02.03.2022
  114


Автор: Баламер Сахариев

СОҢЫНДА СОНАР ІЗ

 


Қазақ поэзиясына жүрек жылытар сырлы да сазды, ойлы лирикалық өлеңдерімен келіп қосылған ақын Жұмекен Нəжімеденов


«Ақ шағыл» атты роман жазып, өз ізденістері мен талантының жаңа бір қырын танытты. Бұл – оның проза саласында жасаған алғашқы қадамы.


Ақын Исаковскийдің айтуынша, адам баласында ерте ме, кеш пе, əйтеуір, поэзияға бір сəт бой ұрып, əуестенбейтін пенде кемде- кем көрінеді. Бірақ əуесқойдың бəрі ақын бола берсе, поэзиядағы əсемдікте қасиет те қалмас еді. Алайда Жұмекен ноэзияға əуесқойлықпен ғана келген, ештеңе тындырмаған ақын емес, бет- бағдарын, қолтаңбасын айқын танытқан, табысты еңбек еткен бел- гілі ақын. Жұмекен жырлары жұртшылықтың, əсіресе жыр сүйер қауымның ыстық ықласына бөлеңді, əдеби сыннан лайықты бағасын алды. Оның шымыр да жұмыр жыр жолдары ақынға республика комсомолы сыйлығының лауреаты деген абыройлы атақ алып берді. Енді, міне сол ақын прозалық тұңғыш туындысын оқырмандардың талғам таразысына тартып отыр.


Əрине, ақындардың есейе, кемелдене, творчестволық тəжірибесі молая келе поэзиядан прозаға, драмаға бірыңғай ауысуы немесе сол аталған əр жанрда қатар қалам тербеулерінің алды-арты Жұмекен ғана емес. Сонау Пушкин, Лермонтов үлгілерінен бастап бүгінгі тел əдебиетіміздегі Əбділда, Əбу, Дихан, Қалижан тəжірибелеріне дейін талай есімді атауға болады. Асылында, поэзияда жастыққа, жалын атқан жігер шағына тəн, ауызбен айтып заңдастырып беруге болмай- тын бір белгісіз ерекшелік қасиет бар тəрізді...


Сонымен «Ақ шағыл» жайы. Шығарма оқиғасында аспаннан аяғы салбырап түскендей көзге ұрып тұрған дəнеңе жоқ, соғыстың соңғы жылдарында бозбалалықтың дəмін алғаш татып, нəпсінің тəтті дəмін тұшынған жасөспірім Еділхан мен ат жалына жабыса мініп,


 


бəйгеге шабу сияқты шабандоздыққа жарап қалған «шөтке шаш қара бала» қатарлы буынның бəрі де күні кеше көзбен керіп, бас- тан кешіріп, куəсі болған белгілі оқиға, таныс тірлік. Бір қарағанда мұның өзі оқиға ұсақтығын, жұпынылық жайын аңғартатын боп көрінуі де ықтимал. Бірақ, зер салып үңіле қараған көзге тіпті де олай емес. Шығарма оқиғасының арқауы қашанда шынайы тірлік, өмір құбылыстары екені даусыз. «Дауыл – құйыннан, ақша – тиыннан»,



  • дейді халық нақылы. Демек, «Өмір құбылыстары» деп аталатын проблемалық үлкен ұғымның өзі тірліктің, күнделіктің күйбеңінен сырт тұрған оғаш бір нəрсе емес, қайта солардан құралатын заңды салдар, нəтиже. Ұлы Бальзак əр романын жазғанда мына проблема- ны көтеремін деп ешқашанда ен салып, ат қойып, айдар таққан емес. Ол өзі көрген қоғамдағы, өмірдегі болмыс тірлікті, орта (отыз) жасар əйелдердің психологиясынан бастап адам табиғатының байлыққа, бақытқа құштарлығын, соған ұмтылуда əр пенде əр түрлі жол тауып, əр алуан əрекет ететінін, ізгілік пен зұлымдықтың талас-тартысын жазды, соның заңдылығын, іздерін ажыратты, бір сөзбен айтқанда, күнделіктің əр алуан күйбеңін жазу арқылы «адамзат комедиясын» хатқа түсіріп, ұлы іс тындырғанын ол өзі де байқаған жоқ.


Француздың белгілі ғалымы һəм жазушысы Жан-Ростанның:


«Əманда өзіміздің білетінімізді айтып таңғалдырып кеткен адам



  • міне, нағыз үлкен жазушы сол»,– деуінде көп мəн бар. Бұл пікірдің төркіні ұлы сыншы Белинскийдің белгілі «таныс бейтаныс» тура- лы пікіріне тірелетіні де күмəнсіз. Демек, сыншылардың шығарма талдағанда «үлкен тақырып, ірі тақырып, күрделі тақырып, тақырыбы уақ» деп бөліп жатуы да шартты түрдегі ғана мəселе. Көркем шығармада тақырыптың ірілігі мен уақтығынан гөрі сол тақырыпты бере білудегі ірілік пен уақтық сарапқа бұрын түскені жөн.


Осы тұрғыдан алғанда Жұмекен жаңағы айтылған өмірдегі адамдардың таныс тағдырларын бейтаныс бейнелер арқылы шы- найы да көркем, ойлы да əсерлі суреттеген. Роман оқиғасы бас кейіп- кер Сейсіметтің 1944 жылдың күзінде армияға алынып, майданға жүрер алдында нағашысы Əжімгерей қартқа сəлемдесіп, қоштасып кетуге келген сапарынан басталады. Есіктен кіре «Құйыдым ғой» деп еңіреп қоя берген сақау жігіттің олақ тілі мен киген киімі сияқты икемсіз, олпы-солпы сырт пішінінің өзі оқушының əрі күлкісін келтіреді, əрі аяушылық сезімін тудырады. Тоқтау айтып, ақылға шақырып кез жасын тыйғызған Əжімгерей қартқа Сейсімет енді бір сəт ата-бабасының, əкесінің батырлығын, ерлігін, күшін айтып


 


мақтанып, есіп кетеді. Табиғатында адал, пенде баласына залалы жоқ, қулық-сұмдықтың иісі мұрнына бармайтын аңқылдақ аңқау Сейсіметтің не сөзінде пəтуа, не ісінде береке болмайды. Ол құдық қазғанда, пішен шапқанда, асау үйреткенде тіпті табиғаттың бойға берген қара күшінің өзін ысырап етіп жұмсайды. Жəне онысына əсте бір ойланып, қынжылып көрген емес. Қай шаруасы орнына келмей жатса да, «Тойы айғый, тоқпақ жалды тоғайда бай, қыздайдың ең жақсысы ноғайда бай»,– деген жаттанды əуеніне басып, қаперіне түк те кіріп шықпаған парықсыз қалпында жүре береді. Сол қылығының өзінен ол оқырман көңілінде адамға тəн дүнияуи пендешіліктен


«құдай сақтап» мақұрым қалған табиғаттың бір кіршіксіз, пəк пер- зенті сияқты əсер қалдырады. Əрі күлесің, əрі аяйсың. Жазушының суреттеуінде ол əрбір істелетін жұмыстың ыңғайы бар-ау, жоқ-ау деп ойламайды, ағаш жонса, қолына еменнің иір бұтағы түссе де, ығын іздеп, оңайын көздеп жатпай, пышақты қарсы салатын орашолақ жан. Тіпті Мəруа сияқты сұлу қызды Сейсіметтің туған ағалары алып қашып, əкеп бермегенде, оның батылы жетіп, өз жөнімен үйленуі де неғайбыл еді. Жеңгесі шығарып беріп тұрған қызды (болашақ əйелін) алып қаш дегенде, ол «төмен етек, қысқа аяқты» адамға қиянат жасау қылмыс деп түсінгендіктен емес, адамгершілікке жат деп таныған адал көңілімен бас тартады. Ал осылайша өзін сүймей қосылған жары Мəруəнің бойында пендешілік бар-ау деген де оның ойына кіріп-шыққан емес. Майданда жүргенде ол ел қатарлы ер- лік те жасап, кеудесіне бірнеше медаль тағып қайтады. Ал сөйте тұра соншама мол дене, табиғат берген күшіне қарамастан, өзінен əлдеқайда нашар, бірақ араққа қызып алған солдат Колядан таяқ жеуі де жетесіздіктен гөрі, əлгі айтқан ақкөңіл адалдықтан тəрізді көрінеді. Кей сəт тіпті осының өзінде жүйке-тамыр (нервы) бар ма, жоқ па деп ойлауға да болатындай.


...Алайда бар екен. Əзі жоқта əйеліне колхоз бастығы Темірəлінің қол жұмсағанын естігенде, ол қырып-жойып жібермек боп, колхоз кеңсесіне аттанады. Бірақ əділетсіздікке жаны күйіп кеткен, ары таза бастық ақырып тұра ұмтылғанда атына қалай қарғып мінгенін біл- мей қалған Сейсімет тек кезең асқанда барып, артына бұрылып, есін жияды да, «хан артынан жұдырық» дегендей, «қитымасаң, қитыма» деп бір кіжініп, сосын «той айғый тоқпақ жалды тоғайда бай» дей- тін үйреншікті əуеніне басып, жəйімен лағып кете береді. Ертеңінде пішен басында əйелі жайындағы осы бір қолайсыз оқиғаны есі- не қайта салған ез туысын қол жұмсап ұрып жығады. Бұл – оның пенде баласына тұңғыш та, соңғы да қиянаты еді. Онда да оны на-


 


мыс өртеп бара жатқан жоқ, тіл тигіздің деп үлкендік жасап тұра ұмтылған ағасының қолындағы балғадан шошығандықтан еді. Сон- да да оның ашуы жарты айналымға жетпей, біраздан соң орағын шыңдап алғызуға ағасының артынан жалынып еріп жүреді.


Қорыта айтқанда, Сейсімет образы – жазушының сəтті жасаған табысы, қосымшасыз, боямасыз, бар болмысымен берілген тұтас тұлға.


Армиядан ертерек қайтып, есен-сау оралған кейбір азаматтардың амандаса келген ауыл адамдарына майдан өмірінің тіпті болмаған эпизодтарын болғандай етіп, «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай ғып» əңгімелеп отырғанын сол тұстағы мен қатарлы жасөспірім буын сан рет өз құлағымызбен естігенбіз. Сейсіметтің майдан жөніндегі əңгімелері сол бір таныс көріністі еріксіз еске түсіреді, күлкіңді кел- тіреді. Сыңайы, Қошалақ сияқты шалғай ауылдың əр қайсысының өз Сейсіметі болуы ықтимал. Оның оқырманға «таныс бейтаныс» бола- тыны да осында болуы керек. Жазушының бұл кейіпкерге «медаль тағып, кек киіп келіп тұрған «айыстай азамат» екі ауыз сез айтқанда, ар жағынан баяғы Сейсімет шыға келді» деп берген мінездемесі, сөз жоқ, характер тұтастығын танытады.


Романда көзге көрнекті, бедерлі жасалған тұлға Темірəлі бейнесі. Əу баста ол балықшы, теңіз жағалауынан келіп, колхозға бастық бо- лады. Мал баққан қыр елінің тірлігін жете білмейтін жігіт қай малға қандай шөптің жұғымы болатынын ескермей, алғашқыда біраз мал шығыны болады. Ойпаң немесе тегіс жерге үйген пішеннің түбіне су кетіп шірітеді деген сылтаумен, шөпті шоқалдардың үстіне үйгізіп, мемлекетке жалған ақпар бергізіп жүрген пішеншілер мен бригадирлердің көзбояушылық əрекеті де бұл отқа май құя түседі. Осының бəрін кезбен керіп, қолмен істеп, біліп отырған ферма бастығы Сағынай Темірəліге кеңес беріп, ақыл қосудың орнына, оны орға жығуға əрекет жасап, ақыры аудандық газетке колхоз партия ұйымының секретары ретінде мақала жазып, дегеніне жетіп, пасық ойын жүзеге асырып тынады. Өйткені оған Темірəлінің орны қажет. Əрқашан «Темақа-Темақа!» – деп жалпылдап, сыпайы сызылып, оқырманға сыр бермей келген Сағынай, енді картаны ашуға бола- ды деген соңғы сəтте ғана шын ниетін, ішкі пасық есебін танытты. Жазушынын суреттеуіне қарап, «дос болып қас қылғаннан сақта, тəңірім» – деген халық өлеңі дəл осы Сағынайларға айтылған ба деп қаласың.


Тағы бір ескеретін жай – Отан соғысы жылдарындағы ауыл өміріне арналған шығармалардың көбінде колхоз бастықтарын


 


ауылдағы қыз-келіншектерге қырындап, мемлекет мүлкін судай са- пырып, қолынан келген соң қонышынан басып жүрген, əбден шек- тен шығып асқынған адам ретінде суреттеу салтқа айналып кеткен таптауырын сияқты еді. Жұмекен осы бір стандартқа мүлде қарама- қарсы тұлға жасапты. Оның колхоз бастығы – ел қамын жеген абзал азамат, ауылдағы бала-шаға, қатын-қалаштың қамын шын ойлай- тын адал басшы, ең соңында, жымысқы кулық пен əділетсіздіктің құрбаны. Ол Мəруаға қамшы сілтегенде де, күйеуі майданда жүрген жас əйелдің ұстамсыздығына күйіп кеткендіктен сілтеген еді. Ақыры осының бəрі өзіне пəле боп жабысып, романның финалында ол қашан шындықтың беті ашылғанша абақтыға алынады. Бұл арқылы жазушы Сағынайлардан сақтану қажеттігін аңғартады.


Темірəлі мен Қарашаш арасы жəне бұлардың қызы Талжібекке байланысты лирикалық шегіністе өз орнында тұрған нанымды эпи- зодтар.


Кітаптың соңында аудан орталығына шақырылып кеткен Темірəлінің атын, үзеңгісін қанжығаға қайыра байлап, пошташы Оразғали бос жетектеп қайтады. «Ер қанаты – ат», – деп қастерлейтін қазақ ұғымында үзеңгі қайырып, сəйгүлікті бос жетелеп қайту ат иесіне бір зобалаң болғандықтың белгісі, жаман ырым. (Айтпақшы, мұндай ырым жаугершілік тұсында казак-орыстарда да болған). Расында да, Сағынай жасаған қиянат бойынша Темірəлі қамауға алынған екен. Алайда, қанша жасырғанмен, қашанда əділдік жеңуге, шындық шыңға шығуға тиіс. Бұл өзі көне тарихтың ұзына бойы- на əмсе солай болып келеді. Демек, кітап оқиғасының осылай кілт үзілуі – шығарма жалғасының бар екендігіне меңзеу жасайды.


Романда назар аударатын Əжімгерей мен Сандыбай образдары. Бұлар жас жағынан бір-біріне қарайлас қарт адамдар, ал характер ретінде мүлде қарама-қарсы тұлғалар. Əжімгерей қарт өзінің жұртқа жасаған жақсылығы мен əділін айтатын ақыл-парасатымен көп құрметіне бөлеңген ауыл ақсақалы. Аға сыйлап өскен қазақ сияқты елдің əр ауылында-ақ осы кісі не айтар екен деп, жұртты аузына қаратып, сөзін тостыратын, басалқалық айтатын байсалды ақыл иесі қариялар бар. Əжімгерей солардың бірі жəне сəтті жасалған біре- гейі.


Ал Сандыбай егде тартқан жасына қарамай, ел ішіндегі күбір-сы- быр өсекті теріп, таратып жүреді. Бұл – оның қанына сіңіп болған машығы. Жазушы оны былайша суреттейді: «Сандыбай ақымақ емес, ауру емес, тек... аузы жеңіл. Қайдағыны сол айтады, қайдағыны


 


сол біледі. Кімнің қандай қылмысы бар, кімнің не міні бар, кім кім- нен несін жасырып жүр – бəрін Сандыбай ашады, бəрін білетін сол. Жəне ылғи жаңа хабарды, соңғы хабарды жұрт содан естиді. Ауыл арасының ұсақ-түйек, жаяу өсегін былай қойғанда Сандыбай ең- ең əрісі ауданнан қай уақытта кімнің өкіл болып келетініне шейін күн ілгері біліп, айтып жүреді. Ғұмыры қателеспейді, қателессе, сирек қателеседі. Алғашында құм елі Сандыбай келді десе қуанып қалатын. Əңгімесін, хабарын еститін. Келе-келе жек көре бастады. Себебі: ылғи дұрыс айтады. Неге? Не кереметі бар сонша? Қайдан біледі? Жалпы, өсекші болғасын өтіріксіз болмайды ғой. Осындай хабарларынан елдің күтетіні де сол өтірік. Бірақ... Сəкең инабатты адам, өтірікті өлсе айтпайды. Онын үстіне əрі ақылды, əрі сақ» (263- бет).


Осы бір мінездемеде бүкіл Сандыбай мен сандыбайшылық тұр. Бұл да бір тұрған тип. Сандыбайлар əр ауылда ғана емес, тіпті əрбір мекемеде кездесуі мүмкін екенін ескерсек, бұл да жазушының шындық шеңберінде шешкен шынайы кейіпкері екенін мойындауы- мыз қажет.


Жалпы, Жұмекен прозада характер жасау сырларын едəуір игергенін осы тұңғыш шығармасының өзінде-ақ аңғартып тұр. Əжімгерейдің майданда қайтыс болған баласы Садықтың əйелі Мұғзима да, еркекшора адуын əйел Қарашаш пен жеңілтек Мəруа да əрқайсысы өз тағдыр, өз трагедияларымен есте қалады.


Тек, осы тұста жазушының есіне бір жайды сала кету артық бол- майды. Автор Мұғзима тағдырын романның соңғы жағында (II та- рау) лирикалық шегініспен баяндайды. Бұл тұсқа дейін ол шығарма кейіпкері ретінде бір-екі рет аталғаны болмаса, сахна төрінен көрінген еместін. «Құдай салды, мен көндім» дегенге мойынұсынып, тағдырына пенде болған осы бір келіншектің өмірбаянын үйіп-төгіп бір-ақ баяндағандықтан да болар, ол лирикалық шегіністен гөрі оқиға желісіне кенеттен еніп кеткен тың новелла сияқты, шығарманың ком- позициясымен тіл табыса алмай, тігісі жатық шықпай тұрғандай əсер қалдырады. Сыңайы, романның «Жұлдыз» журналында жарияланған нұсқасында осы тұстың көбірек қысқартылуы тегін емес. Алайда, осыған дейін оқырманға жібі женсал, мондыбас, ынжықтау көрініп келген келіншек, соғыста өлген күйеуіңді бес жыл бойы күттің, саған Құдай да, адам да риза, өмір бойы өлмелі кемпір-шалды бағып өміріңді өксіткенше, басың əлі жас, бағыңды байламай, теңіңді тап,


 



  • деп атасы рұқсат берген сəтте, барлық алтындай асыл ішкі дүниесі ақтарылып бір-ақ ашылады:


«– Кетпеймін! Ішқайда кетпеймін! Мені ауырламай-ақ қойыңдар! Өз тамағымды өзім табам! Тарылмаңдар! Іштеріңнен шықсам өйтпес едіңдер!


Келін өз дауысын өзі танымай қалды. Өрескел қатты шықты. Осы- нау сөздердің де аузынан қалай ытып кеткені беймəлім. Жан дауы- сымен ышқынып айтты. Біреу далаға сүйреп лақтыратындай, төсеулі жатқан алашадан қос қолдап бүріп алды. Сонсоң... боздап қоя берді. Баяғыдан бері ішіне бұқтырған азап, қорлық, өкпе-назын сонымен бір-ақ ақтарды. Кемпір-шал қосыла егілді. Көп сөйлемейтін адам көп ойлайды ғой. Келін де сондай кісі еді», – дейді жазушы.


Соншалықты əсерлі жазылған осынау жолдарды оқығанда тіпті оқырман көзіне де жас үйірілуі ықтимал. Халықта «мал аласы – сырт- та, адам аласы – іште» деген нақыл бар. Ал əлгі көріністі оқығанда


«апырай, адамның аласы ғана емес, асылы да іште жата береді екен- ау» деп ойлайсың.


Асылында, Жұмекен психологиялық баяндауға əрі жеңіл юморға бейімділік қалпын танытады. Бірер мысал келтірейік.


«Дүниеде туыстың, бауырдың, бастың қайғысынан басқа өнердің, үлкен өнердің де қайғы-қасіреті болатынын жəне оның сол өнерді иемденген жанды қарадан қарап жүріп қарып, күйдіріп бітіретінін Қарашаш, əрине, ойлаған жоқ». Мұны өнер иесі – ақын, музыкант автор айтып отыр.


«Ет жеу науқаны» бісмілдə, тие берсінмен» басталады. Түрлі түсті, жуанды-жіңішкелі қолдар табақ пен ауыздың арасына дамыл- сыз қатынайды. Əп-сəтте ту-талапайдан босаған қос табақ қайқаң- қайқаң етіп шыға-шыға келісті», немесе: «Ал, осынша берекесіз жұрттың өліні құрметтеуін, оған деген сый-сияпатын көрсеңіз... тура өліп кеткіңіз келеді».


Бұл алуандас суреттеулер мен баяндауларда Жұмекен юморының жұртты жалықтырмайтын жылылық лебі айқын аңғарылады. Ал романдағы жасөспірім бозбала жігіт Есімханның «Ұят» деп атала- тын ұғымды игеруі, жер ошақ басында сүйекке таласқан иттердің əрекеттерін жалаң баяндамай, өмір құбылыстарымен психология- лық параллель жасай отырып суреттеуі– осылардың бəрі де жазушының жаңа жанрдағы сəтті қадамын танытып қана қоймай, сонымен қоса болашағынан да көп дүние күттірері даусыз.


1974.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу