01.03.2022
  124


Автор: Оспан Әлсейіт

ЕСКІ ТАНДЫР

Жазғы демалысым аяқталуға жақын. Азғантай қауын- қарбызды суғарып түс әлетінде үйге оралдым. Кіре бергенім сол еді, радиодан ән айтылып жатыр екен.


«Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған, Сағынышым – сары ормандай самсаған...»


Мен аяқ киімімді шешпестен, тыңдап тұра қалдым.


Апам:



  • Қауын қалай екен? – деп еді, мен саусағымды ерніме тақап тоқтай тұрыңыз дегендей ишарат білдірдім. Неге екенін білмеймін, осы бір ән ылғи мені баурап алады. Шынында да: «Менің әжем қандай кісі болған екен»



  • деп ойланам. Әйтеуір, тек мейірімді жан ғана болып елестейді. Бар білетінім, мен екі жасқа толар-толмаста қайтыс болған.


Апам үн-түнсіз дастархан жайды. Шай үстінде: – Әжем туралы әңгіме айтыңызшы, – деп қиылдым. Бұл менің көкейімде көптен жүрген болатын. Апам: «Сен де қай- қайдағыны сұрайды екенсің?» – деп қояды. Онысында зіл жоқ.


 



  • Иә, жарықтық жақсы кісі еді ғой, – деді апам бір түрлі мұңайып. Мен одан әрі қазбалай қойған жоқпын. Тек апам: «Балам, бүгін ескі жұртқа барып қайтайықшы», – дегенде елең ете түстім. Ескі жұрт бұрын біздің ауылдың отырған жері. Ол жерге сонау алпысыншы жылдары Өзбекстаннан көшіп келгенбіз. Алғашқы кезде жергілікті адамдар біздің ауылды «өзбек ауылы» дейтін. Өйткені олар өзбекше мен қазақша шатастырып сөйлейтін. Ауыл Арыстың жағасында. Көктемде тасыған су кей үйдің табалдырығына дейін келетін. Кей үйді алып та кететін. Кейін совхоз өзеннен жырақтау жерге жаңа үйлер салды да, ауыл түгелдей сол жаққа көшті. Ал әжем сол ескі жұртта қайтыс болған. Бала кезде сол ескі жұртқа барып ойнайтынбыз. Оған да жиырма жылдың жүзі болып қалыпты. Апамның: «Барып қайтайық» деген тілегіне қуана қосылдым. Балалық шақтың ескі іздерімен қайта жүрудің өзі ғанибет қой. Қамдана бастадық. Апам орталау табаққа ұн салды. Шай ішетін бір-екі кесе, тұз алды. Оның бәрін өзі бір жаққа қыдырғанда ғана алатын қызыл сөмкесіне салды. Мен іштей: «Ұнды не қылады?»



  • дедім де үндемедім. Сонан соң ескі сандықты ашып, ішінен ораулы бірдеңе алып шықты. Оның не нәрсе екенін білемін. Сыртының күйесі екі елідей күйелеш-күйелеш қара құман. Апам: «Әжелеріңнің шай қайнатып ішетін құманы», 0 деп қастерлейтін.


Апам екеуміз ескі жұртқа қарай бет алдық. Мен жеткенше асығып келемін. Күн ыстық екен, оны елеп келе жатқан біз жоқ. Жаңбыр әбден мүжіген ескі дуалдар көзге шалынысымен-ақ жүрегім дүрс-дүрс соқты. Апам да қалың ойдың құшағында. Бір кезде апам:



  • Анау шеткісі біздің үй, – деді. Танымағанда ше, осы үйде дүниеге келіп, ес білгем, жылағам, ойнағам, күлгем, қиялданғам. Біз жақындай бергенде дуалдардың арасынан пыр етіп жабайы кептерлер ұша жөнелді. Үйдің


 


тек қауқиған қабырғалары ғана қалыпты. Менің назарым сол қабырғаларда. Ал апам естілер-естілместей:



  • Со бойы тұр екен ғой, – деді. Мен:

  • Не, не, – дедім.

  • Мына тандырды айтам, нан пісіретін...


Тандыр сол қалпы екен. Айналасын шөп басып кеткені болмаса. Мен ескі кетпен тауып алдым. Апам төрт-бес тал жусан сындырып әкелді.


.– Сен шөбін тазала да, өзеннен су алып кел. Мен сыпырып шығайын, – деді апам көңілді үнмен. Мен асқан ыждақаттылықпен тандырдың айналасында бір тал шөп қалдырмай қырнап шықтым да, суға кеттім. Келсем, апам дуалдың көлеңкесіне кішкене алаша төсепті. Тандырдың маңына біраз тезек, жыңғыл жинап қойыпты. Мен аң-таң қалып тұрмын: «Апам тандырға нан пісірейін бе?» – деп. Соны сезгендей апам:



  • Қазір нан пісіреміз, – деді көйлегінің жеңін түріп жатып.

  • О, апа, пісіріңізші тандырдың нанын сағындым, – дедім. Апам ұнды табаққа салып қамыр илеуге кірісті. Мен жерден кішкентай шұңқыр қазып су құйылған қара құманды қойдым да, айнала тезек қалап от жақтым. – Тандырға да от жаға сал, – деді апам қамыр илеп жатып. Әбден қурап кепкен тезек пен жыңғыл лап етіп жана жөнелді. Қызған тандырдың ішкі беті біртіндеп ағара бастады. Осы кезде шай да қайнап қалды.

  • Сен шай демдей бер, мен нан жапсырайын, – деді апам. Осы бір кәсібін сағынып қалғандай құлшына кірісті. Тандырдан бетке ұрған ыстық лепті елер емес. Қимылы ширақ. Нанды жапсырып болысымен: – Қазір піседі, – деді маңдайының терін сүртіп жатып. Мен шайды дайындап қойғам. Біраздан кейін апам тандырдан біркелкі қызарған қызыл күрең күлшелерді алып жатты.


 


Маған біреуін ұсынып:



  • Сен жей бер, қарның ашқан шығар, – деді.


Менде тандыр нанға деген тәбеттен гөрі әуестік, сағыныш басым еді.



  • Апа, тамаша пісіпті, дәмді екен, – дедім. Апам тандырдағы бар нанды алды да шайға отырды. Наннан


«бісмиллә» деп бір үзіп алды да: – Бұл наннан қол үзгелі де біраз уақыт болыпты-ау, – деді. Менің сүйсіне жеп отырғанымды көріп, қуана күлімдеп қойды. Шайдан ұрттап қойып әңгіме айтып отыр.



  • Мына тандырды жасаған әжең еді.

  • Қалай сонда, одан бері біраз уақыт өтсе де бұзылмай сақталған, – дедім таңдана.


Апам әңгімесін ары қарай жалғастырды.



  • Мен келін болып түскенде бұл ауылдың әйелдерінің бәрі нанды тандырға пісіреді екен. Ал, біздің ауылда табаға жабатын. Алғашқы кезде нанды көрші үйдің тандырына пісіріп жүрдім. Бұрын тандырға нан пісіріп көрмегенмін, әбден әбігерге түстім. Оның үстіне көрші әйел нан пісіріп алғанша тосып отыратынмын. Бұл қиналысымды сезген әжең бір күні азанғы шай үстінде:

  • Келін, жинал, бүгін суы тартылған ескі көлдің табанынан тандырға саз әкелеміз, – деді.

  • Ене-ау, неғыласыз әуре болып, табаға пісіре бермеймін бе, – дедім.

  • Қой, шырағым, қашанғы біреудің тандырына пісіресің. Бәрібір керек болады, – деді менің сөзіме құлақ аспай.


Ол кезде аздап ауырып жүрген болатын. Қайратты кісі еді, онысын сездірмейтін. Содан саз алып келдік. Бір-екі күн суда тұрып жұмсарған соң, үлкен тулақтың үстіне салып әжеңнің өзі балақ-жеңін түріп алып иелеуге кірісті.



  • Ене-ау, үсті-басыңызды былғап қайтесіз, ауырып қаларсыз, – дедім.


 



  • Мені ауру-мауру дегендерді қойыңдар, – деп кейіп тастады. Ешкінің қылын қосты ма, тағы бірдемелер қосты. Оларының не екенін білмей қалдым. Қуаныштан көз алдыма жаңадан тұрғызылған тандыр елестей береді. Түс әлетінде жұмыстан оралған әкеме тандырдың аумағындай шұңқыр қаздырды. Әжем сазды илеуді сәске түсте бастап намаздігерде аяқтады. Мен жәрдемдесейін десем жолатпайды. «Онан да байқап тұр, ұнамаса кейін өзің жасап аларсың», – деп жымиып қояды, шаршағанын білдірмейін дегендей. Содан соң илеуі қанған саз балшықты тандырға шақтап қазылған шұңқырдың табаны мен қабырғаларына жұқартып жапсырып шықты. Ішкі бетіне қайта-қайта су сеуіп, теп-тегіс етіп алақанымен сылады.

  • Міне, құдай қаласа, бір аптадан кейін дайын болады,



  • деді маңдай терін сүртіп. Шілденің күні қойсын ба, тандыр әп-сәтте даңғырап кеуіп шыға келді. Оған дейін қоятын орын дайындап қойғанбыз. Әжең қояр кезде де басы-қасында жүрді. Дайын болғанда:

    • Ал, шырағым, бүгін нан пісіріп көр қалай болар екен, – деді. Нан піскенше жанымнан шықпады. Онша жақсы шықпағанын сезсем де ол кісі:



  • Жақсы пісіпті. Әлі-ақ үйреніп кетесің, – деп жұбатып қояды.


Содан көп ұзамай-ақ үйреніп кеттім. Анда-санда:



  • Табаға жауып қиналып жүр едің мына тандыр жақсы болды-ау, – деп қояды көңілденіп.

  • Шіркін, жыңғылдың шоғына піскен тандыр нанға не жетеді.


–. Ал, мен болсам іштей риза болып жүрдім. Содан күзге салым әжең төсек тартып жатып қалды да көп ұзамай көз жұмды. Ол кезде сен екі жасқа толып қалған едің, – деді апам. Алғашында шай ішкеннен терлеп отыра ма десем, көзіне жас алып отыр екен.



  • Апа, қойыңызшы, мұнда мүлде бекер келген екенбіз,


 



  • дедім әдейі.


Ал өзім мұнда келгеніме қуаныштымын.



  • Жоқ, балам, келгеніміз дұрыс болды. Әжеңді ұмыта бастаған екенбіз аруағы кешіре гөрсін, – деді апам. Жарықтық мені өз қызындай көруші еді, ал мен ол кісіні өз анама балаушы едім. Мен анамның жастайынан жетім қалып, аға-жеңгесінің қолында өскенін білуші едім. Кейде апам сол жеңгесінен көрген қорлығын есіне алып, жылап алатын.

  • Келін боп түсердің алдында, әжеңнін мінезінен шошып қалғанмын, – деді апам әңгімесін жалғастырып.


Әкеңмен біздің ауылда болған бір тойда таныстым. Ұнатып қалсам да, көп кездесе алмай жүрдім. Отырсам опақ, тұрсам сопақ дейтін қаһарлы жеңгем үйден бір қадам шығармайтын. Не істерімді білмей дал болдым. Жеңгеме сездірсем, бұрынғы күніме зар боларымды түсіндім. Қол ұстасып қашып кетуге қорықтық. Бұл әңгіме әкең арқылы әжеңе жетіпті. Бір күні кешкі асқа отыра қалғанымыз сол еді, жол үстінде аттылы арба, атқа мінген әйел көрінді. Жақындап келе бергенде байқадық, атта отырған кемпір екен.


Жеңгем:



  • Ана кемпірдің атқа отырысының мығымын-ай, – деді. Сөй дегенше болмады, біздің үйдің алдынан бір-ақ шықты. Арбадан бір жігіт, бір-екі шал түсті. Ағам әжеңді аттан түсіріп, атын байламақшы болып еді, ол аттаң шапшаң түсіп:

  • Өзім, өзім, – деді жолатпай. Шәуілдеп үрген итке назар аудармастан ширақ басып үйге беттеді.


Дастархан жайылып, шай жасалды. Осы кезде әжең келген шаруасын айтты:



  • Екі бала бірін-бірі ұнатып қалған екен. Оған қалай қарайсыңдар? – деді бірден.


Жеңгем: – Үй-бай құдағи-ау, қызымыз әлі жас қой, –


 


деді мүләйімсініп.


Әжең:



  • Тәйт, әрі. Он сезіздегі қыз жас бола ма өзі. Ұнатса бетін қайтарма.


Ағам тумысында бос болатын.



  • Қайдам, – деді ештеңе білмей.


Әжең осы үнсіздікті пайдаланып, бұрышқа тығылып отырған мені шақырып, мейірлі үнмен:



  • Кел, шырағым, – деді. Мен имене, тартыншақтана қасына келдім. – Ұялма, қалқам, келе ғой, – деді. Мұндай жылы сөз естімеген менің көңілім босап кетті. Мұнымды байқап қалған болуы керек әжең:

  • Онда сөзді несіне көбейтеміз. Іс бітті, – деді.

  • Сен қарсы болмасаң, шырағым, – деді әжең маған күлімсірей қарап. – Өзіңді қазір алып кетеміз. Несіне ырғалып-жырғаламыз. Алыс-беріс, киіт-пиіттеріңді ел қатарлы береміз, – деді аға-жеңгеме қарап.


Мен таң болып отырмын. Аға-жеңгем бірдеңе деп міңгірлеген болып еді, оны ол кісі құлағына да ілген жоқ. Жеңгем мені қимаған боп жылап жүріп киімдерімді жинап жүр. Мен қай киім бар дейсің, бар болғаны бір түйіншек қана болатын. Үйден шыға бере ауыл қыздарының әдетінше сыңси жөнелдім. Бірақ ауылдан шыға бере көзіме бәрі ыстық көрініп кетті. Тіпті жеңгемді де аяп кеттім. Әжең екеуміз арбада отырмыз. Кіп-кішкентаймын ғой. Әжең бауырына қысып алды. Ағыл-тегіл жылап келем. – Қарағым қоя қойшы, қоя қойшы, – деп емірене кеп маңдайымнан иіскейді. Осыншама мейірімге бөленген мен қуаныштан жылап келемін. Содан келін боп түстім. Ауылда алғашында келінге бәрі сын көзбен қарайды емес пе? Сөзің де оғаш, қылығың да – әңгіме. Ондай әңгімелерді әже құлағына да ілген жоқ. Мен де ол кісінің көңілінен шығуға тырыстым. Көзі тірісінде маған бірде- бір рет дауыс көтерген жоқ. Көз жұмарында маңдайымнан


 


иіскеп: «Ризамын, келінжан, ризамын», – деді.



  • Ол кісінің жоқтығына көпке дейін үйрене алмай, тандырға жақындасам болды көзіме жас келетін, – деді апам мұңды жүзбен.


Осы тандырды әжеңнің көзіндей көруші ем. Орталыққа көшерде әкеңе тандырды өзімізбен бірге ала кетемін деп ем:



  • Онда нанды дүкеннен аламыз ғой, қажеті не, – деді. Абысындарым да: «Үйбай-ау, оның не?» – десті. Менің бұл ойымды олар түсінбеді, мен бәрін айта алмадым.

  • Әжеңнің көзіндей болған бұл тандыр осы ескі жұртта қала берді. Оған да біраз уақыт болыпты-ау, – деді апам әңгімесін аяқтады. Біз шай ішіп болғанша, күн батуға таяп қалды. Апам жинала бастады. Жиналып болысымен қайтадан су сеуіп тандырды, айнала сыпырып шықты.


«Таза болып тұрса, періштелер келеді», – деп қояды.


Содан соң: – Ал, қайтайық, – деді.


Менің біртүрлі кеткім келмей тұрды. Апам екеуміз ауылға қарай аяңдап келеміз. Мен ескі жұртқа қарайлай, қарайлай берем. Қимастық сезім аяғымды тұсаулап тастағандай, жүрісім өнбей кібіртіктеніп келем. Апам тандырды толтыра тезек салып, от жаққан:



  • Әжеңнің әруағы келіп жылынады, – дейді.


Ауылға жақындап қалдық. Ескі жұрттағы, ескі тандыр шоқиып отырған әжем сияқтанады. Бықсыған жыңғылдың түтіні тандырды айналып көлбең-көлбең етеді әжемнің жаулығына ұқсап. «Қош, қош. Ұмытпай тағы да келіп тұрыңдар» – деген бір үн еміс-еміс құлағыма шалынғандай болды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу