде тұрған жатаған сұр үйдің табалдырығын тұңғыш рет аттағанда жиырма үш жастағы, жаңа ғана университетті тəмəмдаған, бетіне күле қарағанның бəрін дос- бауыр санайтын, бітіргені болмаса да, əдебиет пен өнерде ұлы жаңалық ашуға жаратылған жандай, берік сенімі бар, аңқылдақ жігіт болсам, осы сұр үйден басқа қызметке ауысқанда (Орталық партия комитетінің мəдениет бөліміне) қырық үш жасқа аяқ басқан отағасы едім. Өмір өз тезіне салмай тынбайды. Қайда жүрсең де қызық пен тауқымет астасып жатады. Бірақ кешкен ғұмырыңның қауызы мен дəнін аршып қарағанда, сөз жоқ, уақыт желі қауызын ұшырып, еккен, терген дəнің ғана қалады. Оның салмағы мен нəрі – сенің тіршілігіңнің мəнін анықтаса керек.


Бір жерде, бір қызметте тапжылмай өткізген жиырма жыл көп пе, аз ба? Əрине, жас ғұмыр үшін бұл өте көп еді. 1967 жылы МГУ-дің тележурналистика кафедрасының меңгерушісі, теледидардың үлкен білгірі Р. Борецкий деген профессормен жолыққанымда, ол:



  • О, сіз үш жылдан бері теледидарда істеймін дейсіз бе? Бұл көп уақыт, өте көп уақытыңыз кетіпті əрі үлкен шыдамдылық жасапсыз, – деп өзі де таңырқап, мені де таңырқатқаны бар. Ал сол қазандай қайнап жатқан теледидар тіршілігіне жиырма жыл өміріңді арнауды қалай бағаласақ екен?!


Бірақ, қалай болғанда да, мен осы бір кезеңді көбірек еске аламын. Өйткені теледидар – адамзат тіршілігіне жаңа ғана кірген, өнердің жаңа саласы еді. Басыңда ойың, көкірегіңде нəр болса, ойы қуатты, өркениетті елдің азаматынан сенің нең кем, бойкүйезденбей іске кіріс, жарысқа түс, халқыңның, еліңнің өнерін көгілдір экранға əкел, жаңа өнердің бастау көзіне тап болған екенсің, қапы қалмай, бар талантыңды таныт дегендей намыс оты қамшылап, тыныштық бермейтін.


Қазір артқа қайырылып қарасам, телеэкранның барлық жанрында үш жүзге жуық əдеби сценарий жазып, бірнеше мың ірі хабарларға редакция жасаппын. Өзім авторы болмасам да, шығармашылық ұжым- ның басшысы ретінде əдебиет, өнер, мəдениет саласындағы жүздеген телехабарлардың экранға шығуына ойымды, білімімді, уақытымды, күш-жігерімді аянбай жұмсағаным тағы бар.


Хош, міне, талай жылдар өтті. Сол еңбектен артымызда не қалды? Ойыма өзімнің екі досымның дауласып қалған оқиғасы оралады. Жас- тық кезде жүректі кернеген арманмен қоса, кейде «осы сен кімсің, не бітірдің, артыңда не қалады?» деген сұрақтарды тосыннан, аяусыз қойып, қызылшеке дауласатын күндер жиі кездесетін. Сонда:


– Сен, Оразалин, өзіңнің эфирге сағым болып таралып кетіп жат- қаныңды сезесің бе осы, – деді таяуда ғана алғашқы əңгімелер жинағы шығып, өзін классиктер қатарына əлдеқашан қосып қойған бірінші досым


 


сұйық мұртын жылмита сипап. – Мына біз не жазсақ та тасқа бастырамыз. Ол өшпейді. Жақсы болсын, жаман болсын менікі болып тарихта қалады. Жылдар өткен соң да іздегендер тауып алады. Ал сенен не қалады? Кеше көрдім, бір телехабарды жасау үшін ақ тер, көк тер болып соншама күш- жігеріңді жұмсадың. Оны қойшы, менің намысымды келтіргені, бірге жүріп, Пушкин кітапханасында жылдар бойы көз майыңды тауысып, жиған-терген біліміңді өзің пайдаланудың орнына əлдекімді ақылды, мəн- ді етіп көрсету үшін сөзін жазып беріп, аузына салдың. Сонда не шықты? Ол көк ми жұрт алдында білікті адам болды, сен соның шашбауын көте- ріп отырған жəй ғана жүргізушісің. Қой, таста бұл тірлікті! Талантыңды шашпа! Бір телехабарға кетірген уақытта бір əңгіме немесе əдеби мақала жазсаң, өшпейтін еңбек сол болады.



  • Жоқ, мен сенімен келісе алмаймын, – деді екінші досым құлағы қалқиып. Бұл да кітап шығарған, білдей ғылым кандидаты. Газетте де өнімді еңбек еткен. Ағымдағы саясатқа, ғылым, білім, өнер атаулы- ның жаңалықтарына басқаларға қарағанда əлдеқайда жүйрік, білгір жігіт. – Оразалиновскийдің бағыты дұрыс. Сен тарих қазумен жүрсің, мен əдебиетті тінткілеумен əуремін. Ал мына көз алдымызда туған те- ледидар дейтін жаңа өнерді кім жасайды? Дарынсыздар ма? Содан соң қайсымыздың тарихта қалай қалатынымызды бір құдай білсін. Бəлкім, жаңа өнердің бастау көзінде тұрған Оразалиновский озар бəрімізден. Содан соң өнердің жаманы жоқ. Əншіні алайықшы. Бір сəттік қана өнер. Айтылды – қалды. Қайсымыз Біржан мен Ақан серінің əнін тыңдап едік. Бірақ ұлы əнші екендігіне дауың бар ма?! Ғұмыры бір қыстық, яки бір жаздық қана болса да, бүкіл адамзат соларға қарап бой түзейтін француз модасын жасаушының еңбегін өнер емес деп айта аласың ба? Теледи- дар да солай. Қазір үшеуміз көшеге шығайық, елге барайық, сонда жұрт алдымен Оразалиновскийді таниды, құрметпен амандасады, өйткені оның хабарларын қалың жұрт көреді. Бізді қалың жұрт оқи ма? Мəселе осында. Ал таяу жылдарда бейнетаспалар шығып, оны монтаждау мүмкіндігі туады деп жатыр. Тасқа бастырдың не, бейнетаспаға жаз- дырдың не? Екеуі де ұзақ сақталады. Тек талантты туынды болсын де. Шын талант сағым болып сейілмейді, тесіп шығады.


Бұл күнде атақ-даңқтары бүкіл елге мəшһүр екі досымның да сөз- дерінде шындық бар еді. Біріншісі айтқандай, бейнежазу тумай тұр- ғанда жүздеген еңбегімнің бу болып ұшып кеткені рас. 1964–1984 жылдар аралығында қазақтың іске татыр ақын, жазушы, ғалым, өнер қайраткерлерінен мен телеэкранға шығарып, шығармашылық бейне- лерін көрсетпеген адамдар кемде-кем шығар. Əдебиетте Сəбит Мұқа- нов, Ғабит Мүсіреповтен бастап Шөмішбай Сариевке дейін, театр өне- рінде Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұловтан бастап Құдайберген Сұлтанбаевқа дейін, сурет өнерінде Əбілхан Қастеевтен бастап Салихитдин Айтбаевқа дейін, кино өнерінде Шəкен Аймановтан бас- тап Сатыбалды Нарымбетовке дейін, сəулет өнерінде, ғылым са- ласында, мемлекеттік істе болған талай майталман қайраткерлер


 


туралы жаздым, олармен ой бөлісіп, пікір алмастым. Оған əлемнің отызға жуық елінің даңқты ақын, жазушы, өнер қайраткерлерін қос- сақ, бұл тізім ұзара түседі. Əдебиет пен өнердің өзекті мəселелерін қозғаған телехабарлар, шынайы телеөнер туындысы болып саналатын ондаған қойылымдар сақталмады. Ең өкініштісі сол. Бірақ осының бəрін ізсіз кетті деуге де болмайды. Қазір сақталып қалған «Сұхбат» сериясынан көрсетілген хабарлар көрермендердің қай ұрпағына болса да қажет екені сөзсіз. «Сұхбат» сериясы аяқталған соң он жыл- дан кейін эстон журналисі Урмас Оттың көптеген сыйлықтар ал- ған «Теледидарлық танысулар» деген атпен орталық теледидардан жүргізген хабарлары түрі, түсі, тіпті қойылатын сұрақтарына дейін


«Сұхбаттан» аумайтынын ескерсек, «Ақыл – ауыс, ырыс – жұғыс» деген қазақ мақалының өміршеңдігіне сенеміз. Бұған таңырқайтын ештеңесі жоқ. Урмас Отт эстон теледидарында диктор болып істеді. Ол кезде бауырлас республикаларда телехабарлар алмасып, бір-бірімізге барып келу жағы жиі болатын. Сонда тілін түсінбесек те, ұлттық теле- дидардың хабарларына, олардың ерекшеліктеріне қатты көңіл бөлуші едік. Бір елде табылған жақсы тəсіл екінші елдің теледидарына көшіп, дамып, төл туындысындай сіңісіп кететіні жаңалық емес. Айта берсек, бұған мысал көп. 1990 жылы Америкаға барған Владислав Листьев теледидардан «Шырқ айналған сəттілік» («Колесо фортуны») атты хабарды көреді де, қайтып келісімен «Ғажайыптар алаңын» («Поле чудес») жасайды. 1957 жылы Дүниежүзілік жастар мен студенттердің фестивалі кезінде өзінің чех досынан «Тап, тап, тапқышбек» («Гадай, гадай, гадальщик») атты хабардың барын естіп білген Сергей Муратов соған ұқсас «Қызықты сұрақтар кешін» ұйымдастырады. Қазіргі даң- қы жайылған КВН-іміз, міне, осы хабардың сəл өзгерген түрі. Поляк теледидарынан алынған «13 орындықты» кабачокты», француздан көшкен «Қуыршақтарды» («Куклы») айтсақ, бұл тізім созыла береді. Қазіргі көптеген телекомпаниялар көрсетіп жататын телеойындардың түп атасы да жергілікті емес. Ал «Сұхбаттың» қазақстандық нұсқалары Ж. Ахметованың «Тұлға» («Личность»), Б.Құсанбаевтың «Өмір – өзен» хабарларында айқын байқалады. Өкінішке орай, өркениетті елдердегідей, «бұл жобаның түп атасы пəленше еді» дейтін ескерту қазақстандықтардың ойына да кіріп шықпайды. Өйткені көгілдір экрандағы авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ететін көптеген түйіндер заң жүзінде толық шешімін таппай отырғаны мəлім.


Жетпісінші жылдары теледидарда өзіміздің төл туындыны жасау талпынысы ерекше етек алды. Осы кезде теледраматургияны өрістету, шағын экранның ерекшелігіне сай қойылымдар əзірлеу, ұлттық дəс- түрді, өнерді, əдет-ғұрыпты насихаттау жағына айрықша көңіл бөлдік. Бұл ретте істелген істің бəріне тоқталмай-ақ, «Қымызхананың» эфирге шығу тарихын қысқаша баяндап кетейін.


«Қымызхананың» жарыққа шығуына сол кезде Орталық теледидар- дан көрсетіліп, əбден мəшһүр болған «13 орындықты» кабачоктың»


 


əсері тимеді десем күпірлік болар еді. Бірақ бұл сыртқы əсер ғана. Біз өзіміздің көп сериялы төл туындымызды жасауымыз керек еді. Оның оқиға өтетін тұрақты орыны, белгілі кейіпкерлері қандай болуы керек дейтін сұрақ үнемі мазалайтын. Сол кезде балалық шағымда Аягөздің базарында көрген қымызханалар есіме оралды. Жаз шыға ауданның барлық колхоздары сауын биелерін қаланың маңайына жайғастырып, күн сайын базарда қымыз сататын. Ол үшін базардың бір қапталы тү- гелдей шымнан, тақтайдан жасалған шағын қымызханаларға толып тұрушы еді. Əр колхоз өз қымызын жылдам сату үшін барынша əспеттеп жатады. Ал қымыз ішушілер ең алдымен қымызханаларды асықпай аралап, дəмін татып, ең жақсы дайындалғандарына ғана табан тірейтін. Кімнің қымызы жақсы екені сол сəтінде-ақ бүкіл базарға, қала берді қала халқына тарап үлгеретін. Осылардың ішінде күн сайын қонағы жыртылып-айрылатын, əрқашанда ойын-күлкі, əзілі жарасқан, сырнай үні үзілмейтін бір шағын қымызхана болды. Сатушысы сол кезде отыз- дар шамасындағы, əппақ борықтай, сұлу мүсінді, жұрт Ақтамақ атап кеткен əйел еді. Ашық жүзді, əзілкеш, əнші, ыдыс-аяғы, дастарқаны таза, қымызы бапты Ақтамақты жұрт қатты қадірлейтін. Сонымен қоса осы қымызханада соғыстан мүгедек болып оралған, жоғары білімді заң- гер, келген-кеткен жұрттың арызын орыс, қазақ тілінде бірдей келісті- ріп жазып беретін, ішімдікке салынып кеткендіктен қызмет істемейтін, ақкөңіл, сырнайын серпе тартып əн салатын Титақов (атын ешкім біл- мейді) деген кісі отыратын. Осы екеуінің маңына жұрт қарақұрым боп үймелеп, айтылып жатқан əңгімеге ішке сыймағандары сырттан құлақ түруші еді. Ал қымызханаға кімдер келмейді? Қашқан да, қуған да сонда түйісіп, тоқайласып жатады. Күн сайын сан түрлі оқиғалар өтіп, алуан түрлі əңгімелер айтылады. Кіріптар болып келгендерге Титақов заңға сай бағыт береді. Ал арызды өзі жазып берсе, ол ешқашан нəти- жесіз қалмайтын. Жаңадан жасалатын көп сериялы спектакльді мен осылайша «Қымызхана» атап, оның тұрақты кейіпкерлерінің про- тотипіне Титақов пен Ақтамақты алмақшы болдым. Осы идеяны ең алғаш режиссер Ш.Агишева мен редактор Ə.Тауасаровқа айтқанымда, ол екеуі де құлшына құптады. Пікір алысуымыз бірнеше сағатқа со- зылды. Əрқайсысы ұсыныс айтып, толықтырып жатты. Алғашқы кез- десудің өзінде-ақ біз екі рольді ойнайтын тұрақты актерлерді белгіле- дік. Оған Ақтамақ рөліне Нүкетай Мышпаева мен Титақов рөліне Сəбит Оразбаевты лайық санадық. Енді осы «Қымызханаға» келіп- кетіп, өсек тасып жүретін, тұрақты жұмыс істемейтін, қызылкөздеу бір кейіпкер керек еді. Сол кезде редакцияда жұмыс істеп, таяуда ғана өзіміз əрең құтылған, пəлеқор, надан, сайқымазақ өлең жазатын бір ақынсымақ есімізге түсті. Ол кезекті бір лаң салып, ұрыс шығарғанда оған редакциядағы жас қызметкердің «Апырай, ағай-ай, өкірештеніп қоймайды екенсіз» дегені жадымда қалыпты. Өкіреш есімі де, бейнесі де содан шықты. Оны ойнауға Р. Тілеубаевты таңдап алдық. Ш.Агишева көп ұзатпай суретшілермен бірігіп «Қымызхананың» макетін əзірледі.


 


Ал біз, Əділбек Тауасаров екеуіміз, қолда бар материалдарды іріктеп, жоғын бұрын жарық көрген шығармалардан іздеп, пьесаның төс- табанына жататын оқиғалардың жобасын жасадық. Дайын болған шығармалардың негізінде телесценарийді əзірлейтін, бұл циклды тұ- рақты жүргізетін, авторларды ұйымдастыратын жеке адам керек еді. Оған мен Кəкімбек Наржановты лайық санап, басшылармен келісіп, радиодан теледидарға ауыстырдық. К.Наржанов «Қымызханаға» зор үлес қосты. Нақты адамдардың орнына Шөңгебай, Теңгетай, Жаз- ғанқұл сияқты кейіпкерлердің атын ұсынған да Кəкең болатын. Бұл сериядан 25 қойылым жарық көрді. Сценарийіне отыздан астам автор- лардың шығармалары пайдаланылды. К.Наржанов үлгере алмай жат- қан кезде оның бірер санын мен, кейбіреуін Ə.Тауасаров əзірлеген кездер де болды. Қойылымның негізгі режиссері Ш.Агишева еді. Қазақ теледидарының тарихында көптеген талантты туындыларды экранға шығарған бұл режиссердің еңбегі ұшан-теңіз. Шырын Оспанқызы Агишева – мол білімді, зерек, алғыр ойлы, теледидар режиссурасын жетік игерген маман. Оның көптеген шəкірттері телеэкранда қазір де жемісті еңбек етіп келеді. Солардың ішінде М.Байсамбаев, Ж.Мұқатаев, К.Қорғанова сияқты телережиссерлер де «Қымызхананы» қоюға өз үлестерін қосты.


«Қымызхана» төңірегінде дау-дамай жиі кездесетін. Шымбайға ба- тып кететін кейбір өткір əзілдерді жайдақтаған кездер де болды. Тіпті


«қазақта қымызхана деген болған емес, оны қайдан шығардыңдар, мұны «Сыраханадан» алғансыңдар» деп дауласқандар да табылды. Сол кездегі Теледидар жəне радио жөніндегі Мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары А.Шманов марқұм менің қымызханаға бай- ланысты айтқан əңгімелерімді мұқият тыңдаған соң, Орталық коми- тетке барып, оларға ұзақ түсіндіріп, «Қымызхананың» атын бекітіп қайтқаны есімде.


«Айтыс» хабары да қиындықпен жарық көрді. Ол туралы осы кі- таптың ішінде толығырақ айтылатындықтан, ұзақ тоқталудың қажеті болмас. Тек айтарым – айтыс теледидар үшін таптырмайтын олжа, егер əлемдік телеөнеріне ұлттық үлес қосқымыз келсе, осы айтыстың төңі- регінде ізденуіміз керек. Ал қазіргі Ж.Ерманов иелік жасап жүрген телехабарлар өте қарабайыр, талғамсыз, ауылдың «əлеулəйінен» ұзап кетпеген, жұртты жиып алып, болымсыз сөзге ыржалақтаған ойсыз адамдарды экраннан жиі-жиі көрсетумен тынатын, ақындарының өресі де болымсыз туындылар. Іздену жоқ, əзірлік жоқ, айтары да шамалы. Жақсы істі қор қылудың үлгісі осы болар. Теледидардағы айтыс мүлде басқаша жасалуы керек. Ол айтыс өнерінің барлық түрін қамтып, теледидардың техникалық мүмкіндігін, өзіндік ерекшелігін ескере отырып режиссердің батыл шешімін қажет етеді. Қазіргі ұйым- дастырылып жүрген айтыстың түрі ауыл сахнасына, той-думанға жарағанымен, телеэкранға мүлде келмейді. Бір қалыптан аумайтын хабарлар жұртты мезі етіп, жақсы өнерден жирентіп алуы мүмкін.


 


Сондықтан əрбір айтысқа қатаң талап қойып, нағыз сөз маржанын теріп алғанда, оны түр жағынан да байытып, көркемдік сапасын арт- тырғанда, айтыс арқылы нағыз телетуынды жасағанда ғана бір нəтижеге жетуге болады.


Əр телехабардың өзіндік тарихы бар. Тіпті уақытында түсіріліп, сақталып қалған шағын телесюжеттің өзі кейде тарих үшін аса құнды құжат болып қалады. Шағын алғы сөзде əрқайсысына тоқталып жату мүмкін емес. Қазір өткен күндерге көктей шола қарасам, өкінетін тұстары да, далаға кеткен аққұла еңбек те, мақтанышпен еске алатын сəттер де жеткілікті көрінеді. Өзіммен қатар қызмет істеген көптеген талантты əріптестерім туралы толығырақ айтып, жазу керек екенін де түсінемін. «Айда – аяқ, жылда – жілік жоқ» дегендей, уақыт зымырап өткен сайын көп жайлар көмескі тартып, шын таланттардан гөрі ортаңқол пысықайлардың аты жиі атала бастады. Қазақ теледидарының қырық жылдығы тойланған кезде оған көзіміз анық жетті. Əрине, медет тұтатын жайлар да бар. Қазақ теледидарында алпысыншы- сексенінші жылдар аралығында көрсетілген көрнекті хабарлар туралы университеттерде диплом жұмыстары жазылып, жас ғалымдар диссертация қорғай бастады. Өзі де теледидарда жемісті еңбек еткен Қ.Тұрсынов сияқты зерттеушілер көлемді кітап та шығарды. Бұның бəрі – еңбектің елеусіз қалмайтынының белгісі.


Жиырма жыл... Бұл, əрине, аз уақыт емес. Теледидарда мені ешкім де зорлықпен ұстаған жоқ. Кез келген уақытта басқа қызметке ауысуыма мүмкіндіктер де туды. Бірақ кете алмадым. Əлдебір тылсым сыр, осы өнер саласына деген құштарлық мені билеп, матап басқа жаққа мойын бұрғызбады.


Жетпісінші жылдардың басында болса керек, бірде мені М.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының директоры Əди Шəріпов өз кеңсесіне шақырды. Келсем, төрдегі столдың алдындағы жатаған креслода аяғын көлденең созып, таяғының ортан беліне сүйеніп Əбекең, Əбділда Тəжібаев отыр екен. Екеуі де зор ықыласпен, жақсы пейілмен қарсы алды, менің атыма жылы-жылы сөздер айтысты. Теледидардағы еңбегімді жоғары бағалайтындарын білдіре келіп, Əди Шəріпов:



  • Сұлтан, сені шақырғаным, өзіңе құда түсіп отырмыз, – деді. – Əбекең басқаратын театр бөлімінде ғылыми қызметкердің орны бар. Соған сені лайық деп таптық.

  • Мен кішкене таратып айтайын, – деді Əбекең сөзге араласып. – Сенің «Сахна» деп аталатын хабарларыңды көріп жүрмін. Театр өнері- нен бірталай хабарың барын жəне білгеніңді айта алатын қабілетіңді байқап, ғылыми жұмысқа ауыссаң деген тілек білдіргім келеді. Оның үстіне телеөнерін зерттеп, əдебиеттен ғылыми еңбек жазып жүрген көрі- несің. Жағдай тудырамыз. Диссертацияңды қорғап алғанша жүк арт- паймыз. Содан кейін жоспарымызда тұрған қазақ театрының тарихын жазысуға араласасың. Талабың болса, өнер саласынан белгілі маман, үлкен ғалым болып кетесің. Қазір бізде қазақша сөз құрай алатын адам


 


қалмай барады. Кино, театр, радио, теледраматургияны қазақша оқып, талдайтын кісі жоқ. Міне, осының бəрін өзің зерттейсің.


Əбекең өз сөзіне өзі елітіп, ақындық қиялы тұтанып, менің ертеңгі болашағымды көріп отырғандай шабыттана сөйледі. Көзінен де мейі- рім шуағы төгіліп, елжірей қарайды.



  • Біз болсақ қартайдық. Енді бір-екі жылда біржолата зейнет дема- лысына кетемін. Соған дейін дайын болсаң, бөлімді өзің басқарасың. Əди екеуміз осыған бəтуаласып отырмыз, – деді асыл аға.


Мен телерадиокомитеттің басшыларымен ақылдаспақшы болдым.



  • Əдебиет институтына кеткің келеді ме? – деді Телерадиокомитет- тің төрағасы, қазақ журналистикасы көшбасшыларының бірі Кеңес Үсебаев онша жаратпай, ернін жымқырған күйі басқа бір қиырға қарап. – Əди мен Əбілданың қызметке шақыруы – ол үлкен құрмет. Кім-көрінгенге ондай адамдардың ықыласы түсе бермейді. Бірақ өзің ойланшы, – деді кенет маған бұрылып. Қалың көзілдірігінің астынан сүзіле қарады: – Теледидар деген күн сəулесі көп түсетін орын емес пе? Бүкіл халықтың көз алдында отырсың. Академияға барып біреулердің жазғанын зерттегенше, осы жердегі тындырған сенің еңбектеріңді ер- тең басқалар зерттемей ме? Өмірдің жарығы көп түсетін ортада жарқы- рап жүріп іс тындырудың орнына ала көлеңке кабинетке тығылып, архив қазамын дейсің. Шаршаған кезде оған да барарсың, ал тепсең темір үзетін шақта жұрттан тығылып не көрінді? Тілімді алсаң, осы жерде қызмет ете бер. Əлі сəулелі шақтарың алда.


Қайран ағаларым, кезінде көп мəн бермеген осы сөздерді қазір жүрегім елжіреп еске аламын. Менің азын-аулақ қабілетімді соншама бағалап, болашағыма үміт артып, қамқор болғанын қалай ұмытарсың.


«Өзі зордың болады ығы да зор» деген Абай сөзі осындай адамдар жөнінде айтылса керек.


Бұл бөлімде теледидар жөніндегі еңбектердің оннан бірі ғана қамтылды. Республикалық баспасөзде жарық көрген мақалалар мен қазақ теледидарында қойылған телепьесалар ғана кітапқа кіріп отыр. Тегінде теледидардағы қойылымның көлемі минутпен есептеліп, оның драматургиясы соған лайық жазылады. Көлемі 15, 30, 45, 50, 75 минуттық қойылымдардағы оқиға өрісі, кейіпкерлер саны əрқилы. Кітапқа енгізілген телепьесалардан соны байқау қиын емес.


Бұл шығармаларды қазақ теледидарында Ш.Агишева, Ы. Қасымов, С.Естемесова сияқты белгілі телережиссерлар қойып, Ы.Ноғайбаев, С.Майқанова, М.Сүртібаев, Ф.Шарипова, Н.Мышпаева т.б. көптеген сахна шеберлері басты рольдерде ойнаған болатын. Олардың тамаша өнерін кезінде миллиондаған адамдар қызықтады. Егерде осы туын- дылардан теледидардың болашақ шеберлері бір пайда көріп жатса – автор тілегінің орындалғаны.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу