01.03.2022
  719


Автор: Оспан Әлсейіт

ТОРЫ БИЕ ТУРАЛЫ ХИКАЯ

Ауылдағы төрт басқышты мектептің соңғы сыныбын бітіріп, бесінші сыныптан бастап кеңшар орталығындағы орта мектепке қатынап оқи бастадық. Оқушыларды тасымалдауға арнайы бөлінген көлік бар. Бірақ ескі, жүргенінен тұрғаны көп. Жиі бұзылып қала береді. Ондайда амалсыздан шұбырып, жаяу-жалпылап ілінген көлікке мінеміз. Бірде жолай жүретін маршруттық автобусқа, бірде жүк машинасына, болмаса трактордың тіркемесіне мінеміз. Әйтеуір, не тоқтаса соған жапа- тармағай ұмтылып лап береміз.


Сабаққа уақытылы баратын кезіміз аз. Кейде бірінші сабақтың аяғында, кейде екінші сабақтың басы дегендей



  • оқуымыздың берекесі кетті. Мектеп пен ауыл арасы – бес-алты шақырымдай жер. Жер қара, күн жылыда ештеңе емес. Ал жауын-шашында, лайсаң кезде қатты қиналасың. Бір сыныпта оқитын бес-алты бала жаяулап қайтқан кезде, шаршасақ жол-жөнекей демаламыз. Сол кезде сөз ететін нәрсеміз – осы жол азабынан құтылу жайы. Әркім әртүрлі ұсыныс айтады. Кәдуілгі ересектердей ақылдасамыз. Біреулер бәріміз бірдей велосипед сатып алайық, бірге барып, бірге қайтамыз дейді. Бірақ, үлкен жолда велосипедпен жүру қауіпсіз де емес. Әрлі-берлі


 


ағылған машина. Әйтеуір ұсыныс көп, шешім жоқ.


Мен: «Онан да бір-бір тай сатып алайық. Онсыз да тайға мініп үйренгенбіз. Сабаққа мініп барып бір үйге байлап қоямыз, қайтарда мініп қайтамыз», – дедім.


Менің ұсынысым бірден бәрінің көкейіне қона кетті.


«Ой мынауың табылған ақыл болды ғой», – деп балалар қостай жөнелді. Бірақ, тай бір-екі балада ғана бар болып шықты. Бұл жай бізге кедергі бола алмады. Әке- шешеміз сабаққа қатынау үшін керек десек, әрине тай сатып әпереді. Оның үстіне, тай аса қымбат та емес қой үлкен жылқыдай. Мәселенің осылайша оп-оңай шешім тапқанына бәріміз қуанып кеттік.


Ауылға келген соң, үйді-үйімізге тарап кеттік. Үйге жақындай бере көзім есік алдында байлаулы тұрған құйрық-жалы төгілген торы биеге түсе кетті. Қанақтікі дейін десем, үстінде ер-тоқымы жоқ. Құдды осы үйдің жылқысындай алаңсыз ақырдағы шөпті күрт-күрт шайнайды.


«Әкем сатып алды ма екен» деген ойдан жүрегім лүпілдеп, табалдырықтан аттасымен:



  • Апа, апа! Ана бие кімдікі? – дедім сыртты нұсқап асығып-аптыққан күйі.

  • Кімдікі болушы еді, біздікі, – деді апам ештеңке болмағандай, жайбарақат үнмен. Мұны естігенімде қуанышым қойныма сыймай кетті. Жана ғана балалармен тай туралы сөйлесіп келісіп едік, әкем де соны білгендей бие сатып ала қойыпты. Осы кереметке аң-таң қалдым. Бие болған соң, тай да болады, яғни торы бие құлын табады. Апыл-ғұпыл ас іштім де, далаға атып шықтым. Торы биені айналсоқтап қызықтап біраз жүрдім. Жуас екен, жалынын сипап едім, селт етпеді. Сол мезет жаныма әкем келіп қалды да:

  • Балам, қалай, Торы бие ұнады ма? – деді күлімдеп.

  • Ұнауын ұнап тұр ғой, бірақ құлыны жоқ екен, – дедім


 


желкемді қасып, күмілжіп. Әкем менің көкейімде қандай ой жатқанын қайдан білсін.



  • Буаз екен, құдай қаласа, көктем шыға құлындайды, – деді әкем.


Бұл сөз менің көңілімді одан сайын тасытты. Бұл арманым – торы бие құлындап еркек құлын тапса, сол құлын өсіп тай болса, сабаққа мініп барсам. Есіл-дертім, арман-тілегім, тәтті үмітім, бәрі-бәрі – сол. Ертелі-кеш торы биені айналдырам. Әлі мал тұяғы тимеген шөбі шүйгін жерге арқандаймын. Екі-үш мезгіл суғарам. Бұрын мал жайғауға онша құлқым болмайтын. Торы биеге неге ықыласым түскені өз-өзінен белгілі ғой. Ертерек еркек құлын тауып берсе, соны тай ғып мінсем. Екі-үш сағат сайын ауыстырып, жаңа жерге арқандаймын. Кешкісін жетектеп үйге алып келемін. Тағы да шөп саламын, су беремін. Ұйқыға жатқанша тыным таппаймын. Әкем дән риза: «Мың балаға не болған өзі! Бұрын мың айтып бұзауға бір бау шөп салдыра алмаушы едік. Ешкім ештеңе айтпаса да, торы биені бағып-күтуді өз мойнына алыпты ғой», – дейді күліп.


Сабақтан келген соң, тамағымды ішіп алам да, қолтығыма кітабымды қысып, торы биенің жанына жетем. Оңашада: «Торы бие, сені мен босқа бағып-қағып жүрген жоқпын. Маған міндетті түрде еркек құлын тауып бере гөр. Басқа балалардың алдында мені масқара қыла көрме», – деп онымен сөйлесіп қоямын. Ақыл-есі жоқ жануар не түсінсін, шөпті күрт-күрт шайнап, маңғазданып тұра берді.


Жатсам да, тұрсам да торы биені, болашақ дүниеге келетін құлынды ойлайтын болдым. Бұрынғыдай балалармен ойнағым да келмейді. Қолым қалт етсе бар ермегім – торы бие. Құйрық-жалын тараймын. Астын тазалаймын, жем-шөбін беремін. Ұйқыға жатсам торы биені ойлап көзім ілінбейді. Көз алдыма ертегі-жырларда


 


айтылатын Тайбурылдар, Байшұбарлар елестейді. Небір тәтті қиялдарға берілем. Сол ойлардың әсері ме түсіме ылғи жылқылар кіретін болды. Бірде түсімде торы биені көрдім. Құлындаған екен. Құлынының жамбасы, сауыры, жон арқасы түп-түгел алуан түсті қошқар мүйіздес өрнек оюлар. Тұп-тура сырмақтағыдай. Мына кереметке таң қалып айғайлап жібере жаздадым да, оянып кеттім.


Тағы бір түсімде торы бие құлындапты. Қарасам, құлынының қолтығында құстың қанатындай қос қанаты бар. Шапқыласа құс сияқты аспанға көтеріліп кетеді.


«Япырай, бұл не деген ғажап», – деп таң-тамаша қалған күйде көзімді ашсам түсім екен. «Ту-у, торы бие қашан құлындар», – деп әкемнен сұрамаққа бекіндім.


Құлындайтын мезгілінің жобасы наурыздың аяқ тұсы, сәуірдің басы екен. Малшылардың қыстаудан жайлауға көше бастайтын кезі. Бір күні біздің үй де көшті. Үлкен ағам өз атына мініп, торы биені жетекке алды. «Торы биенің құлындап қалуы мүмкін, абайлап қарап жүр» – деп тапсырып жатырмын ағама. Мектепте оқитындар қыстауда қалып қойдық. Күндегі ермегім торы бие еді. Енді сабақтан келген соң үйге сыймайтын болдым. Ертелі- кеш ойлайтыным торы биенің аман-есен құлындағаны, құлындағанда құлын міндетті түрде еркек болуы керек. Екі құлағым жайлау жақта. Жүрегім өрекпіп торы биеден дерек күттім.


Көктемгі каникул басталып, жайлауға кететін болдық. Өзім де әзер шыдап жүргем. Қуанышым да шек жоқ. Көңілім де үміт те бар, күдік те бар. Тезірек торы биені көргім келді.


Бәлкім, құлындап та қалған шығар. Сол ойлар жетегімен үйге жеткенімді де аңғармай қалыппын. Киіз үйдің жанында тұрған торы бие көзіме оттай басылды. Қасында құлдыраң-құлдыраң етіп бір құлын жүр. Жақында құлындағаны болуы керек, төрт аяғын тең баса


 


алмай тәлтіректейді, қуанып есім шығып кетті. Үйге кірмей жатып әуелі торы биенің жанынан келдім. Еңкейіп құлыншақтың асты-үстіне қараймын. Құлын еркек болмай шықты. Көңілім су сепкендей басылды. Қанша ай, қанша күн зарыға күткен үмітім ақталмады.


Көзімнен жас парлап қоя берді. Солқылдап жылап та жібердім. Жылап жүріп сөйлеп жүрмін: «Торы бие, сені бар ынта-шынтаммен бағып күтсем де, үмітімді ақтамадың ғой», – деймін. Жылағаннан көзім бұлаудай болып кетті. Мұздай бұлақ суына беті-қолымды жудым да, үйге кірдім.



  • Неге жылағансың, біреу-міреу тиісті ме? – деп үйдегілер сезіп, біліп қойды.

  • Жылағам жоқ, көзім ауырып тұр.

  • Е-е, бұл торы биеге өкпелеп жүр. Еркек құлын тумады деп. Адам хайуанға өкпелей ме, – деді ағам күліп. Мен оған бұл туралы ештеңе айтқан жоқ едім, қайдан біліп алғанын.

  • Сен де қайдағыны айтады екенсің, бұл әлі бала ғой, – деп анам мені қорғаштай берді.


Мен қайтадан жылап жібердім.



  • Қой, жылай берме! Еркек тай керек болса сатып-ақ әперейін, – деді әкем.

  • Шынымен бе, – дедім көз жасымды сүртіп.

  • Қалжыңдап тұрғаным жоқ. Бірақ ол тайды не істемексің? Соны білгім келеді.

  • Балалармен келісіп, бәріміз тайға мініп сабаққа бармақ болғанбыз, – дедім шынына көшіп.

  • Баламысың деген. Олай болса баяғыдан бері айтпайсың ба, – деді әкем мейірленіп. – Бірақ тайды әперуін әперем-ау. Соның қажеті шамалы-ау ма деймін.

  • Неге, – дедім әкем айнығалы тұр екен деп.

  • Неге десең, ауыл басшылары сендерге судай жаңа автобус алдырыпты. Ертеңнен бастап оқушыларды


 


тасымалдайтын көрінеді, – деді әкем сөзін нықтап.



  • Рас па? – дедім әлі де сеніңкіремей. Шынымен солай болып шықты. Ертеңіне көздің жауын алғандай су жаңа автобус бізді күтіп тұрды. Автобус жүргізуші Бейсенбай ағай сонау Ресейдегі Қорған қаласынан өзі «қуып» келіпті. Ол кісінің сөзі солай. Жолмен, өз жүрісімен айдап келген ғой. Жаңаның аты жаңа емес пе, автобустың қызылды- жасылды шамдары жанып, радиоқабылдағышы іске қосылып музыка ойнағанда есіміз шығып кетті. Сабаққа тиіп-қашып баратындар да сабақтан қалмайтын болды, автобусқа қызығып.


Торы бие одан кейін қатарынан үш жыл еркек құлын тапты. Торы биеге өкпелегенім есіме түссе, өз-өзімнен ұялам. Қайран, балалық-ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу