02.03.2022
  200


Автор: Баламер Сахариев

ЖАСТЫҚТЫҢ ӨЗІ – ЖАЙСАҢ ЖЫР

 


Əдебиетке əр қаламгер əртүрлі жолмен келетіні мəлім. Демек, əрқайсысының былайғы творчестволық тағдырлары да əрқилы қалыптаспағы табиғи құбылыс. Біреулер келген бойда-ақ талан- тымен жарқ етіп танылып, өз төңірегінде дабыр-дүбірін, мадақ- мақтауын, қолпаш-қошеметін ілестіре келсе, бағзы біреуінін дарынынан дақпырты бұрын жүретіні де болады. Ал əдебиет табалдырығын айғай-шусыз ептеп басқан сыпайы қадаммен аттап, ерінбей еткен еңбегі арқылы өз орнын тапқан қаламгерлер де аз емес. Осындай жазушылардың бірі – Əзілхан Нұршайықов. Ол орта мектеп партасынан тұрар-тұрмаста маңдайларына майдан тірлігі бұйырып, əдебиетке жорық жолынан келіп қосылған буынның өкілі. Творчестволық сəт сапарын журналист ретінде жазған очерктері мен əңгімелерден бастаған Əзілханның «Алыстағы ауданда», «Тың бастығы», «Ертіс жағасында», «Жомарт өлке» жинақтары көпке таныс. Алайда, жазушы көңілін көбірек белген тақырып – жастық өмір, жаз өмір, жақсы өмір. Сондықтан да оның «Жазушы» баспасы- нан шыққан «Махаббат жыры», «Əсем», «Ботакөз», «Ескі дəптер» атты повестерін жұртшылық жылы қабылдады.


1970 жылдың аяғында оқырман қауымның қолына Əзілханның


«Махаббат, қызық мол жылдар» атты романы тиді. Бұл шығарма,


 


бəлки жазушының өзіне етене жақын, бауыр басқан сүйікті тақырыбына арналғандықтан да болар, əйтеуір автор қаламының барған сайын төселіп, талантының толысу жолында екенін танытарлық туынды. Романды оқып шыққан бір əдебиетші таяуда:


«Үндемегеннен үйдей роман шығыпты», – деп əзілдегені бар. Ия, əзілмен айтылса да, осы сөздің төркіні шындыққа тірелетін тəрізді. Кітаптың соңғы нүктесі қойылған бетті жауып қойып, оқығаныңның бас-аяғын жинақтап, оймен тұтас шолып шыққанда, алуан түрлі адамдар тағдыры тағы да анталап, көз алдыңнан кетпей тұрып алады. Əсіресе бас кейіпкерлер Ербол мен Меңтай жайы көңіліңді əлдебір мұңмен сыздата сырқыратқандай күйге енесің. Сөйтесің де, көптеген беттерін көз оқығанмен, көңіл тоқи алмай сырғанап өте шығатын, сыншылардың ресми атауынша «ортаңқол, сұрқай» делі- нетін кейбір шығармалардай емес, мынау дүниеліктен өзіңнің анаң биіктеп, жаның байып, сезімің серпіліп қалғанын сəтті аңғарасың. Көркем шығарма өз оқырманын əрі бейтарап күйде қалдырмай, еліктіріп ертіп ала жөнеледі. Бұл оның ең бірінші табысы, тегінде шығармада эстетикалық əсері, эмоциялық күші деп соны айтатыны. Біз оқып шыққан роман оқырманды осындайға жетелейтін жақсы шығарма. Тіпті кейбір ситуациялар өмірдің шым-шытырық бұралаң- бұлтарыстары жайында баяндалатын беттер тұсында автормен етене пікір таластырып, полемикаға барып отыратын да сəттер болады.


Романның бас кейіпкері – майданнан қайтып, университетке


оқуға түскен жас жігіт Ербол. Шығарма оқиғасына өзек болған да Ерболдың əңгімесі. Ол – сұрапыл соғыстың бар бейнетін бастан кешіріп, жеңіспен оралған жауынгер, өмірден көріп-түйгені бар жігіт. Ол парасатты, оқығаны да, тоқығаны да мол, пайымдағыш Ер- бол сияқтылар үшін жорық жолдарының өзі бейбіт кездегі ондаған жылдардан ала алмайтындай білім мең тəжірибе жинауға болатын тұтас бір университет екені даусыз.


Күні кеше майданда блиндаждың есігі алдына келіп түскен баяу жарылатын снарядты, басқа еш адам бас көтере алмай бұғып қалғанда, алысқа көтеріп апарып, қауіпсіз жерге жеткізіп жаруға батылдығы жеткен Ербол бүгін мына бейбіт өмірде күнде көріп, қасында жүрген, өзі ұнатқан қызға көңіл білдіруге келгенде ба- тылсыз, именшек. Ерлігі елге аңыз болған алып батыр Самсонның Далила алдында құрдай жорғалайтыны сияқты, мұның өзі де бір махаббаттың күші, жазылмаған заңы тəрізді. Өз жүрегіне сене тұра, бар ықыласымен сүйе тұра, қыздың да «кет əрі» емесін біле


 


жүре, тіпті алғаш сырласқанда қыз аузынан бұл емеурінді ести тұра, махаббаттың əлгі бір нəзік те белгісіз заңы буа берген Ербол ұяңдық, именшектік салдарынан өз несібесінен көпе-көрнеу өзі айрылып қалды. Патриархат заманынан, ата-анадан қалған жол-жоралғы бойынша алғашқы қадам ер азамат тарапынан болуы, ұсынысты күйеу жасауы, ал «əйел жолы жіңішке» деп, қалыңдық тарапынан инициатива жасалуына шек қою бары əлімсақтан мəлім ақиқат. Алайда жұртқа мəлім осы ақиқатты автор бояуын баттастырмай, бадырайтпай, Ербол мен Меңтай кешкен халдерді баяндау арқылы соншалықты лирикалық нəзіктікпен шебер суреттеген.


Романның оқырманды ойға жетелейтін сəттері мен беттері молшылық. Асылында, əйел заты, ер адамның бойынан ақыл-пара- сат, ой, көрік көргісі келетіні өз алдына, соған қоса шамалы батылдық та іздейтінін Ербол сан классиктен оқыған да болар. Кейбір қыздар жігіттің шамадан тыс ұяңдығын ақылдылық, ұстамдылық не ізеттілік деуден гөрі жетесіздікке таман жақын апаруды тəуір көріп тұратыны да содан болу керек. Сыңайы, қыз жігіт бойынан батылдық іздеген- де, ертеңгі жұптық өмірде өзіне деген қамқорлық пен қорғаныштың кепілін көргісі келетін тəрізді. Бізде адам өзіне жар таңдағанда, емес дос іздегенде, өз көңіліне, өз мінезіне, өз характеріне үйлесім іздей- ді деген пікір жиі айтылып, үстем болып келеді. Біздіңше, осының да шындығын мойындай отыра, керісінше, адам ең алдымен өзінде жоғын іздеп, сонысын тапқанда ғана өз гүлін, өз мұратын тапқандай болатын тəрізді. Өйткені өз бойында барды идеал тұту ия менмен тəкаппарлық, ия тоқыраумен шектес жатыр. Меңтайдың Ербол бойынан көре алмағаны, онысын өзі ашып айтпаса да, осы батылдық еді. Бірақ сонысынан кейін қыз өзі опық жеді.


Неге екені белгісіз, өзіңе ешбір бөліп бергені, қосып қойғаны


болмаса да, өмірде бір мұрат тұтып, көңіліңе тоқ санап, көре қалсаң, көңілің өсіп, жаның семіретін, немесе, керісінше, өзіңе ешбір қиянаты, жаманшылығы болмаса да, сəлемдесе сала қасынан тезірек кеткің келіп тұратын адамдарың болады. Шығарманың бас кейіп- кері Ербол оқырман ретінде менің өзіме осылайша, қарадай сыйлап тұрғың, құрметтеп өткің келетін адам (образ) ретінде əсер етті.


Зер сала ойлай келе, мен оның нəпсіге тежеу саламын деп, гүлін үздіріп алған осалдығын да, алғаш көргенде-ақ өзінің кім екенін едіреңдеген дөкір мінезінен көрсетіп, ондай адамдардан не күтуге болатынын айтпай танытып тұрған Ошақбаев сияқты əлдебір есірік- ті өзі ертіп барып, өмірлік тəжірибесі жоқ жас қыз Меңтайды қолы-


 


нан жетелетіп қоя берген қателігін де кешіргендеймін. Бұған оның барынша ақ көңіл адалдығы, біреуге зəредей қиянат, жаманшылық жасауға бара алмайтыны өз жүрегі мен адамгершілігі себеп болды. Кейіпкердің осы бір қасиеттері қай оқырманды болса да, біржо- ла баурап алады. Ербол, сөз жоқ, пəк таза жанның, шын мəніндегі үлкен жүректің адамы. Жазушы оны осы дəрежеде тамаша сомдап, мүсіндей білген.


Романдағы тағы бір басты кейіпкер – Меңтай. Əке-шешеден жас- тай айрылған, жалғыз ағасы майданда қайтыс болған тəжірибесіз жас қыз Тұмажан Ошақбаев сияқты жексұрынның алдауына түсті. Өлер алдында ағасы жазып қалдырған хаттағы «осы жігіттің етегі- нен ұста» деген соңғы өтінішін өсиеттей тұтқан адал жан жер басып жүрген жұрттың бəрін өзіндей адал санады. Жарық дүние сонымен бірге арам пиғылды алаяқтардың да мекені екенін ескермеді. Алайда оқырман Меңтайдың аңдамай шалыс басқан қадамын айыптамай- ды қайта жанашырлық сезіммен, жүрек жылылығымен аяп, аялап қарайды. Ал оқушы назарын былайша шегелеп ұстау жазушылық зор шеберлікті талап ететінін ескерсек, роман авторы өз миссиясын ойдағыдай атқарғандығын көреміз.


Меңтай тартқан жан азабы мен шеккен қасірет Ербол сезімін мұқамады, қайта өршіте, ұштай түсті. Ол Меңтайды бұрынғыдан да құлай, беріле сүйді, ақыры ұғысып, қосылды. Бірақ, өкінішке қарай, жас жұбайлардың жақсы, тату-тəтті өмірі ұзаққа бармай, Меңтай балаға босанып, қаза болды.


Оқырманды ойға шомдырып отырған да оқиғаның осылай қилы- қилы соқпақпен келіп тоғысуы. Егер жазушы екі жасты осындай си- туациядан айырып, ертегідей бақытты тұрмыспен аяқтатса, шығарма осері əлсірер еді. Демек, мұның өзі Ербол мен Меңтай тағдырының оқырман қауымды бейтарап қалдырмайтындығының кепілі. Ал оның кейіпкермен бірге қуанып, бірге өкініп, жақсылы-жаманды жайларды өз басынан өткергендей халде болуы, сөз жоқ, көркем шығарманың кұдіреті.


Романда Ербол мен Меңтайға қарама-қарсы алынған, оқырман- ның жеркеніш қана емес-ау, өшпенділік сезімін қоса туғызатын ұнамсыз бейне – Тұмажан. Ол жазушы суреттеуінде басынан аяғына дейін аяр, алдамшы, алаяқ, эгоист. Оның өмірге қояр талабы – өз басының қамы, айтар сөзі – «Ошақбаев опық жемейді». Бір қарағанда, ол бірыңғай қара бояумен жасалған сияқты əсер қалдыруы мүмкін. Ал зер сала қарағанда, мүлде басқаша.


 


Ол Меңтайдың тəжірибесіздігін пайдаланып, оған дөрекілеу батылдығын қоса жұмсады да, əп-сəтте ішекке салып пісірген уыздай жап-жас, пəк таза Меңтайдың жанын жаралап, арын лас- тап əлем-тапырық күйге түсірді. Өз басым Ошақбаевтың онысынан əуелде адам табиғатына жат оспадар ештеңе көрген жоқ сияқты едім. Өйткені қыз оның уəде берген, күні ертең некелі жары болам деген қалыңдығы болатын. Тек соңынан пойызд үстінде дарақы неменің аузынан Ербол естіген опасыздықтан кейін ғана, бұл жоспар со- нау сұрапыл соғыста өлім халінде жатқан қыз ағасына хат жазды- рып алған сəттен бастап құрған тұзағы, алдын-ала жасалған аярлық екенін сезгенде ғана жазушының бұл кейіпкерге беріп отырған мі- нездемесіне, образдық концепсиясына қол қоюға мəжбүр болдым.


Оқиға, негізінен, Меңтай мен Ербол төңірегіне құрылғандықтан, біз бұларға көбірек бөгелдік. Əйтпесе, романдағы Бүркітбай – Сəлима оқиғасы да, Заман мен Тана тағдырлары да композициялық желіден өз үйлесімін тауып, əдемі өріліп, лайық орындарын алған. Бұл линиялардың əрқайсысы өзінің заңды жолымен дамыған табиғилық қалып танытады. Ал бас кейіпкерлерді қоршап, оқиғаға жиі араласып отыратын адал дос, ақылды қыз Майра да, күлдіргі тіл- ді, ойнақы мінезді, ізетті іні Жомартбек те, аңқылдақтау, тілі өткір, бірақ кейде ашық боламын деп, ашықауыз боп кететін, кей тілек- терімен мещандыққа да жақын барып қалатын Зəйкүл, бұйығылау Қанипа – əрқайсы да сахнаға өз жүктерімен, өзіндік характерлерімен шығыпты. Мынасы артық, анасы кем деп жату қиянат. Біраз универ- ситет тəрбиешілері – профессор ғалымдар мен журналистер қауымы да айтпай танылғандай шебер мүсінделіпті.


Ə. Нұршайықовтың романына, əсіресе, студент жастар қауымы ерекше мəн берді. Өйткені бұл «жүзім – жаз, көңілім – көктем кең пейілді, жақсының жүрегіне құмар едім»,– деп ақын Қасым Аман- жолов ағамыз айтқандай, жандары жайдары, жақсылыққа құштар жастар жайлы хикая. Ал жастықтың өзі тұла бойы тұнып тұрған жайсаң жыр. Автордың бұл шығармасын «...жастықтың жалынды жыршысы жəне жас қаламгердің жанашыр қамқоршысы, жалықпас ұстазы болған жазушы Мұқан Иманжановқа арнауында осындай мəн бар тəрізді.


Осының бəрін ескере отырып, бұл романды жарыққа шыға сала оқырман қауымды өлең еткізген, соңғы жылдардағы елеулі құбылыс, таңдаулы, тамаша туынды, махаббат (Ербол, Меңтай) пен зұлымдық (Тұмажан) жайында дастан деп бағалау əбден орынды.


1972.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу