01.03.2022
  552


Автор: Оспан Әлсейіт

АҚША БҰЛТ АСҚАН ТЫРНАЛАР

 


Қалдыбай таң алдындағы тәтті ұйқы құшағында еді. Түс көріп жатыр екен. Түсіне анасы кіріпті. Қайтыс болғанына жылдың жүзі болған. Сағынғаннан шығар. Анасы тірі екен, соған қуанып кетті. Өлгені бекер екен ғой, анасының өлуі мүмкін емес. Анасы жап-жас, көрікті. Өлсе, кәрілер өлсін. Анасы «Келе ғой, құлыным», – деп қолын созып құшағына шақырады. Ол ұмтыла берді, ұмтыла берді. Бірақ анасы жеткізбей қойды, қанша талпынса да. Бірте- бірте елеске айналып, ақ сағымға сіңіп жоқ болып кетті. Ол: «Апа, апа» – деп еңіреп жылап жіберді... Осы жерде түсі үзіліп кетті.


Біреу жарықты жарқ еткізіп жақты да, үстіндегі көрпесін жұлып алды. Ол ұйқысын бірден аша алмай


 


қолымен көзін көлегейлей берді. Әлі де болса жаңағы түс әсерінен айырыла алмай, ұйқысыраған күйі қолымен көрпені іздеп қармана берді.



  • Аға, сәл жата тұрайыншы, әлі ерте ғой, – деді Қалдыбай жалынышты үнмен.

  • Өй, сенің жата тұрайының не? Ерте бармасаң базарда бос орын қалмайды. Тұр, сөзді көбейтпе, – деді туысқан ағасы қатуланып.

  • Базарға бармайды екенсің, дәл қазір үйден қуып шығамын. Тентіреп қайда барар екенсің? О, несі-ай. Мен мұны ауылдан не үшін ертіп келдім. Баяғыда-ақ аштан қатар едің, мен болмағанда. Қарның тойып, көзіңнің еті өсейін деген екен. Тұр, деген соң тұр, – деп нұқып-нұқып жіберді.


Қалдыбайдың көзінен жас сорғалап қоя берді. Тастай суық суға бетін шайып алды да, бүрсеңдеп базарға қарай аяңдай жөнелді. Іштей Нұрлан «ағасына» ызаланып келеді. Ағасы болғанда – екі туып бір қалғаны емес, алыс ағайыны. Ақшаға, дүниеге құныққан біреу. Қаланың әр жерінен сауда нүктелерін ашып, сатушылар қойып оны- мұны саттырады. «Дым жоқ», – деп азаннан кешке дейін аузын қу шөппен сүртеді де отырады қашан көрсең. Осында келгелі үй де, машина да алыпты, осы сауданың арқасында. Сонда да тәубе, шүкір дегенді білмейді.


Таңғы таза ауа Қалдыбайдың ұйқысын ашып, бойын сергітіп жіберді. Енді байқады, таң сызат беріп келеді екен. Алдында өзі сияқты біреулер қараңдап кетіп барады. Олардың да көздегені – базардан ертерек барып орын алу. Базар Алматының жоғарырақ жағында әсем Алатаудың бауырына жақындау орналасқан. Содан ба таңертеңгікке кәдімгідей салқын болады, жаурап та кетесің. Базарға жете бергенде найза шындардың ар жағынан күннің де төбесі көрінді. Аспан ашық кезде таудың көркіне қанша қарасаң да көзің тоймайды. Тауды қиялай өскен көк


 


бұйра шыршалар, әр-әр жерде ақ мамықтай үлпілдеген шөкімдей-шөкімдей ақша бұлттар күнде көріп жүрсең де, қайран қалдырады. Қалдыбай осындайда «Әттең, суретші болсам ғой» – деп армандайды. Өзінің әжептәуір сурет салатыны бар. Суретші болу үшін оқу керек. Ал, Қалдыбай мектепті де бітірмеді. Биыл сегізінші класқа баруы керек еді, бірақ бара алмады. Ауылы Оңтүстікте



  • сонау Шәуілдірде. Әке-шеше дегенде анасы марқұм осыдан бір жыл бұрын көз жұмған. Көп ауырған да жоқ. Өлетінін білмептін. Өледі-ау деген ой тіпті қаперіне де кірмеген. Өлерінің алдында далада ойнап жүрген жерінен шақырып алды да: – Құлыным, аман бол. Мен бір алыс сапарға кететін шығармын ұзақ уақытқа. Кешіксем жылама, – деп анасы құшағына алып маңдайынан сүйді де, көз жасын төгіп қоя берді.


Ол:



  • Ой, апа, сізге не болған? Мен қазір үлкенмін. Қанша кешіксеңіз де күтемін. Алаңсыз барып келіңіз. Әйтеуір бір келесіз ғой, – деп еркелей ойынға алданып далаға шығып кеткен. Шешесінің өлгенін кешке бір-ақ білді. Ойыннан келсе, үйдің іші-сырты толған кісі. Далада біреулер от жағып жатыр.


«Ойбай, баласы келе жатыр баласы. Қорқып қалмасын. Апаң ауырып жатыр деп алдай салыңдар», – десті біреулер мұны көре салып.


Бала да болса анасына бірдеңе болғанын жүрегі сезеді. Ағыл-тегіл аққан көз жасына ие бола алмады. Апасының таңертеңгі сөздерінің мәнісін енді түсінгендей болды. Өлерін сезіп, қоштасқан екен ғой.


«Байғұс бала-ай, бала болса да есті неме ғой, бәрібір біліп тұр», – деп біреулер аяп мүсіркеп жатыр. Ал, әкесінің



  • барынан жоғы. Ес білгелі әкесінің арақ ішпей жүргенін көрмеді десе де болғандай. Әке болып бауырына тартып емеурін танытқанын да білген емес. Ертелі-кеш есіл-дерті


 



  • арақта. Үйіне айында, жылында келсе келеді, келмесе келмейді.


Анасының өлімі үстінде де мас болып жүрді. Өз- өзінен сөйлеп, міңгірлеп бірдеңелерді айтып отырды. «Қу арақ мұның түбіне жетті ғой. Тым болмаса бүгін ішпесе де болар еді ғой. Ішкен адам ұят-аятты білуші ме еді», – деп жұрт әкесін жазғырып жатты.


Ертеңіне ауыл адамдары анасын жерлеуге алып кетті.


Қалдыбай анасының өлгеніне тіпті сенбеді.


Бір жаққа жолаушылап кеткендей. Әлі-ақ қайтып оралатындай болады да тұрады. Анасы қайтқалы елегізіп көпке дейін ұйықтай айлмайтын күйге жетті. Тысыр еткен дыбысқа құлақ түріп, есікке көз тігеді. Тірі кезінде түннің әлден уағына дейін оны-мұны шаруасын істеп тыным таппайтын. Қазір де анасы ауыз үйде жүргендей көрінеді. Ал, әкесі болса ішкенін үдете түсті. Қолдағы бір-екі тұяқты да сатып жіберді. Анасы барда бата алмаушы еді. Мұны баласынып, әй-шайға қараған жоқ. Ол ақша біткен соң, қарызға алып іше бастады. Ішетіні қолдан жасалған


«самопал» арақ. Түн ортасында дірдектетіп бір ана үйге, бір мына үйге жүгіртеді Қалдыбайды. Сатушылар алғашында бере беретін. Кейіннен ешкім бермейтін болды. Кім тегіннен-тегін бере берсін. Қалдыбай ондайда жалынып, жалбарынып: «Әкелмесем, көкем мені өлтіреді ғой», – деп жылап жіберетін. Аналар әкесін емес мұны аяп амалсыз беретін. Үйлерінде ішерге ас, киерге киім болмаған соң, ол бір ана туысының, бір мына туысының үйінде жүретін болды. Обалы не керек, қай үйге барса да, бір табақ көже мен бір тандыр нанын алдына қояды.


Бірақ, біреулерге жалтақтағаннан гөрі өз үйіңде жүргенге не жетсін. Қалдыбай жатса да, тұрса да тезірек есеюді ойлады. Мектепке барып сабақ оқығаны үлкен алданыш еді, одан да айырылды. Әуелі қыс бойы от жағылмай сабақ тоқтады. Келер оқу жылына жетпей,


 


мектеп жабылып тынды. Шамасы жеткендер орталықтағы мектепке кетті. Бұл қайда барады? Алғашында көшеде селтеңдеп жүруге ұялушы еді. Өйткені, өзі қатарластардың бәрі оқуда, орталықта. Қарап жұрмейді, біреудің малын қайырысады, біреудің шөбін жинасады. Жалпы, жұмыстан қорықпайды. Қайта біреуге қолғабыс жасап, рахметін алса, төбесі көкке жеткендей болады.


Бара-бара ауылдың да күйі кетті. Сатылып-сатылып мал да бітті. Үйлерін сатқандар сатып, сатпағандар тастап кетті. Қырық-отыз үйлі ауылдан бес-алты шаңырақ қана қалды. Шалдар жағы: «Жау шаппай-ақ елдің тоз-тозы шықты ғой, арты не болар екен?» – деп қынжылды. Осындай күндердің бірінде ауылға осы Нұржан келе қалсын. Астында жалт-жұлт еткен «иномәркі» машине.



  • Өй, Қалдыбай, зіңгіттей жігіт бопсың ғой. Алматыға алып кетейін барасың ба? – деді бірден Нұржан. – Ауылда мектеп те жоқ екен. Сонда барып оқисың.


Қалдыбай өз құлағына өзі сенбеді. Толқып кетті де:



  • Иә, иә, барам, – деді. Үлкендер жағы: – Сөйтсең сөйте ғой, шырағым. Сауабына қаларсың, тірі жетім ғой. Анасы байғұс қайтып кетті. Ал әкесін ауызға алмаса да болады. Жер басып жүргені болмаса хайуан да бір, о да бір», – десті.


Қалдыбайдың көзінен ыстық жас ыршып қоя берді. Оны көйлегінің жеңімен сүртті. Нұржан «кәмірсант» екен. Алматыға жеткенше ананы да, мынаны да әперді. Өмірінде жемеген шоколадтарды жеп, неше түрлі сусындар ішті. Тойдым, қандым дегенге мұршасын келтірмейді. Қалдыбайдың тіпті есі шығып кетті. Нұржанға дән риза болды. Жеткен соң өйтемін, бүйтемін деп уәдені үйіп- төкті.


Содан Алматыға жеткен соң Нұржан күрт айнысын.



  • Бала, оқуды не істейсің? Қазір оқудан пайда жоқ. Қайта оқымағандар озып жатыр. Күректей дипломы


 


барлардың өзі жұмыссыз жүр. Өмірдегі ең басты нәрсе



  • ақша. Ақшаға бәрін сатып алуға болады. Есің болса, ақша тап. Короче, саған базардан орын әперем, зат жеткізіп тұрамын. Сен сауда жасайсың. Екі-үш күнде үйреніп кетесің. Саудаға көп ақылдың керегі жоқ. Пәтер жалдамайсың, үйде тұрасың. Тамағың, киімің менің мойнымда. Көнсең көндің, көнбесең өзің біл, – деп кесіп айтты.


Қалдыбай не десін. Амалсыз көнді. Онсызда басар жер, барар тауы жоқ. Содан таңертең елең-алаңнан кешкі қас қарайғанша базарда сауда жасайды. Кейде көздері қарауытып, басы айналып кетеді. Бала емес пе, шаршағанда дем алып, өзі қатарлас балалармен ойнағысы келеді. Кешкісін ас ішуге де шамасы жетпей төсекке құлай кетеді, үстіндегі киімін шешуге де шамасы келместен. Бар түсінгені – Нұржанның өзін бала деп аяйтын түрі көрінбейді. Саудасы жүріп, ақшасы көбейген сайын құныға түседі. Өзін де қанағат та жоқ екен. Қалдыбай кейінгі кездері қалжырап, шаршап кетті. Құр сүлдері ғана қалды. Ауылға қайтайын десе, онда мұны кім күтеді. Қолынан келетіне ешкімге білдірмей көз жасын сығып- сығып алады да, таңертең базарға кетеді. Қалдыбай базарда алыста қалған ауылын, қайтыс болған анасын ойлап мұңайып отырады. Ондайда өне бойы шымырлап, тамағына бірдеңе кептелгендей, тынысы тарылып, жылап жіберуге шақ қалады.


Мезгіл күз. Құс қайта бастаған кез.


Кенет алыстан тыраулаған тырналар үні құлағына жетті. Көкірегін белгісіз бір қуаныш кернеп кетті.


..Көк жүзіндегі тырналар тізбегін көре сала:



  • Қараңдар, тырналар ұшып келеді, тырналар! – деп орнынан атып тұрды. Ең бір жақын, ең бір қымбат туысын көргендей мәз-мейрам, екі езуі екі құлағында.


«Әй, мына балаға не болды, есі ауған кісідей. Өмірінде


 


тырналарды алғаш көріп тұрғандай ғой» –деп көршісі кекесін танытты. Сонау бір биіктегі тырналар көші соншалықты ыстық көрініп, бала жүрегіне сағыныш сазын ұялатты. «Тырналар біздің ауылдың да төбесінен ұшып өткен болар» – деп ойлады. Ондай да ауыл адамдары бар жұмыстарын тастай салып, көздерін көк жүзіне тігіп, тырналар көшін қимай шығарып салушы еді.


Қалдыбай тырналар көші ақ басты Алатаудың басына қонақтаған ақша бұлттардан әрі асып кеткенше көктен көзін алмастан тұра берді. Айнала төңірегі, базар, базардағы адамдар бәрі-бәрі есінен тарс шығып кеткендей. Тырналар көзден ғайып болғанда бір қымбатынан, асылынан айырылғандай күй кешті. Жылағысы да келіп кетті. Тек біреу иығынан түрткенде ғана барып ес жиды.



  • Балақай, мұнда не бітіріп жүрсің. Неге мектепте емессің, – деді қарсы алдында тұрған полиция формасын киген әдеміше келіншек. Кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі инспектор екен.

  • Документің бар ма, аты-жөнің кім?

  • Документім ауылда қалған.

  • Сені мұнда кім жұмысқа салып қойған? Бұл – заңға қайшы нәрсе. Мектеп жасындасың, оқуға баруға тиіссің. Контейнеріңді тез жап та, кілтін көршіңе тастап кет, – деді бұйырып.

  • Тастағаны несі «хозяинім» өлтіреді ғой, – деді Қалдыбай жыламсырап.

  • Хозяніңмен әңгіме басқа жерде басқаша болар, – деп инспектор келіншек оны әй-шайға қарамай машинаға отырғызып, арнайы орынға алып келді.


Аты-жөнін, мекен-тұрағын жазып алды. Дәрігер тексерген соң, шаштараз шашын алды. Асханаға апарып ыстық тамақ ішкізді. Содан аппақ төсек салынған бөлмеге орналастырды. Қалдыбай түнде ұйықтап жатып, түс көрді. Базарда отыр екен. Көзіне көк жүзіндегі тырналар


 


көші шалынды. Бір сәт сол көштің ішінен бір тырна бөлініп ұшып шықты да Қалдыбайға тым жақын келіп ақ жаулықты әйелге айналып кетті. Құдды анасынан аумайды. Иә, иә, тура анасы. Бақыттан басы айналып, көзі жұмылып кетті. Бірақ бұл ұзаққа бармады. Көзін ашып қалып еді, анасы қайтадан тырнаға айналып таудан асып бара жатқан тырналар көшіне ілесе берді де, ақ мамықтай ақша бұлтқа сіңіп бірте-бірте көзден ғайып болды.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу