01.03.2022
  542


Автор: Оспан Әлсейіт

БІР СӨМКЕ ҚАТҚАН НАН

 


Ұлтуған әжейдің жасы биыл үш кем сексенде. Құдайға шүкір, жасы егде тартса да, қажып отырып қалған жайы жоқ. Ертелі-кеш түртінектеп тыным таппайды. «Әже-ау, демалсаңызшы, несіне әуреленесіз» – деген баланың да, келіннің де сөзіне құлақ аспайды. Жалғыз сиыр мен бес- алты тұяқтың жемі мен шөбін беру, астын тазалау өзінің жұмысы. Бір жаққа шыға қалса да уайымы сол: «Жоғалып кетпеді ме, шөбін уақытылы берді ме екен?» – деп дегбірі қашады. Екі сөзінің бірі – сол. Ол жұмысты өзінен басқа біреу атқарса, оған сірә да көңілі толмайды. Әйтеуір бір кінәрат табады. Содан ба бұл үйдің адамдары қора жаққа беттей бермейді. Ұлтуған әжей ертемен тұра салып, май шайқайды бірер сағат. Содан үлкен бір іс тындырғандай маңызды түрмен пеш түбіне отыра қалып, келіні демдеп берген қызыл шайды сораптайды-ай дейсің. Шайы құрғырға үйір емес еді. Оған да үйренді. Шай шіркін, ерніңе тиісімен бойыңды жіпсітіп, қай-қайдағыны еске түсіреді ғой. Асқа баяғыдай зауқы жоқ. Бір уыс кұрішті суға салып, бір қайнатып не сүт, не айран қатып жіберіп бір тостағаннан ішіп жіберсе, әрі тамақ, әрі сусын. Сүйкімді де, сіңімді ас.


Кейде бір-екі кесек ет тістей қалса, онсыз да әупіріммен жүрген асқазаны бүреді-ай келіп, бүреді. Шаруадан қолы босай қалса ермек етері – немерелері. Ұлтуған әжей ерте шыққаннан кейін жеті рет құрсақ көтереді. Ол кезде қазіргідей дәрігер қайда. Алды бір жасар, арты үш жасар


 


кезінде бесеуі шетінеп қалды. Екі ұл ғана аман жүр.


«Бұған да шүкір, берген құдай өзі алады» – деп, Ұлтуған әже тәубе етіп отыратын. Екі ұлдан туған немерелерінің саны он бестен асып жығылды. Шөберелерінің саны да біразға келіп қалды. Алғашқыда немерелері ыстықтау сияқты еді. Енді шөберелері де одан да ыстық сияқты көрінеді көзіне. Ұлтуған әжей қазір үлкен ұлдың қолында, үлкен ұлдың тұңғышы – қыз бала, одан кейінгісі ұл. Өзінен туған қыз болмаған соң, сол тұңғыш қызды бауырына басқан. О неме кішкентай кезінде қасынан бір елі аттап баспайтын. Кімнің қызысың десе, «әжемнің қызымын» дейтін. Еркелетіп өсірді. Орта мектепті бітірді, институтқа түсті. Сөйтіп жанынан біртіндеп алыстай берді. Ақырында оқу бітіріп, Алматыда қалып қойды. Енді сонда тұрмыста. Үлкен ұлдың кіші қызы да бар. Оқуын бітіріп, екі-үш жыл жұмыс істеп, көрші ауылға тұрмысқа шықты. «Жақын жерге барды ғой», – деп қуанып қалып еді. Ол да күйеуімен Алматыға тартып кетті. Енді екі қыз да Алматыда. Ұлтуған әжей қыздарына қыс ортасында барып, көктем шыға ауылға қайтатын. Биылғы жыл екеуін бірдей уайымдап, жолға шыққанша тағат таппады. Азды- көпті етін, қазы-қартасын, сүт-майын, сақтап жүрген құрт-ірімшігін алып пойызға отырды. Вокзалдан бәрі құшақ жайып қарсы алды. Ат басын әуелі үлкен қыздың үйіне бұрған. Үйге кіріп, шай ішіп алысымен кіші қызын шақыртқан. Қыздың екеуі қаланың екі шетінде. Содан отыра қап сый-сыбағасын теңдей етіп екіге бөле бастады.


«Апа-ау, өзіміз-ақ реттейміз ғой», – дегенге көнбеді. Оны тыңдар Ұлтуған әже емес. Бәрін өзі жайғастырды. Алғашқы екі-үш күн онша зеріге қоймаған еді, бірақ кейін іші пыса бастады. Таң алагеуімнен қызы да, күйеу бала да өре түрегеліп жұмысқа, немерелері балабақшаға кетеді. Алды сәскеде, арты ымыр түсе оралады. Күнде солай. Кешке ештеңе емес, күндіз қиын. Тілдесер ешкімі жоқ.


 


Ауыл емес жолыққанмен шүйіркелесе кететін. Содан бір күні ашуланып қалды. Ашуланбас еді, бәрі сол үш-төрт кесек қатқан наннан басталды. Ас ішетін бөлмеде отырған. Үлкен қызы дастархан жинап жүрген. Бір кезде үш-төрт кесек қалған нанды тамақ қалдығын салатын шелекке тастасын. Мұны көрген Ұлтуған әжей айғай салды.



  • Әй, қыз, ал ана нанды, обалы қайда, обалы. Бұларың не, тойғандарың ба? – деп.

  • Әже-ау, енді не істеймін, шелекке тастамай, қайда тастаймын? Жұрттың бәрі солай етеді. Ауыл дейсіз бе қатырып, кептіріп талқан жасайтын?! – деп ақталып жатыр үлкен қыз.


Ұлтуған әжей үндеместен орнынан тұрып шелектегі нанды теріп алды. «Мен осы үйде неге жатырмын. Әлде жататын жер таппай келдім бе? Апармайсыңдар ма түге анау серіктеріңе, зопәрктеріңе. Жұмыс көп, уақыт жоқ дейсіңдер. Ертең ауылдағы кемпірлерге не айтамын, не көрдің десе? – деп ашуға басты-ай келіп содан.



  • Әже-ау, бұл ауыл емес. Жұмысқа уақытылы барып, уақытылы қайту керек. Ертең демалыс.

  • Циркке, зоопаркке де апарамыз, – деп қыз да, күйеу балада қалбалақтап қалды. Ұлтуған әжей шын ашуланған жоқ еді.

  • Шырақтарым, мен бар да мына шелекке нан тастамаңдаршы. Ауылға ала кетейін, бұл нан ғой, нан, – деді де көзіне жас үйіріле. Ертеңіне Ұлтуған әжей көшеге шығып серуендеді. Көзі жол жиегінде тұрған қоқыс салатын темір жәшік жанында шашылып жатқан нанға көзі түсті.

  • Сұмдық қой, мынау, сұмдық қой, – деді зығырданы қайнап.


Дауысы қатта шыңып кеткен Ұлтуған әжей шашылып жатқан нандарды теріп алып, үйге қайта оралды.


Есіне сонау ашаршылық кезіндегі, соғыс уағындағы,


 


одан кейінгі болған нан тапшылығы түсті. Бір үзім нанға зар болып, көз алдында қанша адам жан берді. Еріксіз көзіне жас алды. Ертеңіне Ұлтуған әжей өзі айтқан серікке де, зопәркке де барды.


Содан қайтуға жинала бастаған. Үйден шығар кезде:



  • Әй, шырақтарым, анау қатқан нан салған сөмкені ұмытып кетпеңдер, – деп қайта-қайта тапсырып жатты. Вокзалға келген соң тағы да: – Қатқан нан салынған сөмкені ұмытқан жоқсыңдар ма, – деді дегбірі кетіп. Пойыздан үлкен ұлдың өзі күтіп алды. Үйге келген соң базарлық таратылып біткен соң келіні:

  • Апа-ау, әне бір сөмкеңде не бар? – деді.


Ұлтуған әжей: – Қатқан нан ғой, – деді жайбарақат қана. Ұлы:



  • Апа-ау, бір түрлі болып кетіпсіз ғой өзіңіз. Сонау Алматыдан қатқан нан жинап келетіндей сізге не болған,



  • деді күліп. Оған ілесе немерелері де ду күлді.

    • Қалаң құрысын, нан дегенің үйде де, сыртта да аяқасты болып жатады. Тойғандары ма, шіркіндердің! Әй, заман-ай, – деп Ұлтуған әжей басын шайқады да, сыртқа шығып кетті.






Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу